Дезинфекциялайтын тікұшақ: коронавирус жайлы халықаралық фейк

Коронавирус пандемиясы жайлы ең көп тараған жалған ақпараттың бірі ең бірінші болып пайда болды. Ресми органдар мен фактчекерлер бұл фейк ақпаратпен күресін әлі жалғастырып жатыр.

«Бүгін сағат 23:00-ден сағат 5:00-ге дейін тікұшақтар дезинфекция жасау мақсатында дәрі-дәрмек шашады, терезелер мен балкондар жабық болуы керек және сағат 23:00-ден кейін көшеге шығуға болмайды. Әскери бөлімнен хабарлады», – деген ақпарат наурыз айының басынан бері мессенджерлер арқылы таралды.

Үкімі: Жалған

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті 17 наурызда бұл ақпаратты жоққа шығарды. Алайда, еліміздің кейбір тұрғындары “дәрі шашатын тікұшақ” туралы ақпарат түрлі тілде және әлемнің көптеген елінде таратылатынын біле бермейді.

Дезинфекциялайтын тікұшақ: коронавирус жайлы халықаралық фейк
ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің хабарламасы

Бұл ақпаратты 17 наурыз күні Ресей де жоққа шығарды, ал бір күн бұрын фейкке Украина қауіпсіздік қызметі жауап берді.

Өзбекстан 17 наурыз, ал Тәжікстан билігі 18 наурыз күні ақпараттың жалған екенін айтты.

Грузияда ақпарат 11 наурызда пайда болды және Тбилиси мэрі ақпаратты жоққа шығаруға мәжбүр болды.

Көп ұзамай жалған ақпарат посткеңестік елдердің шекарасынан асқаны анықталды.

Осылайша 18 Наурызда хабарды БАӘ билігі мен Перу Қорғаныс министрлігі жоққа шығарып, ресми ақпарат жариялаған болатын.

24 наурызда Associated Press американдық ақпарат агенттігі 23:00-ден кейін қаланы дезинфекциялайтын тікұшақ туралы ақпараттың рас-өтірігін тексеріп, зерттеу дайындады.

AP Нью-Йорк қалалық кеңесінің спикері Кори Джонсонмен Twitter арқылы сұхбаттасып, 22 наурызда хабарды жоққа шығарды. Сондай-ақ, ақпараттық агенттік хабардың Үндістанда, Мексикада және Швейцарияда таралғанын анықтады.

Сондай-ақ, агенттік фейктің пайда болуы туралы халықаралық тікұшақтар қауымдастығының өкілі Дэн Свиттің пікірін сұрады.

“Мен бұл өткен аптада тарап кеткен меммен байланысты деп ойлаймын. Белгісіз біреу өрт сөндіретін тікұшақты суреткен түсіріп алған. Тікұшақтың жанында Lysol таңбасы анық түспей қалған (дезинфекциялау құралы-ред.)”, – дейді Свит.

Свит осы суретті меңзеуі мүмкін.

Дезинфекциялайтын тікұшақ: коронавирус жайлы халықаралық фейк
© @RadioFreeKevin туиттерінен алынған сурет

Бірақ, біз тікұшақ туралы хабардың 16-22 наурыз аралығында емес, одан бұрын пайда болғанын білеміз. Іздеу жүйелерінің нәтижелеріне сәйкес бүкіл әлемге таралған фейкті бірінші болып Грузия үкіметі жоққа шығарды. Алайда бұл ақпарат Грузияда пайда болды деп толық сеніммен айта алмаймыз.

«Новая газета» мұндай хабардың пайда болу себептері туралы антрополог, фольклоршы, филология ғылымдарының кандидаты Александра Архипованың пікірін жариялады:

Мұндай өсек-аян билік институттарына сенімсіздік және әлсіз байланыс күшінің салдарынан пайда болады (әлсіз байланыстар — бұл біздің жазба кітапшамыз сынды, басымызға күн туғанда көмек сұрайтын адамымыз). Яғни, адам медицинаға институт ретінде сенбейді, бірақ таныс дәрігеріне толықтай сенеді. Институттарға деген сенім соңғы бірнеше жылда тұрақты түрде төмендеп келеді, ал әлсіз байланыстардың күші өсіп келеді. Іс жүзінде бұл нені білдіреді? Егер біреу билік өз азаматтарына қастандық жасайды деп ойласа, бұл ешкімді таңқалдырмайды. Сондықтан адамдар мұндай “жаңалықты” бір-біріне тарата бастайды. Себебі өзімізден басқа ешкімнің бізге жаны ашымайды деп ойлайды. Олардың ойынша адамдар қауіп жайлы білмейді, сондықтан біз өзімізді қорғауымыз керек.

Александра Архипова
Factcheck.kz