Мессенджерлерде әйел адам (болжам бойынша мұғалім) ата-аналарды танымал Among Us онлайн-ойынының қауіпті екенін ескертіп, оны даулы «Синий кит» ойынымен салыстырған видео тарап жатыр.
Ата-аналар, балаларыңыздың телефонында мынадай ойын бар-жоғын тексеріңіздер. Егер бар болса, сіздерден өтініп сұраймын, балаңызбен әңгімелесіңіз, дүйсенбі мен де сөйлесемін. «Көк кит» ойыны естеріңізде болар, бұл да сол секілді, балалар қандай да бір тапсырманы орындау керек. Дереу осы ойынды өшіріп тастаңыз, жалпы түрлі ойын бастыруға мүмкіндік беретін телефонды әпермегендеріңіз жөн.
Ары қарай әйел мектептерінде болған оқиғаны баяндайды. Осы ойынның салдарынан оқушы тапсырманы орындаймын деп бір күн көшеде тығылып қалған, ал ата-анасы оны тәулік бойы іздеп, әуре сарсаңға түскен. Әйел осындай оқиға өзінің сыныбында да бола ма деп уайымдайды екен.
Сол аралықта тағы бір аудиожазба тарап кетті. Онда бұл ойын балаларды өзіне қол жұмсауға әкеп соғуы мүмкін делінген. Whatsapp-тағы аудиожазбада әйел адам 34 мектептегі (қай жерде екені белгісіз) әлдебір қыз осы ойын салдарынан асылып қалғанын айтқан.
Тіпті ҚР Білім және ғылым министрлігінің Бала құқықтарын қорғау комитеті Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне сауал жолдап, ойынның қауіптілік деңгейін тексеруді сұрады.
Оқырмандардың өтінішімен Factcheck.kz те мессенджерлердегі хабарламаны тексеріп, ойынның өзін сынақтан өткізіп көрді.
Материалды кешікітіріп жариялағанымыз үшін оқырмандарымыздан кешірім сұраймыз.
Үкім: Фейк
Шын мәнінде «Синий кит» пен Among Us арасында ешқандай ұқсастық жоқ. Ойында расында тапсырма беріледі, бірақ тапсырма шынайы өмірде емес, ойынның өзінде орындалады. Ол жерде «көшеде тығылып қалу» немесе одан да сорақысы – «өзіңе қол жұмсау» сынды тапсырма жоқ.
Бұл онлайн-ойын және ол жерде ортақ чат бар, сол арқылы ойыншылар шектелген уақыт аралығында бір-бірімен хат алмаса алады. Сондай-ақ дыбыстық хабарлама жіберу мүмкіндігі бар, бірақ ол үшін Discord бағдарламасын пайдалану керек. Ойыншылармен сөйлесу – ойынның ажырамас бөлігі. Егер бала танымайтын адамдармен ойнаса чатта түрлі сөздер жазылуы мүмкін екенін жоққа шығармаймыз. Соған қарамастан, зерттей келе біз осы ойын аясында дөрекі сөйлесу өзіне қол жұмсауға әкеп соғу мүмкіндігі төмен деп ойлаймыз.
ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Білім және ғылым министрлігінің сауалына ойында қандай да бір тәртіпке қайшы контенттің бар екені, оның ішінде ойыншылардың суицидке бейімділігі туралы қорытынды шығара алмайтынын айтты.
Маңызды тұстары
- Жас шектеуі 7+ және 10+ аралығында.
- Ойында миды зақымдайтын контент (қан және т.б.) жоқ, бірақ өлтіру (ойында) геймплейдің бір бөлігі.
- Ойында ойыншылардың өзі ойлап тапқан жасырыну форматтары бар. Бірақ тағы да айта кетейік, бұл әрекеттер шынайы өмірде емес, ойында болып жатыр.
Толығырақ
Сөзіміз құрғақ болмауы үшін ойынды сынап көрейік деп шештік, сондай-ақ геймплейді Youtube-тен ондаған сағат бойы тамашалаған журналистеріміздің бірімен кеңестік. Мақсатымыз – ойынның барлық қолжетімді әрі жасырын (егер бар болса) мүмкіндіктерін білу болатын.
Among Us («Біздің арамызда», – ағылш.) – жалпы бұл біз білетін «Мафия» ойыны, тек компьюттерлік ойын түрінде және сюжеті сәл басқашалау. Ойынды 4 адамнан 10 адамға дейін ойнай алады. Ойынның басталарда әр ойыншыға рөл беріледі – «экипаж мүшесі» немесе «жалған кейіпкер» деген сияқты. Сонымен қатар әр ойыншы тек өзінің рөлін ғана біледі. Экипаж мүшелерінің міндеті – тапсырманы орындап, сатқындарды анықтау. Жалған кейіпкерлердің міндеті – экипаж мүшелерін өлтіру. Ереже бойынша, 8 экипаж мүшесі мен 2 жалған кейіпкер болады. Оны өзгертуге болады. Экипаж мүшелері жеткілікті дәрежеде өлтірілген кезде жалған кейіпкерлер жеңіске жетеді. Экипаж мүшелері екі жолмен жеңе алады: жалған кейіпкерлердің бәрін табу немесе тапсырманың барлығын орындау арқылы.
Ойындағы тапсырмалар қарапайым әрі түсінікті – бірнәрсені басу, саусақпен жылжыту, қозғалту. Қиналатын түгі жоқ. Сондай-ақ шын өмірде орындау керек тапсырмалар берілмейді.
Сатқын ойында экипаж мүшесін өлтірген кезде, оқиға орнында мәйіт қалады. Адам өлтіру сахналарында қан жоқ және жалпы шынайы көрінбейді. Байқағаныңыздай, ойындағы анимация балалар аудиториясына арналып жасалған.
Егер экипаж мүшесі жолдасының денесін тапса, батырма көмегімен хабар береді, барлық ойыншы автоматты түрде белгілі бір уақытқа келіссөз бөлмесіне жиналады, сол жерде кінәліні анықтауға тырысып, дауыс береді. Ойыншылар негізінен чаттың көмегімен сөйлеседі.
Өзіміз сынап көріп,, интернеттегі басқа геймерлерді де көріп шығып, чаттарда күдікті хабарлама байқамадық. Әрине, басқа да ойындар секілді, ойыншылардың сөйлесуінде боқауыз сөздер кездеседі. Агрессиялық сөздер де болуы мүмкін. Егер осы жағдай сізді алаңдатса, балаңыздың бұл ойынды ойнамағаны дұрыс.
Сондай-ақ балаңыз жас шектеуіне іліксе, ойнамағаны абзал. Play Маркет-те ойынға 7+ деген шектеу қойылған. ESRB ойыншылардың 10 жастан кіші болмауын ұсынады. App Store-дағы шектеу – 9+. PEGI ұсынысы – 7+.
Ойынды әлем бойынша көптеген адамның, ересектер мен балалардың ойнайтынын ескерген дұрыс. Ойыншылар бір-бірін көрмейді және кімнің қаншада екенін де білмейді. Сондықтан, үлкендер арасында жас балалардың бар екенін білмей боғауыз сөз айтып қоюы әбден мүмкін. Ойынның бала үшін ең қауіпсіз түрі – таныстарымен және достарымен ойнау.
Сондай-ақ басқа бағдарламалар тәрізді Among Us та қолданушылардың кей мәліметтерін жинайтындықтан, бұзып алуы мүмкін.
ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі не дейді?
Білім және ғылым министрлігінің сауалына жауап ретінде АҚДМ былай деп жазған:
Ойын телефонға Play Market және App Store бағдарламалары арқылы жүктеледі. Ойында ортақ чат арқылы немесе телефонға discord жүктеп, сол арқылы дыбыстық хабарламалар арқылы тілдесуге болады. Хатты ойын қатысушылары арасында алмасуға болады, бірақ басқа қатысушыларға ол қолжетімсіз. Сол себепті ойын қатысушылары не туралы әңгімелесіп жатқанын білу мүмкін емес. Осыған байланысты министрлік ойында тәртіпке қайшы контенттің бар-жоғын, оның ішінде қатысушылардың суицидке бейімділігі туралы қорытынды жасай алмайды. Сонымен қатар министрлік Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, әр ата-ана өз баласы үшін жауапты екенін әрі баласы ақпарат кеңістігінде немен айналысып, кіммен, қандай тақырыпта хат алмасып жатқанына өзі жауапты екенін атап өтті.
Қорытынды: Егер балаңыз компьютерлік ойынды шынайы өмірден ажырата алатындай, пікірлесу, кейде өтірік айту керегін білетіндей ересек болса және чаттағы танымайтын адамдарға жеке мәліметті бермейтіндей сауатты болса, ойын ол үшін қауіпсіз.
Пікір қалдыру үшін өз аккауныңызға кіріңіз.