«Бас фармацевт» Кристина Сомова және «Артериале» препараты – гипертониямен ауыратындарға бағытталған алаяқтық схема

Әлеуметтік желіде Кристина Сомованың жазғаны халықты дүрліктірді, ал оның мәлімдемесінің скриншоты жан-жаққа тарап жатыр. Айта кетейік, ол Қазақстанның бас фармацевтінің орынбасары болып істейді-міс. Тарап жатқан ақпараттың мазмұны келесідей: «Масқара, олар 100 мың теңге тұратын препаратты тегін бермекші! Дүниежүзі бұл дәріні бізден кез келген ақшаға, бір қорабын кем дегенде 500 мың теңгеге сатып алуға дайын. Ешкім инсульт немесе инфаркттан өлгісі келмейді. Ал олар тегін таратып әлек. Сонда кімге дейсіз ғой? Түк пайдасы жоқ кедей-кепшікке. Ондай жұмысшылар ешқашан пайдалы бір зат жасамайды. Ал зейнеткерлер ше? Оларға не керек? Олар өңделіп біткен материал. Өле берсін. Әйтеуір, жүрек қысымынан болмаса да, басқа аурудан өледі».

C:\разное\РУНЫ\1.jpg
Таралған хабарламаның скриншоты

Кристина Сомованың мұндай арсыз әрекеті қазақстандықтардың наразылығын тудырды. Ал расында мұндай адам бар ма және әңгіме қандай дәрі туралы болып жатыр? Осының бәрін тексеріп көруді шештік.

Үкім: Фейк және алаяқтық

Кристина Сомова – ойдан шығарылған адам, ал сөз болып отырған препарат – фейк, жалған. Бұл халық арасында дүрбелең туғыза отырып, ақша табудың кезекті алаяқтық схемасы. Мәтін өзекті тақырыпты көтере отырып, вирус сияқты тарап жатыр, сондай-ақ күмәнді «Артериале» (мүмкін нұсқалары: Артериол, Артериоле) препаратын жарнамалауда. Алаяқтық схема жүрек-қан тамыр жүйесі ауыратын адамдар мен олардың туыстарына бағытталған. Бұған дейін де тура осыған ұқсас схема бойынша «Гипертен» және CardioWell препараттары сатылды. Айта кетейік, олардың да еш пайдасы жоқ.

Схема мен оның тарихына егжей-тегжейлі тоқталайық

Біріншіден, Қазақстанда «Қазақстанның бас фармацевті» деген де, оның орынбасары деген де лауазым жоқ. 2019 жылға дейін Денсаулық сақтау министрлігі жанында Фармация комитетінің департаменті жұмыс істеді. Оның төрағасы Людмила Бюрабекова болды, қазір ол Денсаулық сақтау вице-министрі. Содан кейін қайта құрылым болып, Фармация комитетінің департаменті ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Тауарлар мен қызметтердің қауіпсіздігі және сапасы комитетінің құрамына кірді.

C:\разное\РУНЫ\2.jpg

Екіншіден, егер іздеу жұмыстарын жалғастыратын болсақ, осыған ұқсас оқиғаны ресейлік және украиналық сайттардан да табуға болады. Міне мына жерде Кристина Сомова Ресейдің бас фармацевтінің орынбасары болып кеткен және препараттың бағасы рубльде жазылған.

Ал мына жерде Кристина Сомова кенеттен Украинаның бас фармацевтінің орынбасары болып кетеді (препараттың бағасы гривенмен жазылған).

C:\разное\РУНЫ\3.jpg

Украинада бұл хабарлама наурыз-сәуір айларында тараса, Ресей мен Өзбекстанда маусымның басынан бастап қазірге дейін тарап жатыр. Қазақстанға хабарлама маусымның соңында – шілденің басында келді.

«Артериале» деген қандай препарат?

«Сонымен Кристина Сомова дегеніміз кім?» деген сұрақтың жауабын ол жарнамалап отырған дәрі-дәрмектен таба аламыз. Бұл оқиға Ресейдің i-apteka24.ru сайтында келтіріледі және «Артериале» препаратына арналған «Владимир Соловьевпен жексенбілік кеш» бағдарламасының сипаттамасы беріледі. Бұл да – фейк. Мұндай сұхбат ешқашан болған емес, сіз оны бірде-бір YouTube арнадан таба алмайсыз. Ал бағдарламаның нұсқасында әртүрлі, көбінесе, өмірде жоқ дәрігерлер отырады. Мысалы біз Ресей мен Өзбекстан үшін дайындалған екі түрлі нұсқаны таптық.

Мысал ретінде жалған сұхбаттың мәтінін келтіре кетейік:

Владимир Соловьев: Неліктен А.Л.Мясников атындағы Клиникалық кардиология ғылыми-зерттеу институты жасап шығарған жүрек пен қан қысымын емдеп, өлімнің алдын алатын бірегей ресейлік дәрі-дәрмектің тағдырын мұндай адамдар шешеді? Бағасы 17 мың рубль болса да, ол ТЕГІН берілуі керек пе? Осының басын ашып алайықшы.

Денис Проценко: Бұл дәріні жасап шығару үшін А.Л.Мясников атындағы Клиникалық кардиология ҒЗИ командасы 10 жылдан астам уақыт бойы жұмыс істеді. Нәтижесінде адамның жүрек-қан тамыр жүйесін толығымен жақсартуға қабілетті ерекше препарат пайда болды. Былай айтқанда, бұл дәрі жүрек-қан тамыр жүйесінде ауыр ауруларды емдеп, оны бастапқы күйге қайтара алады. Жүректің тоқтап қалуы, инсульт пен инфаркттан дүниежүзі бойынша адамдардың үштен екісі қайтыс болады. Аталмыш препарат осы үш патологияның алдын алып, адамның ерте қайтыс болуына жол бермейді. Сондықтан оған сұраныс та көп.

Владимир Соловьев: «Ол нақты не істейді?»

Денис Проценко: Бұл бір мезгілде бірнеше проблеманы шеше алатын, барлық жүрек-қан тамыр жүйесіне әсер ететін кешенді дәрі.

Керемет препараттың ұзақ сипаттамасынан кейін сайт сізге телефон нөміріңізді көрсете отырып өтініш қалдырып, олар көрсеткен сілтеме арқылы сиқырлы дәріге тапсырыс беруді ұсынады. Сілтемеде ТМД елдері де бар.

«Бас фармацевт» Кристина Сомова және «Артериале» препараты – гипертониямен ауыратындарға бағытталған алаяқтық схема
Сайттан скриншот

Сауалнаманы толтырғаннан кейін оператор сізге қоңырау шалып, препаратты сатуға тырысып, дәріні тегін тарату акциясы аяқталғанын айтады. Ресейлік «Совет.ОК» сайтында қызықты мақала жарияланған. Мақала авторлары жеке зерттеу жүргізіп, нәтижесінде бұл препараттың Ресейде тіркеуі жоқ екенін, сондай-ақ оның ББҚ (биологиялық белсенді қоспалар) ретінде де тіркелмегенін анықтаған.

Адамдарды тарту үшін алаяқтар жалған сайттарды пайдаланады, онда белгілі адамдармен жалған сұхбаттарға және ойдан шығарылған заңдарға сілтеме жасайды. Алайда «ресми» сайт та бар, онда препарат туралы «пікірлер» мен тіпті «дәрі-дәрмекке» арналған сертификат та бар. Бірақ бұл сайт, шамасы, көзі нашар көретін адамдарға арналған болуы керек.

«Бас фармацевт» Кристина Сомова және «Артериале» препараты – гипертониямен ауыратындарға бағытталған алаяқтық схема

Біз сертификатта не жазылғанын анықтадық. Ол мүлдем басқа препаратқа, «Гипертен» деп аталатын ББҚ-ға және «ГудПрайс» деп аталатын мүлдем басқа компанияға берілген (айтпақшы, «Гипертен» де дәрі-дәрмекке жатпайды және ол да ұқсас схема бойынша сатылуда). Ал сайттың төменгі жағында көрсетілген СЖН мен НМТН «Қойма және сақтаумен» айналысатын компанияға тиесілі, яғни олар дәрі-дәрмек саудасына және дәріхана бизнесіне еш қатысы жоқ. Шамасы, бұл екі компания бір-бірімен байланысты, ал ашық деректер бойынша олар ақшаны жақсы табады.

Айтпақшы, сайтпен байланыс қорғалмаған, сондықтан сіз ақшаны банк картасымен төлейтін болсаңыз, оларда картадағы мәліметтерді алып қалуға мүмкіндік бар.

Бір қызығы, бұған дейін де тура осы схема бойынша атауы басқа, бірақ сипаттамасы дәл осындай препараттар сатылған болатын. Өзіңіз салыстырып, айырмашылық тауып көріңіз:

«Бас фармацевт» Кристина Сомова және «Артериале» препараты – гипертониямен ауыратындарға бағытталған алаяқтық схема
CardioWell препаратының сайтынан жасалған скриншот. Айтпақшы, «дәрігер» Иван Плотниковтың фотосы да фейк, бұл фотосурет түрлі дәрілерді жарнамалау үшін әртүрлі аттармен қолданылған. Плотников біресе Сергеевке айналып, мамандығы қан тамыр хирургынан гастроэнтерологқа өзгеріп отырған.
Ал мынау бізге таныс «Гипертен» препараты, мұнда тек атауы өзгерген.

Естеріңізге сала кетейік, біз мұндай схемаларды бірнеше рет талдаған едік. Сондай-ақ алаяқтар ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің сайтын қолдан жасаған кезде де материал әзірледік. Интернеттен белгісіз дәрі-дәрмектер сатып алмаңыз! Бұл сіздің денсаулығыңызға қауіпті әрі сіз ақшаңыздан айырылып қалуыңыз мүмкін.

Factcheck.kz