Кликбейт | Өзбекстан азаматы коронавирусты жоятын құрылғы ойлап тапқаны рас па?

“Хабар 24”, kaz.orda.kz және тағы басқа сайттарда “Өзбекстан азаматы коронавирусты жоятын құрылғы ойлап тапты” деген ақпарат тарап жүр. Көптеген сайттар “Хабар 24” арнасына сілтеме жасаған, ал бұл арна тіпті Өзбекстанға арнайы барып сюжет жасаған екен. Біздің редакция бұл ақпараттың анық-қанығын тексеріп көрді.

Мәлімдеме: Өзбекстан азаматы коронавирусты жоятын құрылғы ойлап тапты

“Хабар 24”

Үкім: Манипуляция (Кликбейт)

Бұл ақпарат – кликбейт. Себебі біріншіден, ойлап тапқан құрылғы коронавирусты жоймайды, ол ауа арқылы таралатын белгілі бір вирустарды жоюы мүмкін, бірақ зерттеу әлі аяқталмаған. Коронавирус ауа арқылы таралатындықтан жабық орындағы вирустарды тазалау арқылы зерттеу жүргізілген. Екіншіден, ресми ұйымдарда әлі бұл туралы ақпарат шықпаған, не бір ғылыми журналда зерттеудің нәтижелері жазылмаған. Сондықтан біз бұл ақпаратты растай алмаймыз.

Өзбекстан ғылыми-практикалық орталығының мәліметінше, 2020 жылы 3-8 қараша айында өткізілген инновациялық жобалардың көрмесінде осы құрылғы алғаш рет таныстырылған. Биогенетикалық ғылыми-өндірістік кәсіпорынның директоры әрі жоба авторы Олимжон Юсупов жобаның бірнеше сынақтан сәтті өткенін мәлімдеді. Жоба авторы ауадағы кез келген микробтарды өлтіруге болатындықтан коронавирусты да сынақтан өткізіп көргенін айтады.

Бұл “Хабар 24” не басқа да сайттар атап өткендей коронавирусты жоятын құрылғы деп емес, ауадағы вирустарды жоятын дезинфекциялық-құрылғы ретінде таныстырылған. Мамандар технологияны адам көп жиналатын орындарда, медициналық мекемелерде және жабық ғимараттарда пайдалануды жоспарлап отыр.

Журналист-фактчекер, медиа-тренер, 2017 жылдан бері Factcheck Kazakhstan жобасында қызмет атқарады, "Qazaq Travel" компаниясында SMM маманы қызметін атқарған, MediaNet халықаралық журналистика орталығында және Irex Europe жобаларында медиа-сарапшы

Factcheck.kz