БАД әйелдерді коронавирустан қорғай ма?

17 желтоқсанда Baigenews сайты белгісіз ғалымдарға сілтеме жасай отырып, Биологиялық белсенді қоспалар (ББҚ) әйелдердің коронавирус жұқтыру қауіпін 10-15%- ке азайтады деген ақпарат таратты. Оқырманның өтініші бойынша Factcheck.kz деректің рас-өтірігін тексерді.

Ғалымдар мультивитаминдер, D дәрумені, пробиотиктер және омега-3 май қышқылдарын қабылдау коронавирус қаупін орта есеппен 10-15%-ке төмендететінін анықтады. Алайда мұндай көрсеткіштер тек әйелдерге қатысты деп жазады REN TV. Ғалымдар ерлерде қоспа мен аурудың төмендеу арасында ешқандай байланыс таппаған.

Baigenews

Үкім: Манипуляция және арандату

Бұл ақпарат біздің оқырмандарға жақсы таныс medRxiv препринт зерттеулер сайтында жарияланған. Мұндай сайт пен оның ақпараттарына неге сенуге болмайтыны турасында бұған дейін бірнеше рет жаздық. Оның үстіне ББҚ-ны шектен тыс пайдалану организмге зиянын тигізуі мүмкін. Толығырақ төменнен оқыңыз.

Бұл зерттеу ме, күмәнді дерекке сараптама ма?

Ескерту! Төмендегі “зерттеу жұмысы” препринт, яғни ғылыми ортаның растауынан өтпеген. Деректер қате яки толық емес болуы мүмкін. Біз оны сіздерге материалда нақты не жазылғанын көрсету үшін ұсынып отырмыз.

Зерттеу авторлары Zoe Global Ltd компаниясының өнімі COVID Symptom Study қосымшасынан алынған деректерге сүйенген. Олар арнайы мобильді қосымшаның шамамен 1,4 миллион қолданушы мәліметтерін талдаған. Онда қатысушылар тағамдық қоспаларды үнемі қабылдау туралы сұрақтарға жауап берген. Қолданушылар коронавирустың тестілеу нәтижелері туралы және оларда аурудың белгілері бар-жоғын хабарлап отырған. Деректерді сараптап, авторлар пробиотиктер, омега-3 май қышқылдары, мультивитаминдер немесе D дәрумені қоспалары әйелдердің SARS-CoV-2 сынамасына оң ықпал етеді деген қорытындыға келген. Еңбекте еркектердің арасында мұндай өзгерістің байқалмағаны айтылады.

Бірақ…

Авторлар зерттеуінің шектеулері бар екенін жасырмайды:

Біріншіден, олар өзін-өзі бағалау деректерін қолданған, бұл ақпараттың бұрмалануына, оның ішінде бұрыс жіктеуге әкелуі мүмкін. Зерттеуге қатысушылар симптомдардың дамуынан кейін қоспалар қабылдай бастаса, бұл дерекге әсер етуі ықтимал.

Екіншіден, қосымшаны пайдаланатын қатысушылар өз бетінше таңдалған топ, бұл жалпы халықтың толық көрінісі бола алмайды және оларға коллайдердің ауысуы әсер етуі мүмкін.

Үшіншіден, SARS-CoV-2 инфекциясының диагнозы RT-PCR сынағына негізделген, ол 100% нақты емес.

Төртіншіден, қатысушылар авторлар сұраған жеті қоспадан бөлек басқа қоспаларды қабылдаған болуы мүмкін.

Бесіншіден, қатысушылар қолданатын қоспалар ингредиенттерінің нақты мөлшерін білгісіз. Сонымен, бұл белгілі бір уақыт аралығында жүргізілген бақылаулы кросс-секция зерттеуі және себеп-салдар туралы қорытынды жасауға мүмкіндік бермейді.

Пандемия кезінде қоспаларға деген қызығушылықты ескере отырып, фактілерге негізделген ұсыныстар жасау үшін, таңдалған қоспалардың қорғаныс әсерін, сондай-ақ ауруға ықтимал қолайсыз ықпалын тексеретін терең рандомизацияланған бақыланатын сынақтар қажет.

Авторлардың қорытындыда айтқаны

Пайдасынан зияны көп пе?

Жалпы, тағамдық қоспаларға витаминдер, минералдар, шөптер, аминқышқылдары және ферменттер сияқты ингредиент кіреді. Олар таблетка, капсула, жұмсақ гель, желатин капсуласы, ұнтақ пен сұйықтық сияқты формаларда сатылады.

Егер сіз түрлі пайдалы тағамдарды жемесеңіз, кейбір ББҚ-лар сізге негізгі қоректі заттардың жеткілікті мөлшерін алуға көмектеседі. Алайда, қоспалар дұрыс тамақтану үшін маңызды асты алмастыра алмайды.

АҚШ Тамақ өнімдері мен дәрі-дәрмек сапасын санитариялы қадағалау басқармасы ББҚ-лардың зияны пайдасымен қатар жүретінін жазады.

Көптеген қоспада ағзаға күшті әсер ететін биологиялық белсенді ингредиенттер бар. Бұл оларды кейде қауіпті етіп, денсаулығыңызға зиян келтіруі немесе нашарлатуы мүмкін. Мысалы, келесі әрекеттер залалды, тіпті өмірге қауіп туғызуы ықтимал:

  • Қоспаларды араластыру;
  • Дәрі мен қоспаларды қатар пайдалану (рецепт бойынша да, рецептсіз де);
  • Қоспаларды рецептісі бар дәрі-дәрмекпен алмастыру:
  • А дәрумені, D дәрумені немесе темір сияқты белгілі бір қоспаларды тым көп қабылдау:
  • Кейбір қоспалар отаға дейін, оның барысында және одан кейін де жағымсыз әсер етуі мүмкін. Сондықтан дәрігерге, әсіресе фармацевтке қоспалар туралы міндетті түрде хабарлаңыз.

ББҚ пайдаланғанда мөлшермен ішу маңызды екенін Ақмола облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті ескертеді. Мысалы, бета-каротиннің көп дозасы темекі шегушілерде өкпе обырының даму қауіпін көбейтуі мүмкін. Ал кальций мен D витаминін көп тұтыну бүйректе тастардың пайда болу қаупін арттырады.

ББҚ-ны тұтына отырып, олардың дәрі-дәрмек емес екенін және арнайы сертификаттаудан өтпегенін біліңіз, олар дәрі ретінде арнайы сынақтан өтпесе де, дәріханаларда сатылып жатыр.

Ақмола облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті

Дегенмен, Т.Х. Чан атындағы Гарвард денсаулық сақтау мектебі пандемия кезінде жалпы имунитетке күтіммен қарап, минералдар мен дәрумендерді (көкөніс, жеміс, жаңғақ түрлері және т.б) көп тұтыну керектігін, бірақ олар жетіспеген жағдайда, орнын ББҚ-лармен алмастыруға болатынын жазады (коронавирус жұқтырғанда қаншалықты пайдасы бар екендігі туралы нақты зерттеу нәтижелері болмаса да).

Қорытынды

  • Медиада тараған ББҚ-ның әйелдерді коронавирустан қорғай алады деген ақпарат препринт деңгейіндегі еңбек, тиісінше — манипуляция. Нақты клиникалық зерттеулер қажет;
  • ББҚ-ны білместікпен, дәрігермен кеңеспей ішу әр түрлі қиындықтар туғызуы мүмкін. Пайдаланарда сақ болуыңыз абзал;
  • Қазір, әлі де болса, нақты мойындалған зерттеу нәтижесі жоқтың қасы.

Бұл материал Қазақстандағы Ұлыбритания елшілігінің COVID-19 туралы жалған ақпаратпен күрес жобасы аясында жарияланды.

Фактчекер-журналист. Factcheck.kz сайтының шығарушы редакторы.

Factcheck.kz