Манипуляция | Израиль ғалымдары коронавирусқа қарсы дәрі ойлап тапты – вакцинация тоқтатылады

Әлеуметтік желілерде 2021 жылдың 20 шілдесінде «Хабар 24» телеарнасы эфирінде көрсетілген жаңалықтар сюжеті тарап жатыр. Диктор Израиль ғалымдарының коронавирусқа қарсы дәрі ойлап тапқанын хабарлаған. Оның айтуынша, ол бағаналық жасушаны өсіру технологиясына негізделген, оны пайдаланғаннан кейін «өлім аузында жатқан науқастар жазылады және ковидтің ешқандай салдары қалмайды». Әлеуметтік желілерде ақпарат тіптен оптимисті түрде жеткізілген: «Алақай!!! Жақында вакцинация тоқтатылады». Оқырмандарымыздың өтініші бойынша, телеарна сюжетін де, әлеуметтік желілердегі жариялымды да тексереміз.

Үкім: Жалған және Манипуляция

Әлеуметтік желілерде тараған посттағы жалған ақпарат: «Хабар 24» телеарнасының тілшілері жасаған сюжеттің түпнұсқасында COVID-19-ға қарсы вакцинациядан бас тарту туралы ештеңе айтылмаған. Сюжет авторы жаңа препараттың терапевтік әсеріне тоқталып, оның  «ауыр науқастарды жазатынына және ковидтен болған өлім санын азайтатынына» баса назар аударған. Препараттың аурудың алдын алатын әсері туралы әңгіме болмаған.

«Хабар» мен басқа да БАҚ-тардағы манипуляция: ғылыми ортада Израиль ғалымдары ойлап тапқан жаңа препараттың тиімді екенін дәлелдейтін сенімді дерек жоқ. Әзірге олардың қорытындысы 10 адамды ғана емдеу нәтижелеріне негізделген. Оған қоса жалпы бағаналық жасуша терапиясы – аз зерттелген бағыт. Бағаналық жасушаның адам ағзасына қалай әсер ететіні толығымен түсінікті емес.

Ғажайып дәрі туралы біз не білеміз?

Қазіргі уақытта Bonus BioGroup израиьлдік компаниясы COVID-19-дан болған өкпе ауруларын емдеуге арналған MesenCure препаратының қауіпсіздігі мен тиімділігін клиникалық сынақтан өткізудің I/II фазасында тұр. Сынақтар 2021 жылдың қаңтарынан бері жүргізіліп жатыр және, болжам бойынша, 2022 жылдың қаңтарында аяқталады. Оған 35 адам қатысып жатыр. Яғни коронавирус жұқтырған пациенттерге стандартты терапиядан бөлек тәулігіне үш рет көктамырға MesenCure препараты енгізіледі.

Компания сайтындағы пресс-релиз бойынша Хайфа клиникасындағы зерттеушілер 2021 жылдың 26 мамырында MesenCure клиникалық сынақтарының алғашқы фазасының алдын ала нәтижелерін жариялады (рецензиялық журнал бетінде емес, бейінді іс-шарада). Оған COVID-19-дан жағдайы нашарлаған және қосымша аурулары бар 10 науқас – 45 жастан 75 жасқа дейінгі ер адамдар мен әйелдер қатысты. Бір науқас қайтыс болды, бірақ дәріні жасаушылардың айтуынша, оның өліміне коронавирус себеп болған жоқ. Еріктілердің нақты сипаттамалары, ауру тарихы ашық дереккөздерде жоқ. Бақылау тобы болған жоқ.

Көктемде Израильдің денсаулық сақтау министрлігі клиникалық сынақтардың екінші фазасын жалғастыруға рұқсат берді. Оған қосымша 50 ерікті (тек Израильден ғана емес) қатысу керек болатын. Олардың нәтижелерін бақылау тобының көрсеткіштерімен салыстыру қажет.  

Пресс-релиз авторлары алғашқы фазаның нәтижесін «тамаша» деп атады. Еске сала кетейік, клиникалық сынақтардың бұл кезеңінің мақсаты – препараттың қаншалықты қауіпсіз екенін анықтау. Оның тиімділігіне үшінші фаза аяқталған соң ғана баға беруге болады. Оған жүздеген немесе мыңдаған ерікті қатысады деп жоспарланған.

Препаратты жасаушыларға шілденің басында бірінші фазаның қосымша талдауының нәтижесін жариялауға бұл жағдай кедергі болмады. Пресс-релизде олар препараттың алғашқы дозасынан кейін науқастардың қалпына келу мүмкіндігі артады, ал бірнешеуінен кейін көп ағзалық жеткіліксіздік, көктамыр тромбозы, жүрек пен бүйректің зақымдану қаупі төмендейді деп мәлімдеді. Жалпы, препарат коронавируспен ауыратын науқастарда цитокиндік салдарды болдырмас үшін жасалды.

Манипуляция | Израиль ғалымдары коронавирусқа қарсы дәрі ойлап тапты – вакцинация тоқтатылады

Айта кетсек, Bonus BioGroup 2008 жылы құрылғалы бері сүйектерді қалпына келтірудің шешімін табуға маманданған. Компанияның әзірлемелері — сау донорлардың май тіндерінен бөлінген мезенхималық стромальды (бағаналы) жасушаларға негізделген. PubMed-те Вonus BioGroup ғалымдарының қатысуымен екі ғылыми мақала жарияланды: бірінші жағдайда нәтижелер in vitro (пробиркада), екінші жағдайда — қойларға жасалған эксперименттен кейін алынды.

Бағаналық жасушалар және коронавирус

Мезенхималық бағаналық жасушалар қатысатын терапияны ғалымдар пандемияның алғашқы күнінен бастап сынақтан өткізіп жатыр. Қытай мен Израиль ғалымдары әріптестеріне үміт күтерлік нәтижелер туралы хабарлады. Bonus BioGroup зерттеушілері оны 2020 жылдың мамырында жасап қойды. Нәтижелердің бір ғана кемшілігі – олардың рандомизацияланған зерттеулер аясында алынбағаны (яғни, бақылау тобының қатысуынсыз) болды.

2021 жылы әр елдердегі ғылыми ұжымдар тәсілдің рандомизацияланған сынағын бастады. Олар әзірге жалғасып жатыр, нақты қорытынды шығару үшін деректер жеткіліксіз. Ғалымдар коронавирусты бағаналы жасушалармен емдеудің тетіктері мен қауіпсіздігін тереңірек түсіну қажет деп есептейді.

Ресейлік молекулалық биолог және ғылыми журналист Ирина Якутенко мезенхималық бағаналы жасушалар қатысатын белсенді терапия «әзірге тек эксперименттік жасушалық терапия аясында, мысалы, дәнекер тінін қалпына келтіру немесе қабынуды тоқтату үшін және әзірге жануарларда көбірек қолданылады» деп атап өтті.

Табиғатта бағаналы жасушалардың бар екенін ең алғаш 1960 жылдары америка ғалымдары тәжірибе жүзінде дәлелдеді. Олар қанның бағаналы жасушалары еді. Олар 1964 жылдан бері онкогематологиялық ауруларды емдеу үшін қолданылады. Ауруларды емдеуде бағаналы жасушаларды кеңінен пайдалану осы ғана, басқа технологиялар клиникалық сынақтардың әр түрлі кезеңдерінде тұр, деп жазды ПостНаука.

Factcheck.kz