Қазақстан дұрыс тамақтанбау көрсеткішінде алғашқылардың қатарында ма?

Сәуірдің 5-де өткен үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният қазақстандықтардың тамақтануына қатысты бірнеше дерек келтірді.

Министрдің “Қазақстан … дұрыс тамақтанбайтын 21 елдің арасында 9-орында тұр” деген мәлімдемесі медиада тарады. Factcheck.kz Ажар Ғинияттың сөздерін тексерді.

Министр Ажар Ғинияттың айтқаны (тайм-код: 24:13)

Мәлімдеме: Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ұсынған норма бойынша тәулігіне 5 грамм тұз тұтынудың орнына 18 грамм тұз тұтынуының жоғары деңгейін атап өткім келеді.

Ажар Ғиният

Үкім: Шындық

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) 2019 жылы жариялаған зерттеуіне сай, Қазақстанда тұзды тұтыну деңгейі тәулігіне шамамен 17 грамм болған. Бұл ДДСҰ ұсынған нормадан 4 есе артық және, ұйымның жазуынша, әлемдегі ең жоғары көрсеткіштердің бірі.

Бір порциядағы тұздың ең жоғары орташа мөлшері үй лағманында (5,6 г), палауда (5,2 г) және донер-кебабта (4,3 г) тіркелген, бұл ұсынылатын ең жоғары тәуліктік тұтыну нормасының 112,4%, 104,2% және 85,4%-не сәйкес келеді.

ДДСҰ жүрек қан тамыры ауруларынан аулақ болу үшін ересек адамдарға күніне 5 граммнан аз тұз тұтыну керек екенін жазады. Бұл бір шай қасыққа тең. Еуропалықтардың көбі күніне 8-11 грамм тұз пайдаланады.

Мәлімдеме: VI Ұлттық өмір салтын зерттеу деректері бойынша, көкөністер мен жемістерді тұтыну – тәулігіне 200-230 грамды құрайды, ал Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ұсынған норма – тәулігіне 400-500 грамды құрауы керек.

Ажар Ғиният

Үкім: Шындық

Министр айтқан зерттеу желіге жарияланбаған, алайда бұл көрсеткішті басқа жолмен тексеріп көруге болады.

Ұлттық статистика бюросының дерегіне сай, 2020 жылы халықтың орташа жан басына шаққанда 78,653 кг жеміс, 86,357 кг көкөніс жеген. Мұны министр айтқан көрсеткішпен есептесек, күніне 218 грамм жеміс, 239 грамм көкөніс деуге болады.

Ал ДДСҰ күніне кем дегенде 400 грамм жеміс пен көкөніс тұтынуға кеңес бергені рас.

Мәлімдеме: Қазақстан Орта [Орталық – авт.] Азия мен Еуропаның дұрыс тамақтанбайтын 21 елінің арасында 9-орында тұр.

Ажар Ғиният

Үкім: Шындық және техникалық қате

Несі рас: Фридрих Шиллер атындағы Йена университетінің ғалымдары 2019 жылы дұрыс тамақтанбау салдарынан болатын өлім-жітім деңгейі жоғары елдердің рейтиңін жасаған. 100 мың адамға шаққандағы өлім көрсеткіші бойынша Қазақстан “аутсайдерлік” 9-орынға жайғасқан. Алғашқы орында Өзбекстан, ал адам ең аз өлетін елдер Израиль мен Испания екені анықталған.

Неге техникалық қате: Зерттеуде 21 емес, ДДСҰ-ның Еуропалық аймағының 51 мемлекеті қамтылған және 1990-2016 жылдар арасындағы дерек сараланған.

Зерттеу нәтижесіне сай, дұрыс тамақтанбағаннан 100 мың адамға шаққандағы өлімнің көрсеткіші бойынша алғашқы ондықта постсоветтік елдер тұр:

Ал толық 51 ел көрсеткіші келесідей:

Фактчекер-журналист. Factcheck.kz сайтының шығарушы редакторы.

Factcheck.kz