Дәрігерлер ауру белгілері жоқ науқастарды ауруханаға жатқызуға қарсы

MedSupport қауымдастығының дәрігерлері мен ғалымдары Алматы қаласының бас санитар дәрігерінің жаңа қаулысына қатысты үндеу жасады. Үндеуде COVID-19 симтомы жоқ адамдарды да ауруханаға жатқызу пайдасыз әрі қауіпті екені айтылған.

28 қаңтарда Алматының бас санитар дәрігері 1 ақпаннан бастап ауру деңгейіне қарамастан коронавирус анықталған барлық адамды ауруханаға жатқызылатынын мәлімдеген.

Біз MedSupport дәрігерлер мен ғалымдар қауымдастығы және де бұған бей-жай қарай алмайтын азаматтар атынан, бұл жаңашылдыққа қарсылығымызды білдіреміз.

Біріншіден, 2020 жылдың 3 желтоқсанында ҚР ДСМ ДСДРО бекіткен «Ересек адамдардағы коронавирустық инфекция» клиникалық протоколына сәйкес, ауру белгілері жоқ, жеңіл ағымды инфекцияға ұшырағандар ауруханаға жатқызылуға және арнайы ем алуға мұқтаж емес. Ауру белгілері байқалмаған, жеңіл және орташа ауру ағымы бар пациенттерді ауруханаға жатқызу клиникалық протоколға қайшы келеді.

Екіншіден, ауруханаға жатқызылған пациенттерге антибиотиктер, антикоагулянттар және басқа препараттар негізсіз тағайындалуынан қауіптенеміз.

Үшіншіден, көптеген халықаралық және қазақстандық зерттеулерге сәйкес, бірінші толқыннан кейін антибиотиктерге төзімді супербактерияларды жұқтыру қауіпі өскендігі дәлелденді. Ауруханаға жатқызылған пациенттердің өте қауіпті аурухана флорасын жұқтыру ықтималдығы өте жоғары, ал бұл бактериалдық асқыну және сепсис пен пневмониядан болатын өлім-жітімнің өсуіне апарады. 2020 жылы Қазақстанда 18 миллион дана антибиотик сатып алынған болатын, бұл супер төзімді патогенді және шартты патогенді инфекциялардың пайда болуына әкелді.

Төртіншіден, ең бай мемлекеттердің өзі коронавирус инфекциясы бар барлық пациенттерді ауруханаға жатқыза алмайды. Денсаулық сақтау министрлігінің болжамы бойынша, ақпан- наурыз айларында аурудың үдемелі кезі болмақ, ал бұл ауруханадағы төсек -орын, дәрі-дәрмек және еңбек ресурстарын қажет етеді. Барлық пациенттерді ауруханаға жатқызу денсаулық сақтау ресурстары мен бюджетін тауысып, ауыр және созылмалы аурулары бар және асқыну жағдайларына ұшыраған аса ауыр пациенттер үшін уақытылы және шұғыл түрде медициналық көмек алуға мүмкіндігін азайтады.

КВИ пациенттерінен басқа созылмалы аурулары бар, жоспарлы қаралуға және ота жасатуға мұқтаж тұлғаларға да, шұғыл медициналық көмекті қажет ететін пациенттерге де медициналық көмек керек екендігін ұмытпаған абзал.

Барлық пациенттерді ауруханаға жатқызу жасанды дефицит пен дәрігерлердің жұмыс жүгін көбейтеді, сондықтан олар барлық пациенттерге толықтай назар аудара алмай, емдеуге жетерлік уақыт бөле алмайды.
Бесіншіден, ауру белгілері жоқ пациенттерді ауруханаға жатқызу пациенттердің медицина мен билік органдарына сенімсіздігін арттыруы мүмкін. Пациенттер басқа пациенттермен қарым-қатынасқа түсу кесірінен ауруының асқынуынан қорқып, тестілеуден қашу, ауру белгілерін жасыру мен денсаулық жағдайы туралы ақпаратпен бөліспеу сияқты мінез-құлық көрсетуі мүмкін.

Мәжбүрлі түрде ауруханаға жатқызу медициналық персоналға қарсы озбырлық, медициналық бұйымдарды бұзу және стационардағы жұмыс жағдайын нашарлату сияқты салдарға әкеледі.

Ж.Бекшин мырзадан КВИ байқалған барлық пациенттерді ауруханаға жатқызуды баяндайтын қаулы бөлімін жоюын сұраймыз.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz