H2O-ға қарағанда H3O2 суы пайдалы екені рас па?

Facebook-те “формуласы H2O-ға қарағанда H3O2 суы ең пайдалы, себебі ол жемістен алынады” деген мәлімдемесі бар видео тарады. PolitiFact фактчекерлері деректің рас-өтірігін тексерді.

H3O2 (үш сутегі атомы, екі оттегі атомы) — жеміске еш қатысы жоқ “мифтік” қосынды. Бұл туралы PolitiFact-ке Аустралияның Жаңа оңтүстік Уэльс университетінің профессоры әрі химигі Тимоти Шмидт айтты.

Мұндай қосындының бар екені дәлелденбеген. Болса да, ол сутегі асқын тотығы мен суға айналуы мүмкін. Мұндай жағдайда формуласы H3O2 кез келген нәрсені ішу зиян болар еді.

Тимоти Шмидт

АҚШ-тың азық-түлік және дәрі-дәрмек басқармасының өкілі H3O2 деген қосындыны білмейтінін айтады.

Тамақтану және диетология академиясының қызметкері Эми Браганини жемістен алынған судың қарапайым суға қарағанда пайдалы екенін дәлелдейтін ғылыми зерттеулерді көрмегенін мәлімдеді.

“Судың ең қарапайым әрі таза түрі – денені ылғалдандырудың ең тиімді жолы”, – деді ол.

АҚШ-тың ауруларды бақылау және алдын алу орталығы қарапайым суды да, жемістің суын да ішуге кеңес береді.

Осылайша, фактчекерлер “тараған видеодағы ақпарат жалған” деген қорытындыға келді.

Factcheck.kz