Сәуір айында әлеуметтік желіде Қазақстан мектептерінде оқушылардың жеке деректері заңсыз жиналып жатқаны туралы хабарламалар тарады. Бұл деректер «111» байланыс орталығының QR-кодтары арқылы жүргізілетін сауалнама жолымен жиналады деп көрсетілген (1, 2, 3, 4, 5, 6). Жарияланымдарда айтылғандай, байланыс орталығы жинаған ақпаратты ювеналды полицияға береді, ал оның нәтижесінде ата-аналардан балаларын алып қоюы мүмкін екені айтылған.



Factcheck.kz редакциясы мұның қаншалықты рас екенін тексеріп көрді.
Үкім: Жалған
«111» байланыс орталығы құқық қорғау органдарына «заңсыз» ақпарат жинау мақсатында мектеп оқушылары арасында сауалнама жүргізбейді. «111» байланыс орталығы отбасы, әйел мен бала құқы мәселелері бойынша кеңес беріп, психологиялық көмек көрсетеді. Байланыс орталығы алған ақпарат мемлекеттік органдарға тек белгілі бір жағдайларда – мысалы, жедел әрекет етуді талап еткенде ғана жолдануы мүмкін. Баланы отбасынан тек сот шешімімен және тек «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Кодексте жазылған жағдайларда ғана алып қоюға болады.
Біз тапқан осы хабарламаның ең алғашқы нұсқасын «Перiште» ҚҚ директоры және «Регион ЕврАзия» бас редакторы Жанар Дәулет жариялаған. Бұған дейін Factcheck.kz осы қолданушы таратқан дезинформацияларды да талдаған-ды (мысалдар: мұнда және мына жерде).
Жанар Дәулет жариялаған жазбада көрсетілген сауалнаманың бастапқы көзі табылған жоқ. Кілт сөздер арқылы іздеу тек біз тексеріп отырған жарияланымдарды ғана көрсетеді. Ашық дереккөздерде бұл сауалнаманы байланыс орталығы қолданатынын растайтын айғақтар жоқ.
Мектепте QR-кодтар үшін қажет?
«111» байланыс орталығы 2017-2018 жылдары Қазақстан Республикасындағы Балалар құқы жөніндегі уәкілдің жанынан балаларға жедел көмек көрсету және олардың құқын, еркі мен заңды мүдделерін қорғау тетіктерінің бірі ретінде құрылған. 2023 жылғы қазан айында сенім телефоны 101, 102, 103 және т.б. сияқты мемлекеттік жедел қызметтердің тізіміне енгізілді.
Қазақстан Республикасының «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Кодексінің 1-бабы 29-тармағының 1) тармақшасына сәйкес, «111» байланыс орталығы – бұл ақпараттандыру саласындағы уәкілетті орган айқындайтын, отбасы, әйел мен бала құқы мәселелері бойынша ақпараттық-анықтамалық, ұйымдастырушылық және психологиялық қызметтерді жүзеге асыратын заңды тұлға.
QR-кодтарды мектептерге орналастыру – бұл балаларға көмекке жүгінуді барынша қолжетімді және ыңғайлы етуге бағытталған мемлекеттік бастама. Бұл жаңалық бірқатар БАҚ-та жарияланып (1, 2, 3, 4, 5), ҚР оқу-ағарту министрлігі баланың құқын қорғау комитетінің төрайымы Насымжан Оспанованың 2025 жылғы қаңтардағы ресми мәлімдемесімен расталған.
Бұрын балалар байланыс орталығына тек телефон арқылы ғана хабарласа алатын. Енді QR-кодтар арқылы сұраныс жолдау мүмкіндігі пайда болды. Бұл көмекке жүгіну процесін едәуір жеңілдетеді, ыңғайлы әрі қолжетімді етеді. QR-кодтар қажетті ақпарат пен көмекті жылдам әрі анонимді түрде алуға мүмкіндік береді, бұл балалардың сұрақтарына және өтініштеріне жедел әрекет етуді қамтамасыз етеді.
Насымжан Оспанова
Тексеру мақсатында Factcheck.kz редакциясы эксперимент жасап көрді. Біз бастапқы посттарда көрсетілген QR-кодты таптық. Оны сканерлеген кезде «111» байланыс орталығының кеңесшісімен чат ашылды, ол өзін таныстырып, не мазалап тұрғанын сұрады. Сауалнама туралы қойған сұрағымызға кеңесші байланыс орталығы бұл іспен айналыспайтынын, тек кеңес беретінін айтты.
«111» байланыс орталығы қандай ақпаратты беруі мүмкін?
Біз «111» байланыс орталығының қызметі туралы ресми ережелерді және оның жұмысын реттейтін нормативтік-құқықтық актілерді зерттедік. Бұл ретте негізгі құжат – ҚР цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің 2024 жылғы 28 маусымдағы № 378/НҚ бұйрығы.
Ережелердің 6, 12 және 15-тармақтары байланыс орталығының өтініші бойынша ақпаратты жинауға және өңдеуге, сондай-ақ оны орталық мемлекеттік немесе жергілікті атқарушы органдарға беруге құқығы бар екенін көздейді. Алайда ол тек белгілі бір шарттар мен шектеулерді сақтау арқылы ғана жүзеге асады, олар 6, 12 және 15-тармақтардың өзінде нақты көрсетілген.
- 6-тармақ жедел әрекет етуді талап ететін жағдайларда ақпарат беруге рұқсат етеді. Сондай-ақ, әңгіме жазбасы ақпараттандыру саласындағы уәкілетті органға жазбаша сұрау арқылы берілуі мүмкін екені көрсетілген.
- 12-тармақ өтініш бойынша жедел әрекет етуді талап ететін жағдайда мемлекеттік органдармен ауызша және жазбаша ақпарат алмасуға рұқсат береді.
- 15-тармақ тек өтініш тақырыбына тікелей қатысты мәліметтер ғана берілетінін нақтылайды.
Осылайша, «111» байланыс орталығы құқық қорғау органдарына жүйелі түрде ақпарат жинау мақсатында мектеп оқушыларын сауалнамаға тартпайды. Мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл нақты өтініш шеңберінде, тек белгілі бір жағдайларда ғана жүзеге асады, ал берілетін ақпарат көлемі қатаң шектелген.
«111» байланыс орталығына жүгіну нәтижесінде ата-ана құқығынан айырылу мүмкін бе?
Қазақстан Республикасының «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Кодексінің 76-бабына сәйкес, біреуді ата-ана құқығынан тек сот шешімімен және заңда белгіленген нақты жағдайларда ғана айыруға болады. Кодекстің 75-бабына сәйкес, ата-ана құқығынан айыру мынадай жағдайларда мүмкін:
- ата-аналар өз міндеттерін орындаудан жалтарса, соның ішінде алимент төлеуден әдейі жалтарса;
- перзентханадан (бөлімшесінен), жетім балаларға арналған ұйымдардан немесе ата-анасының қарауынсыз қалған балаларға арналған өзге де ұйымдардан баласын дәлелді себепсіз алудан бас тартса;
- ата-ана құқықтарын теріс пайдаланса;
- балаға қатыгездікпен қараса, соның ішінде оған физикалық немесе психикалық зорлық-зомбылық көрсетсе, жеке (жыныстық) кеңістігіне қол сұқса;
- құмар ойындарға, бәс тігуге, ішімдікке немесе есірткі, психотроптық заттар мен (немесе) олардың баламаларына әуес болса.
Осылайша, «111» байланыс орталығына жүгіну ата-ана құқығынан айыру үшін тікелей негіз бола алмайды. Байланыс орталығы тек баланың өміріне, денсаулығына немесе құқына қауіп төнген жағдайда ғана ақпаратты уәкілетті органдарға беруге құқылы — және бұл тек заң аясында жүзеге асады. Ата-ана құқынан айыру туралы бағаны да, шешімді де тек сот шығарады.
Пікір қалдыру үшін өз аккауныңызға кіріңіз.