ГМО туралы мифтер

Алдымен тарихқа көз жүгіртейік. Алғашқы генетикалық модификацияланған организм (ГМО) 1972 жылы америкалық биохимик және Нобель сыйлығының лауреаты Пол Бергтің арқасында пайда болды. Ол бір қарағанда еш үйлеспейтін заттарды байланыстыра алды, яғни рекомбинантты ДНҚ-ны синтездеді.

Қысқа қайырсақ, бір вирустың геномына өзге вирустың және ішек таяқшасының бірнеше гені салынды. Яғни жоғарыда аты аталған ғалым SV40 вирусын, содан кейін басқа вирустың қос шиыршығын (ламбда бактериофагы деп аталатын бактерияға қарсы агентті) бірнеше бөлікке бөліп, кейін қайта қосқан. Сондай-ақ тәжірибенің соңғы кезеңінде бұл генетикалық материал галактозаның метаболизмін кодтайтын, E. coli-ден «алынған» гендер тізбегімен біріктірілді.

Ғылым мұнымен тоқтамады. 1973 жылы П. Бергтің әріптестері Стэнли Коэн мен Герберт Бойер алғашқы ГМ микроорганизмін жасап шығарды. Бұл құрамында адам геномы бар инсулин синтезін кодтайтын ішек таяқшасы еді.

Кейін ғылымның қарқынды даму себебінен және биологияға қатты қызықпайтын адам үшін бұл саланы түсіну қиын болғандықтан, халық арасында көптеген аңыз бен миф, түрлі қорқынышты әңгімелер пайда бола бастады. Сондықтан біз ГМО туралы жиі кездесетін түрлі мифті талдап беруді жөн көрдік. Ендеше кірісейік.

Мәлімдеме: ГМО-ны жасаған ғалымның өзі кейін оған қарсы шықты

Үкім: Жалған

Аты аталған үш ғалым – Берг, Коэн және Бойер жаңалық ашқаннан кейін рекомбинантты ДНҚ-ға байланысты операцияларға бір жылдық мораторий енгізуге шақыратын хатқа қол қояды. Себебі олар өздері ойлап тапқан затқа сақтықпен қарады, бұл нағыз ғалымдарға тән шешім еді. Шынында да, SV-40 вирусы кейбір сүтқоректілерде қатерлі ісік ауруын тудыруы мүмкін. Сондықтан ғалымдар үзіліс алып, келесі сұраққа жауап іздейді: болашақта жасанды вирустар жаңа, мәселен онкогенді организмдер тудыруы мүмкін бе? 1975 жылы Берг бастамасы бойынша бірінші Асиломар конференциясы өтіп, қауіпті болуы мүмкін микроорганизмдермен жұмысты тек арнайы жабдықталған зертханаларда істеу туралы келісім жасалады.

ГМО туралы мифтер

Осылайша конференцияда қабылданған шешімдер болашақта адамзатты қауіпті модификацияланған организмдердің пайда болуынан сақтап қалды.

Айтпақшы, ГМО өнімдеріне деген осы уақытқа дейін жалғасып келе жатқан сенімсіздікті ғалымдар жазған хаттың өзі тудыруы мүмкін. Соның салдарынан көбіне тағы факт байқалмай қалады: 2016 жылы Берг (суретте) және Нобель сыйлығының тағы 155 лауреаты Greenpeace ұйымына хат жазып, ГМО-мен күресті тоқтатуға шақыратын хатқа қол қояды.

Мәлімдеме: ГМО дегеніміз – арамза әрі залым тәжірибенің өнімі, ол Франкенштейннің тамағы. Бұл – мутант өсімдіктер.

Үкім: Үкімі жоқ (бұл жеке сенім мәселесі)

«Франкенштейн атты мақұлықтың өз жаратушысына рақметі болмай, ақыры оны өлтіріп тынады. Бұл қорқынышты оқиғаның мәні: адам баласының Құдаймен бәсекелесіп, оның кейбір функцияларын орындауға бағытталған кез келген әрекеті жаман әрі қорқынышты жазамен аяқталатыны түсінікті», деп ГМО туралы 20 жыл бұрын Огонёк жазған еді.

Мұндай әңгімелерге қарсы шығу қиын. Негізі кез келген сенім жүйесіне түсініктеме беру оңай емес (кейде бұл этикаға жатпайды). Дегенмен ДДСҰ-ның 2005 жылғы мәлімдемесінде былай делінген: «Көптеген елде гендерді манипуляциялаудан бас тартудағы басты себеп ретінде әлеуметтік және этикалық көзқарастар айтылады. Мұндай қақтығыстар көбінесе адамзат пен табиғаттың өзара әрекеттесуіне қатысты терең мәселелерге байланысты…»

ГМО туралы мифтер

Пікірлер жан-жақты және әртүрлі болуы мүмкін. Жоғарыда айтылған материалда мынандай жолдар да бар: «…ГМ тамақ өнімдеріне деген сыни көзқарас әрдайым биотехнологияны қолдануға деген теріс пікірге байланысты емес, өйткені қазіргі медицинада биотехнологияны қолдануға деген жағымды көзқарас қалыптасқан». Екі тараптың тепе-теңдігі үшін ГМО туралы тағы бір пікір ұсынамыз, бұл жолы ғылыми:

Ең бастысы, барлық тірі организмдердің гендері өзгеріп тұратынын (мутацияға ұшырайтынын) есте ұстаған жөн. Бұл тоқтамайтын процесс және эволюция деп аталады. Жасанды түрде өзгеріске ұшырайтын гендер мен табиғи жолмен болатын мутациялардың айырмашылығы – бірінші жағдайда біз процесті басқара аламаыз, ал екіншісінде жоқ. Сондай-ақ біз гендерді қандай да бір мақсат үшін өзгертеміз. Мәселен қандай да бір вирусқа төзімді өсімдік алу үшін.

Гендік инженерия дегеніміз – бұл әртүрлі организмдер жасап шығаруға мүмкіндік беретін технология, әрине, егер мен зиянды нәрсе жасағым келсе, оны да жасап алуым әбден мүмкін. Алайда генетиктерде ондай мақсат жоқ. Бұл жерде ешқандай коммерциялық пайда жоқ – адамдар нарықта сұранысқа ие болатын пайдалы заттар жасауға тырысады.

Биолог және ғылымды насихаттаушы Александр Панчинмен болған сұхбаттан алынған үзінді. Айтпақшы, сіз оның «Құдай болып ойнау» деген тақырыптағы видеосын мына жерден көре аласыз.

Қазіргі ауыл шаруашылығындағы өндірістің технологиясы көрсетілген схема: ГМО, дәстүрлі будандастыру, мутагенез, геномды өзгерту. ГМО қалай жасалатыны туралы видео тамашалаңыз келсе мына жерге, мақала оқыңыз келсе мына жерге басыңыз.

ГМО туралы мифтер

Мәлімдеме: ГМО деген – Монсанто (ГМО тұқымын Монсанто монополист компаниясы шығарады)

Үкім: Жалған

Шынында да, бұрын Monsanto бұл нарықтағы ең ірі компания еді. Алайда қазір нарықтың өзі кеңейді (1998 жылғы 2 млрд АҚШ долларынан 2020 жылғы 27,9 млрд-қа дейін) және компанияның меншік иесі ауысты. Негізі әлемде ГМО-ны әзірлеумен және өндірумен айналысатын үлкенді-кішілі биотехнологиялық компания көп.

Агробиотехнологиялық өтініштерді жинаумен айналысатын Халықаралық қызметтің дерегі бойынша әлемде 70-ке жуық компания, институт және басқа да ұйымдар ГМ-ауыл шаруашылығы өнімдерін әзірлеумен және өндірумен айналысады. Тізімге қарайтын болсақ, олардың қазір 9-ға жуығы Monsanto-мен бірлесіп жұмыс істеп жатыр.

Осыған қоса 2018 жылы бұл компанияны 63 млрд АҚШ долларына Bayer концерні сатып алғанын да атап өту маңызды. 2018 жылы Bayer компаниясына әлемдік тұқым нарығының 22% және агрохимикаттар нарығының 18% тиесілі еді. Осылайша қазір агробиотехнологиялар нарығындағы ең ірі компания болып дәл осы концерн саналады. Негізі қазіргі кезде 5 ірі компания әлемдік тұқым нарығының 56% және пестицидтер нарығының 73% иеленеді.

ГМО туралы мифтер

Дегенмен бұрын, яғни бірнеше ірі компания бірікпей тұрып, әлемдегі барлық ГМ дақылдардың 98%-дан астамы 6 компанияға (Syngenta, Bayer, BASF, Dow, Monsanto және DuPont) тиесілі болғанын атап өткен жөн. Monsanto компаниясының егін алқаптары шамамен 85% құрады (2007 жылғы деректер). 2012 жылғы ГМ-тұқым нарығының көлемі:

Мәлімдеме: Монсанто компаниясы адамдарды глифосатпен улап жатыр. Бұған компанияға қарсы соттасқандардың жеңісі дәлел

Үкім: Манипуляция және шындық

Дәл осындай кезде «Бәрі түсініксіз» деген үкім шығаруға болуышы еді. ГМ-дақылдарының соя мен жүгері сияқты ең көп тараған түрлері глифосатқа (бұл RoundUp гербицидіндегі белсенді ингредиент, дәл осы атаумен оны Monsanto, ал қазір Bayer шығарып жатыр) төзімді екені белгілі. Яғни ГМО-ларды әдейі солай жасайды. Бұл принцип бойынша өсімдік ауруларына, құрғақшылыққа, тұздануға немесе зиянкестерге төзімді ГМ-дақылдар жасалады.

Айта кету керек, глифосат әртүрлі елде, әртүрлі атаумен шығады.

ГМО туралы мифтер

Алайда 2015 жылғы наурызда Обырды зерттеу жөніндегі халықаралық агенттік (IARC) осы гербицидті қолданған кезде адамдарда ходжкиндік емес лимфомалардың (NHL) пайда болу ықтималдығын көрсететін «кейбір дәлелдер» бар екенін мәлімдеді. Сондай-ақ глифосат тышқандар мен егеуқұйрықтарда қатерлі ісіктің басқа түрлерін тудыруы мүмкін деп айтуға негіз бар. Алайда сол жылдың қараша айында Еуропалық азық-түлік қауіпсіздігі агенттігі бұл зат адам үшін канцерогендік және генотоксикалық қауіп төндірмейді деп мәлімдеді. 2016 жылғы мамырда ДДСҰ мен ФАО сарапшыларының бірлескен тобы және 2016 жылғы қыркүйекте АҚШ-тың Қоршаған ортаны қорғау агенттігі (EPA) бірдей қорытындыға келді: Roundup/glyphosate-тің 45 мың пайдаланушысын ұзақ уақыт бойы зерттеп, глифосат пен NHL арасында ешқандай байланыс жоқ екені анықталды.

Қасақана улауға қатысты мәлімдеме манипуляция болып, қастандық теориясына ұқсағанымен, бұл мәселеге қатысты бірнеше сот ісі талапкерлердің пайдасына шешілді (Калифорния, 2018 жыл; Калифорния, 2 іс – 2019).

Бірақ бұл тек басы сияқты. Ең қызығы, 2020 жылғы маусымда Bayer концерні өзі шығарған Roundup гербицидінен зардап шеккен барлық адамға 10 миллиард доллардан астам қаражат төлеуге шешім қабылдады. Компанияға қарсы 125 мыңға жуық арыз түскен. Енді келісім аясында Bayer өтелмеген талаптарды қанағаттандыру үшін 9,6 миллиард доллар төлейді және болашақта болуы мүмкін шағымдарды шешу үшін қосымша 1,25 миллиард доллар бөледі. Осы орайда концерн өз тарапынан қандай да бір заң бұзушылығы болды деп мойындамайды, бірақ бөлінетін қаражат «белгісіз» болып тұрған жағдайларға нүкте қояды деп мәлімдейді.

Мәлімдеме: Монсанто мен ГМО өнімдері Үндістандағы фермерлер арасында суицидтің көбеюіне әкелді. Бұл – ГМ-геноцид

Үкім: Жалған

Бұл мифтің авторы – экобелсенді және философ Вандана Шива. Бір қызығы, бұл аңызды ханзада Чарльз да айтып, «Үндістандағы ұсақ шаруа қожалықтарындағы адамдардың өз-өзін өлтіруінің осындай қорқынышты әрі қайғылы жағдайы ГМ-дақылдарын өсірудегі сәтсіздіктерге байланысты» деп мәлімдеді.

ГМО туралы мифтер

Алайда Үндістандағы суицид деңгейі әлемдік көрсеткіштерден соншалықты жоғары емес екендігі және өз-өзіне қол жұмсайтындар арасында еркек фермерлер Үндістан бойынша ауыл шаруашылығында жұмыс істемейтіндерге қарағанда біршама төмен екендігі белгілі болды. Сондай-ақ мақтаға бай провинциялардағы суицид көрсеткіші ГМ-мақтаны өсіре бастағаннан кейін төмендеген, себебі фермерлердің өмір сүру деңгейі жақсарған. Негізі бұл мифті бірқатар зерттеулер жоққа шығарады, яғни оларға сәйкес, үнді фермерлерінің арасында жынысына қарамай суицидке итермелейтін басқа себептер бар.

Мәлімдеме: ГМО-ны пайдалану салдарынан супер арамшөптер пайда болады

Үкім: Жартылай шындық

Супер арамшөптер деп гербицидке төзімді арамшөптерді атайды. ГМО-ны сынайтын адамдардың айтуынша, мысалы, арамшөптерде жоғарыда аталған глифосатқа иммунитет пайда болады, ал ол осы гербицидке төзімді ГМ-дақылдарын өсірген кезде қолданылады. Бұл негізінен жүгері, соя, мақта және жоңышқа.

Шынында да, 2016 жылғы зерттеу бойынша арамшөптердің төзімді түрлері (көк түсті бағандар) көбейген және олар АҚШ-та көп тарала бастаған (қызыл сызық):

ГМО туралы мифтер

Алайда супер арамшөптер ГМО жаппай түрде енгізілмей тұрып 1990 жылдары пайда болған. Ғалымдардың айтуы бойынша, супер арамшөптер кез келген гербицидке, оның ішінде ГМО-сыз өнімді қолдайтын фермерлер қолданатын заттарға да қарсы тұра алады.

Мәлімдеме: ГМО-көкөністер мен жемістерді жеу онкологияға, генетикалық мутацияға, бедеулікке, аллергияға және басқа да ауруларға әкелуі мүмкін

Үкім: Жалған

Негізі осындай барлық миф пен әңгімелер баяғыда жоққа шығарылды, бірақ біз ДДСҰ сайтында жарияланған сұрақ-жауаптан үзінді келтірейік:

ГМО-өнімдері … қауіпсіздікке тексеріліп, адам денсаулығына қауіп төндіруі екіталай. Сонымен қатар мұндай тағамдар рұқсат етілген елдерде оны қалың көпшілік тұтынады, алайда оның адам денсаулығына қандай да бір әсері табылған жоқ. Алиментариус Кодексінің қағидаларына негізделген қауіпсіздікті үздіксіз бағалау және нарықтан тыс дұрыс мониторинг жүргізу генетикалық модификацияланған тамақ өнімдерінің қауіпсіздігін бағалау үшін негіз болыу тиіс.

Мәлімдеме: ГМО лоббиі бар елдерде аралар саны азайып барады

Үкім: Жалған

Шынында да 2006 жылы миллиондаған бал арасы белгісіз себеппен өз ұясындағы ұрпағы мен қорегіне қарамастан кете бастады. Бұл құбылыс Ара отбасыларын жою синдромы деп аталды.

ГМО туралы мифтер

Экологиялық белсенділер бұл жағдай үшін ГМ-дақылдар мен Roundup гербицидін, сондай-ақ пестицидтердің неоникотиноидты класын (гербицидтер мен ГМ-дақылдардың арасындағы байланысты жоғарыдан қараңыз) кінәлады. Алайда келесі бірнеше жыл ішінде бұл құбылыс біртіндеп жоғалып, оның себептері сол күйі анықталмады.

Болжам бойынша бұл мәселенің себебі көп, оның ішінде Varroa destructor кенесі мен Nosema ceranae ішек саңырауқұлақтарының әсері бар. АҚШ Ауылшаруашылық департаментінің соңғы мәліметтеріне сәйкес, пестицидтер басқаруға келетін бал аралары, түкті аралар мен жабайы популяцияларға шектеулі қауіп төндіреді.

Мәлімдеме: ГМО өндіретін компаниялардың лоббиі бар, бірақ ГМО-ға қарсы лобби де бар

Үкім: Шындық

Шынында да ГМО-ны жақтайтын және оған қарсы лобби бар. Ашық ақпарат көздеріне сәйкес, 2016 жылы Monsanto тікелей лобби жасауға 4,6 миллион доллар жаратқан. Сондай-ақ бұл компания жыл сайын орташа есеппен 1 миллиард (немесе одан да көп) долларды түрлі зерттеулерге жұмсап, өте агрессивті PR саясат жүргізген. Анти-ГМО лоббиі (2012 жылдан бастап 2016 жылға дейін 850,9 млн АҚШ доллары) ГМО-ға қарсы күрес жөніндегі мамандандырылған ұйымдардың қызметіне бағытталған, сонымен қатар Конгресте тікелей лобби жасаумен айналысады.

Мәлімдеме: ГМ-тамақпен қоректенген зертханалық егеуқұйрықтарда қатерлі ісік жиі кездеседі

Үкім: Жалған

Бұл әңгіме Жак-Эрик Сералинидің, бізге таныс Ирина Ермакованың, ұлыбританиялық ғалым Арпад Пустайдың және тағы басқа зерттеушілердің еңбектеріне негізделген. Мына фотоны көп адам көрген шығар:

ГМО туралы мифтер

Мұндай қорқынышты фотолар ешқандай ГМО жемей, ісіп кеткен егеуқұйрықтарды көрмегендерге әсер етеді. Түсіндіре кетейік: Cancer research ғылыми журналында жарияланған зерттеуге сәйкес, егеуқұйрықтың Sprague-Dawley түріне (Сералини қолданған) ұзақ уақыт бойы зерттеу жүргізілген және 18 ай ішінде шамамен 45% жануарда ісіктер пайда болған. Егер ГМО-мен қоректенген егеуқұйрықтарда ісіктердің жиі пайда болуы ғылыми әдіснаманы (оның ішінде… статистикалық талдау әдісі, тәжірибені қайталау принципі және т.б.) қолдана отырып расталса, онда бұл жағдай алаңдаушылық туғызар еді. Алайда ондай ештеңе істелген жоқ.

Александр Панчиннің сұхбатынан алынған үзінді

Негізі бұл «зерттеулерді» Надежда Тышко мен оның РМҒА Тамақтану ҒЗИ-дағы әріптестерінің жұмысы жоққа шығарады. Ғылыми еңбекте генетикалық модификацияланған (ГМ) Либерти Линк® жүгерісінің Вистар егеуқұйрықтарының 3 ұрпағының пре- және постнатальды дамуына әсері жазылған. Сондай-ақ РҒА АТПИ-дан Александр Панчин мен Александр Тужиковтың ГМ-тағамның зертханалық жануарларға зиянды әсері туралы алты танымал басылымға арналған ғылыми шолуы бар. Панчин және оның әріптесі нәтижелерді статистика тұрғысынан өңдеуде және гипотезаларды бірнеше рет тексеру процедурасын қолдану кезіндегі айтарлықтай кемшіліктер тауып, тіпті статистикалық талдаудың жоқ екенін анықтаған. Сондай-ақ халықаралық ғалымдар тобының Ирина Ермаковамен оның егеуқұйрықтарға жасаған тәжірибесі туралы полемикасы да назар аудартады.

Мәлімдеме: «ГМО жоқ» деген белгі – маркетинг әдісі

Үкім: Шындық, бірақ

Бұл туралы informburo-ға берген сұхбатында Нью-Джерсидегі Рутгерс мемлекеттік университетінің Жоспарлау және қоғамдық саясат мектебінің тамақтану ғылымдары бөлімінің мүшесі, адам экологиясы кафедрасының профессоры, доктор Уильям К.Холман айтады. Жай ғана логикаға салсақ, ас содасының қаптамасындағы «ГМО жоқ» деген белгі кәдімгі маркетинг әдісі болып көрінеді.

ГМО туралы мифтер

Алайда, тағы да логиканы қоссақ, егер сіз ГМО-ның зиянына сенімді болып, осы сайтта көрсетілген ауылшаруашылық өнімдерінен (30-дан астам зат) бірдеңе сатып алғыңыз келсе, онда белгіге назар аударған жөн.

№1-ескертпе: Қазақстанда ГМ-дақылдарын өндіруге және өсіруге рұқсат жоқ. Қазіргі кезде Тұқым шаруашылығы туралы заң бар және оған сәйкес гендік инженерия негізінде алынған ауыл шаруашылығы өсімдіктерінің тұқымдарын себуге (егуге) және сатуға тыйым салынады. Дегенмен құрамында ГМ бар өнімдер мен инсулин сияқты дәрі-дәрмектерді сатуға тыйым салынбайды. ЕАЭО-ның «Таңбалау бөлігіндегі тамақ өнімі» техникалық регламентінің талаптарына сәйкес, егер өнімдегі ГМО-ның мөлшері 0,9%-дан асатын болса, онда қаптамаға арнайы белгі қойылуы тиіс.

№2-ескертпе: ГМО тақырыбының ауқымы өте кең, бұл материалда көптеген сұрақ қамтылмай қалды. Егер сіз ГМО туралы басқа даулы әңгімеге тап болып, ол туралы білгіңіз келсе, біздің редакцияға хабарласыңыз. Біз міндетті түрде барлық деректерді тексеріп шығуға тырысамыз.

Журналист, фактчекер, МА (Journalism for international students, University of Westminster, London), технический писатель, редактор, PR-специалист, руководитель проектов (медиа и PR)

Factcheck.kz