«Ұрланған ақшаны қайтару»: жалған заңгерлер әлеуметтік желіге жарнама беру арқылы қалай алдайды? 

Әлеуметтік желіде алаяқтарға алданған қазақстандықтарға тез арада ақшасын қайтарып беруді ұсынатын жекелеген заңгерлер мен заң компанияларының жарнама жазбасы жиі шығып тұрады (1, 2, 3, 4, 5, 6, 7, 8, 9, 10, 11, 12, 13, 14, 15, 16). Ақшаны 48 сағаттан 14 күнге дейінгі мерзімде қайтарып беруге уәде етеді. Кейбір жағдайларда бұл мәселеде үкіметтің қолдауы бар дегенге сілтейді. Сонымен бірге құқық қорғау органының қызметкерлерінен түскен арыздар бар дегенге келтіреді. 

Factcheck.kz редакциясы бұл ұсынысты тексеріп көрді. 

Үкім: Алаяқтық

Бұл – алаяқтардың кезекті схемасы. Арам пиғылын жүзеге асырушылар зардап шеккендерге «көмекке» дайын маман бейнесінде көрініп, жалған сайттарына тартады және пайдаланушылардың жеке дерегіне қол жеткізеді. Осылайша алаяқтарға алданып отырған адам тағы да ақшасын қатерге тігеді. 

Қаңтар айында біз оқырманға жалған брокерлерде кеткен ақшаны қайтаруға уәде беретін жалған заңгерлер бар екенін ескерткен болатынбыз. Бүгінгі материалда осы схемаға тағы бір рет тоқталамыз. 

Толығырақ

Алаяқтар «ақшаны тез арада қайтару туралы заң» қабылданды, енді қазақстандықтар сот шешімін күтіп отырмай, айырылып қалған ақшасын қайтара алады деп сендіреді. Алайда бұл шындыққа сай келмейді.

Ұлттық банк алаяқтарға алданғандардың ақшасын қайтарып беруді тездету жоспары бар екенін 2025 жылғы мамыр айының соңында ғана хабарлады. Әзірленіп, бірақ әлі заңнамаға енбеген түзету бойынша, қылмысты тергеу кезінде ақшаны алған адамның кінәсі нақтыланған жағдайда ғана сот шешіміне дейін жіберушінің ақшасы қайтарылады. Бұл тек қазақстандық банктердің есепшотына аударылған ақшаға қатысты. Ең бастысы, ақшаны қайтарумен жекеменшік заң фирмалары немесе заңгерлер айналыспайды. 

Алаяқтардың көбінесе ел аумағынан тыс жерде әрекет етуі және ақшаны шетелдік шоттарға аудару мәселені қиындата түседі. Алайда, Ұлттық банк төрағасының орынбасары Берік Шолпанқұловқа сенсек, қазақстандықтардың шекара сыртына кеткен ақшасын қайтару бойынша да жұмыс жүріп жатыр. 

«Біз қазір жұмысты қолға алып, бірінші кезекте олардың антифрод орталықтарымен қарым-қатынас орнатып, шетелдік шоттарды бұғаттау және ондағы ақшаны қайтару мүмкіндігін талап етіп отырмыз. Мұндай жұмыс жүріп жатыр», — деді Шолпанқұлов Ұлттық банкте өткен брифингте. 

Мұндай жағдайда тез арада, әсіресе 48 сағат ішінде және құқық қорғау органына арызды ресми тіркеместен ақшаны қайтаруға уәде берген жарнамаға кемінде күмәнмен қарау керек. Ал «Біз жасанды интеллект көмегімен алаяқтарға алданғандардың ақшасын қайтарып беруді қолға алған Қазақстандағы бірінші заң компаниясымыз» деген тұжырымдар мүлдем ақылға қонбайды. 

Мұндай болмаса да, біз тексерген жазбалардың алаяқтық схема екені айдан анық. Оны жарияланымдардағы грамматикалық қатеден, ресми парақшалардың іс жүзінде бос болуынан, көпшілікке танымал адамдар мен мемлекеттік қызметшілерді қатыстыра отырып жасалған ашықтан-ашық дипфейктерден көруге болады. Ал ресми дереккөзде «ақшаны қайтару бағдарламасы» туралы ешқандай ақпарат жоқ. 

«Ұрланған ақшаны қайтару»: жалған заңгерлер әлеуметтік желіге жарнама беру арқылы қалай алдайды? 
Facebook желісіндегі алаяқтық жарнаманың скриншоты 

Хабарландыру тегін кеңес алу үшін форманы толтыруды ұсынатын түрлі сайттарға немесе Telegram желісіндегі боттарға апарады. Мәселен, «Заң көмегі» деген қарапайым атауы бар JusticePayBackBot Telegram-бот байланыс дерегін бергеннен кейін электрондық келісімшартқа отыруды ұсынады, осы келісім негізінде ақша картаңызға, шотыңызға немесе онлайн әмиянға түседі деп сендіреді. Осылайша «клиенттің» банк дерегіне қол жеткізеді. 

Дегенмен, жарнаманы жариялайтын кейбір парақшалар бір қарағанда сеніп қалатындай көрінеді. «Инвестицияны қайтару департаменті» деп аталатын парақшаны мысалға келтіруге болады, Instagram мен Facebook желісіндегі парақша барынша дұрыс рәсімделген және тұрақты жаңарып отырады. Instagram желісіндегі сақталған стористен команда мүшелерін, басқалардың пікірін, «халықаралық лицензияны», тіпті алаяқтардан сақтану жөніндегі ескертпені де көруге болады.

«Ұрланған ақшаны қайтару»: жалған заңгерлер әлеуметтік желіге жарнама беру арқылы қалай алдайды? 
Instagram желісіндегі алаяқтық парақшасының скриншоты

Ал мұқият назар салсаңыз, бәрі түсінікті болып шыға келеді. Мұндай ұйым жоқ. Ұйым атауын интернеттен іздеу нәтижесі әлеуметтік желідегі парақшаларды ғана көрсетеді. «Инвестицияны қайтару департаменті» еш жерде аталмайды. Instagram-дағы команда мүшелерінің аты-жөні ресейлік «Правовая защита заёмщиков» компаниясының сайтынан алынған. 

Жазбалардағы мәз болған клиенттердің фотосуреттері мен қызметкерлердің видеосы бастапқыда «Правотерра» атты тағы бір ресейлік заң компаниясының Instagram парақшасынан алынған. Ал кейін алаяқтар біржола жасанды интеллект көмегімен жасалған суреттерге көшкен. 

Facebook желісіндегі «Инвестицияны қайтару департаменті» парақшасында байланыс деректері дұрыс емес, мұндай мекен-жай жоқ. Электронды сілтеме лендинг сайтқа жетелейді, онда «бағдарлама ҚР Ішкі істер министрлігінің қолдауымен жүзеге асты» деген мәлімдеме бар. Әлбетте, ҚР ІІМ сайтында мұндай бағдарлама туралы ешқандай ақпарат жоқ, ал «ІІМ өкілінің» фотосуреті ЖИ көмегімен жасалған.  

  • «Ұрланған ақшаны қайтару»: жалған заңгерлер әлеуметтік желіге жарнама беру арқылы қалай алдайды? 
  • «Ұрланған ақшаны қайтару»: жалған заңгерлер әлеуметтік желіге жарнама беру арқылы қалай алдайды? 

Алаяқтық сайтының скриншоты және Hive AI Detector көмегімен суретке анализ жасау 

Сенімді көрінуі мүмкін тағы бір мысал — пайдаланушыларды кейбір жарнаманың астындағы сілтеме арқылы жетелейтін Justice Help «заң компаниясының» сайты.

«Ұрланған ақшаны қайтару»: жалған заңгерлер әлеуметтік желіге жарнама беру арқылы қалай алдайды? 
Алаяқтық сайтының скриншоты

Интернеттен іздеу Justice Help деген атауы бар фирманың шын мәнінде жоқ екенін көрсетеді. Сайттағы команданың компания жетекшісімен түскен суреті грузиннің Wingforce Group заң компаниясының сайтынан алынған. Төмендегі жеке суреттер бір-біріне қатысы жоқ әртүрлі заңгердің суреті, ал суреттің астындағы жазулар ойдан шығарылған. Мекен-жайын Алматыдағы Esentai Tower бизнес орталығы деп көрсеткен, алайда бұл ғимаратта Justice Help деген ұйым жоқ. 

Тағы бір мәрте ескертеміз: мұндай хабарландыру мен жарнамада көрсетілген сілтемеге және сайтқа өте салысымен, бірден толық дерегіңізді сұрап, содан кейін нақтылау үшін хабарласуға уәде береді. Мұндайдан бірден қауіптену керек. Сондай-ақ қызықтырар ұсыныстар мемлекеттік құрылымдардың ресми сайтында немесе шынымен де жұмыс істеп тұрған заң компанияларының сайтында емес, әлеуметтік желіде не әр жерде жарияланады. 

Жарнама арқылы насихатталатын алаяқтық схемаларын талдаған басқа жазбаларымызда алаяқтардың аккаунттары мен сайттары жиі өзгеруі мүмкін екенін бұрын да айтқан болатынбыз. Бұл материалда келтірілген мысалдарда нақты парақшаларға қатысты ескерту жасап, алаяқтардың қандай қулыққа баратынын айттық.  

Factcheck.kz