COVID-19 белсіздікке душар ете ме?

Әлеуметтік желіде коронавирустың аталық безге әсер етуі мүмкіндігі туралы ақпарат тарады. Материалда инфекция жұқтырған ер адамда екі жақты орхит тіркелгені айтылады һәм ер адамдардың болашақта ұрықтандыру қабілетіне күмәнданады. Біз мұның қаншалықты рас-өтірік екенін тексеріп көрдік.

Үкім: Үкім жоқ

Материал жарияланған American Journal of Emergency Medicine журналындағы ақпаратта 37 жастағы коронавирус расталған ер адам туралы айтылады. Ол ауруханаға келерден 3 күн бұрын басталған аталық бездегі ауруларға шағымданған. Оған дәрігерлер екіжақты орхит диагнозын қойған. Зерттеумен айналысатын ресми органдар мұндай жағдайдың болуы мүмкін екенін айтқандықтан, біз мұны үзілді-кесілді жалған дей алмаймыз. Толық зерттеу мен қадағалау шаралары жетіспегендіктен материалды үкімсіз қалдыру туралы шешім қабылдадық.

Саспаңыз, ерлердің бәрі бедеу боп қалады деп даурығудың да қажеті жоқ. Мұндай жағдай сирек кездеседі және әлі көп зерттеулерді талап етеді. Толығырақ төменнен оқыңыз.

Бұл қалай болғаны?

Биотехнологиялық ақпараттың ұлттық орталығы (NCBI) жазуынша еркектің репродуктивті жүйесіне вирус қалай әсер ететіні әлі анық емес. Бірақ, ұзақ уақытты жоғары температура қайталама аутоиммунды реакцияны тудыратын ерлердің репродуктивті жүйесінің зақымдануының ең ықтимал себебі болуы мүмкін.

Аталық безге вирус бірден жұғуы мүмкін екені таңқаларлық жағдай емес. Сонымен қатар, ерлердің репродуктивтік жүйесі қан-тестикулярлық тосқауылдың арқасында иммуносупрессивті ортаға ие, ол көбейетін вирустарды иммундық қадағалаудан қорғап қала алады.

Оның үстіне, осыған дейін SARS-CoV-1 инфекциясынан қайтыс болған алты пациенттен алынған тестілік аутопсия үлгілеріне зерттеу жүргізілген (SARS-CoV-2 SARS-CoV-1-ге 85% ұқсайды). Барлығында орхит анықталған.

Қорытындылай келе, қолда бар деректер маңызды және ACE2-нің SARS-CoV-2 жасушаларға енуінде өте маңызды рөл атқарады әрі ерлердің репродуктивті жүйесі ACE2-нің жоғары экспрессиясын көрсетеді. Жоғарыда аталған барлық алдын-ала мәліметтер COVID-19 сперматогенділікті тудыруы арқылы ерлердің репродуктивті денсаулығына әсер етуі мүмкін екенін дәлелдейді. Қазір нақты тұжырым жасау ерте сияқты көрінгенімен, бұл COVID-19-дың еркек репродуктивті жүйесіне ықтимал әсері жайында алаңдатуы керек.

NCBI

Дегенмен…

NCBI-дың келесі бір материалында SARS-CoV-2 жұқтырған адам клеткасына ангиотензинді түрлендіретін 2-ферментімен байланысуы арқылы ене алатыны жазылған. Осы рецептор аталық бездің әртүрлі типтерінде кеңінен көрініс береді, бұл COVID-19 инфекциясы бар ер науқастарда орхиттің дамуына жол ашады. Материалдарға шолудан, қазір SARS-CoV-2 жыныстық жолмен берілуінің дәлелі жоқ сияқты көрінеді; алайда, вирустық аналық бездің зақымдануы мен дисфункциясы ықтималдығын жоққа шығаруға болмайтынын айтады.

SARS-CoV-2 ерлердің репродуктивті жүйесіне патологиялық әсері және ер науқастарда дұрыс андрологиялық бақылауды қамтамасыз ету үшін қосымша зерттеулер қажет.

NCBI

Ғалымдардың келесі бір зерттеуінде коронавирустың орхитқа еш әсері жоқ екені айтылған. Ол тәжірибеге қатысқан, коронавирус жұқтырған 253 пациенттің ешбірінде орхит симптомдары байқалмаған.

Орхит қандай жағдайда пайда болады?

Орхит (немесе KIE-tis) – аталық бездің бірінің я екеуінің де қабынуы. Бактериялық немесе вирустық инфекциялар орхитті қоздыруы мүмкін яки себебі белгісіз боп қалуы ғажап емес. Орхит көбіне бактериялық инфекциядан немесе жыныстық жолмен берілетін инфекциядан пайда болады. Кейбір жағдайларда паротит вирусы орхитті тудыруы ықтимал.

Жыныстық жолмен берілмейтін орхиттің қауіпті факторларына мыналар жатады:

  • Паротитке қарсы вакцинаның болмауы;
  • Зәр шығару жолдарының қайталанатын инфекциялары;
  • Жыныс мүшелеріне немесе зәр шығару жолдарына операция жасалған жағдайда;
  • Несеп жолдарының аномалиясымен туылған кезде.

Қорытынды

Зерттеулердегі қарама-қайшылық пен ақпараттың жеткіліксіздігі қазір әлдене деп нақты айту ерте екенін көрсетіп отыр. Сондықтан, әзірше даурығуға себеп жоқ.

Фактчекер-журналист. Factcheck.kz сайтының шығарушы редакторы.

Factcheck.kz