Әлеуметтік желілер мен БАҚ беттерінде адам папиллома вирусының тұрмыстық заттар немесе спорттық құрал-жабдықтар арқылы, мысалы, жаттығу залдарында жұғуы мүмкін деген пікірлер жиі кездеседі (1, 2, 3, 4).
Factcheck.kz редакциясы осы мәселенің қаншалықты рас екенін анықтап көрді. Бұл сұраққа жауап алу үшін біз акушер-гинеколог, АПВ-ға қарсы вакцинация саласындағы зерттеуші Фатима Қасымбековаға жүгіндік.
Үкім: Шындыққа жақын
Адам папиллома вирусы тұрмыстық заттар арқылы жұғуы мүмкін, бірақ сирек жағдайда және терінің тығыз байланысы, оның ішінде жарақаттар, жарықтар немесе микро жаралар болған кезде ғана жұғады. Сонымен қатар бұл жолмен денсаулыққа қауіпті емес, рак тудырмайтын АПВ түрлері ғана беріледі. Ал онкогендік типтер негізінен жыныстық жолмен тарайды.
АПВ түрлері мен олардың тарау жолдары туралы толығырақ төменде жазылған.
АПВ-ның жұғу жолдары
Анықтама: АПВ — бұл кең тараған вирус топтары. Олардың кейбіреуі сүйел тудыруы немесе онкогендік қасиетке ие болуы мүмкін. Вирустың шамамен 200 түрі бар. Оның 40-қа жуығы жыныс аймағын зақымдайды. Жатыр мойны қатерлі ісігінің 95%-тен астамы АПВ-мен байланысты.
Фатима Қасымбекованың айтуынша, АПВ-ны екі үлкен топқа бөлуге болады.
Бірінші топ— тері типтері. Бұл түрлер теріні зақымдайды және терімен тікелей байланыс арқылы беріледі. Мысалы, қол алысу, спорттық тренажёрлар мен құрал-жабдықтарды пайдалану, спорт залдары мен душтағы едендер немесе басқа да лас жерлер арқылы. Олар теріде сүйелдер тудырады, рак тудырмайды, әдетте денсаулыққа айтарлықтай қауіп төндірмейді.
Сонымен қатар мұндай АПВ түрін жұқтыру ықтималдығы өте төмен. Вирус адамның ағзасына терідегі ұсақ жырықтар немесе микро жаралар арқылы енуі мүмкін. Иммунитет төмендегенде немесе ағзаның иммундық жауап беруін тежейтін дәрілерді қабылдағанда жұқтыру қаупі артады.
Екінші топ — шырышты қабықтың АПВ түрлері. Бұл топтағы АПВ-ның шамамен 14 түрі онкогенді деп танылған. Ең жиі кездесетін екі «жоғары онкогендік қауіп» генотипі — 16 және 18 — жатыр мойны қатерлі ісігінің барлық жағдайларының шамамен 70%-тін тудырады.
Бұл вирустар негізінен жыныстық байланыс арқылы беріледі: шырышты немесе тері-шырышты байланыс кезінде, пенетрациясыз жағдайларды қоса алғанда, сондай-ақ қынаптық, анальдық және ауыз қуысы арқылы (терең сүйісуді қоса алғанда). Бұл вирустар аса қауіпті, өйткені олар тек жыныс мүшелерінде, анус немесе ауыз-жұтқыншақ аймағында кондиломалар сияқты қатерсіз түзілістерді ғана емес, сонымен қатар қатерлі ісіктерді де тудыруы мүмкін: жатыр мойны қатерлі ісігі, анал каналдың қатерлі ісігі, қынап, вульва және жұтқыншақ қатерлі ісігі.
Шырышты қабықтарға әсер ететін АПВ дұрыс қолдану ережелері мен өңдеу әдістері сақталмаған жағдайда, мысалы, жыныстық ойыншықтар немесе гинекологиялық кабинет құралдары арқылы жұғуы мүмкін.
Вирус жансыз заттарда 7 күн бойы сақталып, тіпті кебу мен ыстықтың әсеріне қарамастан өмір сүруін жалғастыра алады. Бір апта өткен соң да ол 30% жағдайда жұғу қаупін тудырады. Сондықтан басқа адамдардың жеке заттарын қолданудан аулақ болу өте маңызды.
АПВ-ның басқа да берілу жолдары
АПВ жұғуының негізгі екі жолынан бөлек, кейде балаға анасының папилломатозды көмекей инфекциясын жұқтыру жағдайлары кездеседі. Анасының жыныс мүшелерінде сүйелдер болса, бұл инфекцияның балаға жұғу қаупі 200 есе артады. Сонымен қатар өз-өзіне жұқтыру жағдайлары да болады: вирус адамның қолында болса, ол басқа дене бөліктеріне тарауы мүмкін.
АПВ қан арқылы және ауа-тамшы жолымен жұқпайды. Алайда кейде бұл вирус пациенттен дәрігерге берілуі мүмкін. Мұндай жағдай зақымдалған тіндерді жою процедуралары кезінде болуы ықтимал. Хирургиялық түтінде вирус жұқтырған жасушалар, тері бөліктері және басқа да микробөлшектер дұрыс эвакуацияланбаса, олар дәрігердің тыныс алу жолдарына түсіп, жұтқыншақ, көмекей және тыныс алу жолдарының қатерлі ісіктерінің даму қаупін арттыруы мүмкін.
Алдын алу
Онкогендік қаупі жоғары АПВ жұқтырудың алдын алу үшін мүшеқап сияқты тосқауыл әдістерін қолдану ұсынылады. Алайда бұл 100% қорғанысты қамтамасыз етпейді. АПВ-ның алдын алудың ең тиімді тәсілі – вакцина салдыру.
Вакцина жыныстық қатынас басталғанға дейінгі уақытта (9–14 жас аралығында) ең тиімді саналады, себебі қауіпті вирустан алдын ала қорғаныс қалыптастырады. Десе де, вакцина ересек жаста да тиімді, өйткені ол вирустың ең қауіпті түрлерін жұқтыру қаупін төмендетеді. Көптеген зерттеу вакцинаның қауіпсіздігі мен тиімділігін растады, сондықтан ол әлемнің көптеген елінде ұсынылған.
АПВ-ға қарсы екпе туралы мына жерден оқи аласыз.