Метапневмовирус: алаңдауға негіз бар ма?

Upd 09.01.2025: Материал сайтында жарияланған мәтіндерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу ережесіне сай өзгертілді. Қытайдағы метапневмовируспен ауырғандар санынының апта сайынғы өсімі 6,2%-ке емес, 0,1-1,2%-ке өсіп отырған. Тұмаумен сырқаттанушылар 6,2%-ке арқан. Оқырмандардан кешірім сұраймыз.

Кейінгі күндері әлеуметтік желілерде Қытайда тарап жатқан вирус туралы ақпарат пайда болды. Кейбір парақшалар «ауруханалар толған, Қытайда метапневмовирус тарап жатыр» деп жазса, енді бірі «Қытайда короновирустан да қауіпті вирус тарап жатыр» деп жазған. Желіде вирустың Қазақстанда тарағаны да хабарланды. Оқырмандардың сұрауы бойынша, Factcheck.kz редакциясы метапневмовирус туралы негізгі фактілерді жинап, қаншалықты қауіпті екенін талдады.

Қытайдағы жағдай

Қытайда желтоқсанның аяғында адам метапневмовирусын (HMPV) жұқтырған адамдар анықталды. 14 жастан кіші балалар арасында метапневмовируспен ауырғандар саны өсіп, бұл ауру Қытайдың солтүстік провинцияларда тарай бастаған. Қытайдың ауруларды бақылау және алдын алу орталығының дерегіне сәйкес, 29 желтоқсанда метапневмовирус індетін жұқтырғандар 0,1-1,2%-ке артқан. Алайда, тұмаумен сырқаттанушылар 6,2%-ке арқан.

«Қызметтік стационарлардың амбулаториялық бөлімшелер мен жедел жәрдем ғимараттарында тұмауға ұқсас аурулардың тыныс алу үлгілеріндегі оң қоздырғыштар негізінен тұмау вирусы, адамның метапневмовирусы және риновирус бар адамдар жатқызылған».

Қытайдың ауруларды бақылау және алдын алу орталығы

Дегенмен метапневмовирус кейбір медиа жазғандай жаңа вирус емес, ДДСҰ-ның мәлімдемесінде метапневмовирус көптеген елде әдетте қыстан көктемге дейін жүретін кең таралған респираторлық вирус. Ұйымның жазбасында бұл вирустың барлық елде бар екені айтылады, алайда кейбір жағдайда жеке көрсеткіш ретінде тұрақты тіркелмейді.

HMPV жұқтырған адамдар кейбір жағдайда бронхит я болмаса пневмониямен ауруханаға жатқызылуы мүмкін, бірақ вирусты жұқтырған адамдардың көпшілігі суық тиюге ұқсас жеңіл белгілерді сезеді, бірақ бірнеше күн ішінде қалпына келеді.

Адамның метапневмовирусы (HMPV) — тұмауға ұқсас, жеңіл жоғарғы тыныс жолдарының инфекциясын тудыратын вирус. Вирусты көп адамның организімі жеңіл қабылдайды, бірақ жас балалар, 65 жастан асқан ересектер мен иммундық жүйесі әлсіреген адамдарға қаупті болуы мүмкін. Вирус алғаш рет 2001 жылы Нидерларндыда анықталған.

Адамның метапневмовирусы туралы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мәлімдеме жасады.

Метапневмовирус туралы ДДСҰ не дейді?

ДДСҰ-ның мәлімдемесіне сәйкес, қыста солтүстік жарты шарда респираторлық инфекциялардың саны артады. Бұл – әдетте маусымдық тұмау, РСВ және hMPV, сондай-ақ микоплазмалық пневмония сияқты басқа да кең таралған респираторлық вирустар сияқты маусымдық эпидемиялармен байланысты. Вирусты жұқтырған адамдар көп жағдайда бірнеше күн ішінде жазылады.

ДДСҰ-ның Еуропалық бюросының басшысы Ханс Клюге Қытайдағы жағдайға қатысты жергілікті билік өкілдеріне сілтеп, аурушаңдық ауқымы мен қарқындылығы өткен жылғы деңгейден төмен екенін мәлімдеген.

Халықаралық эксперттер де вирустың кең таралуын қыс маусымымен байланыстырады. BBC арнасының жарияланымында Аустралиядағы Флиндерс университетінің эпидемиологы Жаклин Стивенстің «вирустың өсуі қыста байқалатын қалыпты маусымдық өсу болуы мүмкін» — деген пікірі айтқан. Қытайдың сыртқы істер министрі Мао Нин де «респираторлық инфекциялардың шарықтау шегі әдетте қыс мезгілінде болады»дейді. Бұл виирус туралы еліміздің денсаулық сақтау министрлігі де пікір білдірді.

Қазақстандағы жағдай: министрлік мәлімдемесі

Қазақстанның денсаулық сақтау министрлігі вирустың көптеген елде ондаған жылдар бойы тараған классикалық вирустардың бірі екенін айтқан. Яғни бұл — жаңа вирус емес. Қазіргі күні елімізде метапневмовирус 30 адамнан анықталған. Министрлік вирустың таралуын тұмау ауруларының маусымдық өсу кезеңімен байланыстырады. Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің мәліметінше, эпидемиялық маусымның басында тұмауға жатпайтын вирустардың 8 360 үлгісі анықталған.

Вирустың симптомдары, таралуы, профилактика шаралары

Вирустың негізгі белгілері жөтел, мұрыннан су ағу, ентігу, тырысу, бас ауруы. Нақты емдеу жоқ, симптоматикалық емдеу қолданылады. Метапневмовирус негізінен ауа тамшылары және аз жағдайда тұрмыстағы байланыс арқылы беріледі. Қазіргі уақытта HMPV емдеуге арналған арнайы вирусқа қарсы терапия немесе оның алдын алатын вакцина жоқ.

Тұмау мен ЖРВИ-дың профилактика шаралары:

  • адамдар көп жиналатын орындарға, әсіресе жабық үй-жайларға баруды шектеу;
  • үй-жайларды үнемі желдету;
  • қолды тазарту үшін антисептиктерді немесе дезинфекциялық майлықтарды қолдану;
  • ауру адамдармен байланысын шектеу, олардың оқшаулануын қамтамасыз ету;
  • тұмау және ЖРВИ белгілері пайда болған кезде балаларды үйде қалдыру және ұйымдасқан ұжымдарға (мектепке дейінгі ұйымдарға, мектептерге) жібермеу.
  • ауру белгілері пайда болған кезде дер кезінде медициналық көмекке жүгіну.
Денсаулық сақтау министрлігінің ұсынысы

NCBI сайтындағы зерттеуге сәйкес, вирус негізінен 5 жастан төмен балаларға көп жұғады. 2021-2034 жылдар аралығында жүргізілген адам метапневмовирусы туралы зерттеуге сәйкес, тексерілген 4 519 адамның 113-і оң нәтиже анықталған. Вирус негізінен желтоқсан мен қаңтар айларында (6,3%) анықталған. Ал, Clevelandclinic.org сайты балалардағы тыныс алумен байланысты аурулардың шамамен 10-12%-інің себебі метапневмовирус екенін жазады. Жағдайлардың көпшілігі жеңіл. Алайда, балаларда 5-16%-ке дейін пневмония сияқты төменгі тыныс жолдарының инфекциясы дамиды.

Жоғарыда жазғанымыздай метапневмовирустың тұмаудан іс жүзінде көп айырмашылығы жоқ. Ол жұмсақ жоғарғы тыныс жолдарының инфекциясына әкелетін вирус.

Короновирустан да қауіпті ме?

Әлеуметтік желілерде кейбір қолданушылар метапневмовирусты короновируспен салыстырып жазып жатқанын байқадық. Короновирус пен метапневмовирус екеуі де тұмау секілді тыныс алу жолдары арқылы жұғатыны рас болса да, екеуі екі түрлі вирус, оларды салыстыру қисынсыз. Метапневмовирустың көп жағдайда өлімге емес, пневмонияға себеп болады. Ал, басым жағдайда жеңіл өтеді.

Қорытынды

Жоғарыда жазғанымыздай вирус осы уақытқа дейін де тараған. Сондай-ақ, ДДСҰ-ы көптеген елде вирустың тіркелгенін айтып, тек жарияланбайтынын жазды. Кейінгі күндері ақпараттың кең тарауына Қытайдағы індеттің ауыр респираторлық инфекциясын жұқтырғандардың көбеюі себеп болып отыр. Бірақ қазір вирус тарайтын маусым болғандықтан, әзірге даурығуға себеп жоқ. Бұл жаңа вирус емес және өткен жылдары да тараған. Сондықтан Қытайдағы метапневмовирус індеті COVID-19-ға қарағанда қауіптірек екендігі мен әлемге жаңа инфекциялық қауіп төніп тұрғаны – жалған.

Журналист-фактчекер

Factcheck.kz