Johnson & Johnson өнімі қатерлі ісік тудыра ма?

Жақында ресейлік сайттарда (1, 2, 3, 4, 5, 6) және Instagram желісіндегі видеода Johnson & Johnson ұнтағы құрамындағы асбест қатерлі ісік ауруын тудырады. Ал компания зардап шеккендерге 8,9 миллиард доллар төлейді деген ақпарат тарады. Бұл қоғам тарапынан қызу талқыға түсіп, компания өнімдерін пайдаланатын адамдар да қаржы талап ете бастаған. Дерек қаншалықты рас? Factcheck.kz тексеріп көрді.

Медиа мен әлеуметтік желіде тарап жүрген “Johnson & Johnson” компаниянсының ұнтағы — косметикалық тальк. Компания балаларға арналған ұнтақ түріндегі өнімдерінде косметикалық талькті бұрыннан қолданатындығы жазылған. Алайда компания 2022 жылдың 11 тамызынан бастап нәрестеге арналған өнім құрамындағы косметикалық талькті жүгері крахмалына ауыстыру туралы шешім шығарған.

Тальк гидратталған магний силикаты. Сондай-ақ, тальк керамикадан бастап қағазға дейін әртүрлі өнімдерде маңызды рөл атқаратын минерал. Ол суда, сілтілерде және әлсіз қышқылдарда ерімейді.

Үкім: Манипуляция

Johnson & Johnson (J&J) компаниясы қазіргі және болашақтағы талькке қатысты талаптарды өтеу үшін 25 жыл ішінде 8,9 миллиард АҚШ долларын төлеуге келісті. Алайда бұл компанияныңқұқық бұзушылық болғанын мойындауы емес“. Айта кетейік, J&J балаларға арналған өнімдеріндегі тальк құрамында асбесттің бар екенін теріске шығарып келеді. Әрі компания 1970 жылдардан бастап кез келген өнімдерінде асбестсіз тальк қолданады. J&J-дің өнімі қатерлі ісік ауруына себеп болатыны туралы нақты дерек жоқ, зерттеулер де мұны толық дәлелдемеген.

Толығырақ

Бұл жағдай J&J-ді мұндай мазмұнда алғашқы айыптау емес. 2017 жылы BBC Reuters-ке сілтеп, компанияға барлығы 2,4 мыңға жуық шағым түскенін хабарлаған. J&J-ді тұтынушыларына тальк негізіндегі өнімдер қатерлі ісік тудыруы мүмкін екенін ескертпеді деп айыптаған.

Ал 2023 жылы 31 мамырында осыған ұқсас дау қайта ушықты. Reuters агенттігінің мәліметінше, Johnson & Johnson компаниясын 24 жастағы Эмори Эрнандес сотқа берді. Оған себеп ретінде сәби кезінде компания шығарған тальк өнімдерін қолданғанның әсерінен жүрегінің айналасындағы ұлпада мезотелиома (өлімге әкелетін қатерлі ісік – ред.) пайда болғанын айтады.

Ал 18 шілдеде Эмори Эрнандес және Johnson & Johnson компаниясы арасында сот болды. Сот шешімі Эмори Эрнандестің пайдасына шешіліп, оның медициналық төлемдерін және т.б. қажеттіліктерін ескере келе, өтемақы алуға құқығы бар деген қорытындыға келді. Ал шығынды есептей келе, жалпы сомма 18,8 миллион доллар шыққан.

2023 жылдың 23 сәуірінде Нью-Джерси штатының Трентон қаласында Johnson & Johnson компаниясына еншілес LTL Management банкроттыққа арыз берген. Одан бөлек LTL Management дертке шалдыққандарға 25 жыл ішінде төленуі тиіс 8,9 млрд АҚШ доллар көлеміндегі жарнаны енгізуге келіскен.

Нарықтық құны 400 миллиард доллардан асатын Johnson & Johnson компаниясы сот процестерінің жиілеуі үлкен қаржылық қауіп төндіреді. Reuters агенттігінің мәліметінше, 2023 жылдың ақпан айындағы мәліметтер бойынша сот үкімін шығару, дауларды шешу және сот шығындары шамамен 4,5 миллиард долларға дейін өскен.

Себебі, осы уақытқа дейін бірнеше рет тальк құрамында асбест барын, оның қауіпті дерттің негізгі көзі екендігіне шағымданғандар көп болған. Алайда компания тальк құрамында асбесттің жоқ екендігін айтумен келеді. Тіпті, компания тальк құрамына арнайы зерттеу жасап, соған байланысты сайт жұмыс істей бастаған.

Ғылыми зерттеулер не дейді?

Ал Қатерлі ісіктерді зерттеу жөніндегі халықаралық агенттік (The International Agency for Research on Cancer – IARC) қатерлі ісіктің себептері туралы келесіні жазады:

  • Агенттік зерттеуі бойынша құрамында асбесті бар тальк “адам үшін канцерогенді”.
  • Адамды зерттеуде қатерлі ісікке байланысты деректердің болмауы және зертханалық сынақтардың шектеулі нәтижесіне сүйене отырып, IARC құрамында асбесті жоқ, бірақ демалғанда тыныс мүшесі арқылы ішке кіретін талькты “адам үшін канцерогенді санатқа жатқызуға келмейтін” деп жіктеді.
  • Аналық бездің қатерлі ісігімен байланысы туралы зерттеудің шектеулі дәлелдеріне сүйене отырып, IARC тальк негізіндегі дене ұнтағын перинэальды (генитальді, жыныс мүшелеріне) қолдануды “адам үшін канцерогенді болуы мүмкін” деп жіктейді.

Канцероген – қатерлі ісікке әкелуі мүмкін заттар мен әсерлер. Бұл көбіне ата-анадан балаға ген арқылы не қоршаған орта факторлары арқылы пайда болуы мүмкін. Кейбір канцерогендер жасушаның ДНҚ-сын өзгерту арқылы қатерлі ісік тудыруы ықтимал. Кейде канцерогендер қатерлі ісік тудырмайды.

Зерттеудің екі түріндегі (адамды зерттеу және зертханалық сынақтар – ред.) деректерді біріктіре отырып, ғалымдар қатерлі ісік ауруын тудыруы мүмкіндігін былайша бағалайды:

  • Әсерлер не заттарға қатысты дәлелдер сенімді болған кезде тірі организмге канцероген деп белгіленеді.
  • Қолда бар дәлелдер сенімді, бірақ әсерлер мен заттарда нәтиже толық көрінбесе, онда организмге ықтимал канцероген деп жіктеледі.
  • Нақты дәлелдер жоқ не шектеулі дәлелдер болса, әсерлер не зат организм үшін канцерогенді болуы мүмкін ретінде белгіленеді.
Америкалық қатерлі ісік орталығы (American Cancer Society)

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультетінің түлегі (2021). Әлеуметтік ғылымдар магистрі (2023). OMS (Online Media School, 2020) және OFA (Online Factcheck Academy, 2021) түлегі.

Factcheck.kz