Заңгер: ТЖ мен ТС айырмашылығы және карантин қашан бітеді?

Ескерту: Қазақстан Республикасының заңнамасында “чрезвычайное положение” және “чрезвычайная ситуация” терминдерін төтенше жағдай деп көрсетілген. Мақала оқырманға түсінікті болу үшін ЧП – төтенше жағдай, ал ЧС – төтенше ситуация деп алуды жөн көрдік.

Материалды кеш беруіміздің негізгі себебі де осыда. Аударманы дер кезінде ұсынбағаныз үшін оқырмандардан кешірім сұраймыз!


Қазақстанда ТЖ режимін ұзарту немесе тоқтату туралы нақты ақпараттың жоғына байланысты әлеуметтік желілерде көптеген өсек-аян тарауда. Ал көптеген адамдар төтенше жағдай режимін, төтенше ситуация және карантин ұғымдарын шатастырады.

ТЖ және ТС режимдерінің бір-бірінен айырмашылығы қандай, билік төтенше жағдай режимі алынғаннан кейін карантинді ұзарта ала ма? Заң ғылымдарының докторы Роман Подопригора бұл сұрақтарға өзінің Roman.Law телеграм каналында жауап берген еді.

Заңгердің айтуынша, төтенше жағдай режимі мен төтенше ситуация – бұл төтенше режимдердің бірі. Бірақ олардың арасында айтарлықтай айырмашылық бар.

Роман Анатольевичтің рұқсатымен оның жазғанын қолданып, мақала дайындадық.

Төтенше ситуация

 Төтенше ситуацияның екі түрі бар:

  • Әлеуметтік сипаттағы құқықтық ТС режимі. Ол адамдардың мінез-құлқына (жаппай тәртіпсіздіктер, ұлтаралық қақтығыстар және т.б.) реакциямен байланысты. Оны кім енгізетінде біраз түсініспеушілік бар. Әрине, бұл режимді әкімдік Ұлттық Қауіпсіздік комитетімен келісе отырып еңгізеді. Режим белгілі бір аймақта енгізіледі. Бұл режим заңда Жаңаөзендегі оқиғадан кейін пайда болған сияқты.
  • Табиғи және техногенді сипаттағы құқықтық ТС режимі. Дүлей зiлзала (жер сiлкiнiсi, сел, көшкiн, су тасқыны және басқалар), табиғи өрт, iндеттер мен малдың жұқпалы аурулары, ауылшаруашылық өсiмдiктерiнiң және ормандардың кеселдерi мен зиянкестерi арқылы зақымдануын туғызған, адамдардың өліміне әкелiп соққан немесе әкелiп соғуы мүмкiн, олардың денсаулығына, қоршаған ортаға және шаруашылық жүргiзушi объектiлерге нұқсан келтiрген немесе келтiруi мүмкiн, халықты едәуiр дәрежеде материалдық шығынға ұшыратқан жағдай. Бұл режимді не премьер-Министр (жаһандық немесе өңірлік) не әкім (жергілікті) жариялайды.

Екі режим де ТС жариялауға негіз болған жағдайлар жойылғанға дейін енгізіледі. Жедел штабтар құрылады, ТЖ кезінде жасалатын (ұйымдардың қызметін тоқтата тұру, сауда тыйымдары) шаралар қолданылады.

Жоғарыда көрсетілген ТC нәтижесінде демократиялық институттарға, Тәуелсіздік пен аумақтық тұтастыққа, саяси тұрақтылыққа, азаматтардың қауіпсіздігіне елеулі және тікелей қатер төнгенде және мемлекеттің конституциялық органдарының қалыпты жұмыс істеуі бұзылса, төтенше жағдай енгізіледі.

Төтенше жағдай режимі

Бұл ТС режимі сияқты маңызды, бірақ оған ұқсамайтын режим. ТЖ режимін Президент 30 тәулікке дейінгі (бүкіл аумақта) немесе 60 күнге дейінгі (белгілі бір аумақта) мерзімге енгізеді. Арнайы органдар құрылады: Президент жанындағы төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссия және жергілікті жердің комендатурасы. Жедел штабтар заңда тікелей көрсетілмеген (ТЖ-ға қатысты).

Роман Подопригора бұл штабтар Мемлекеттік комиссияның міндеттерін орындау шеңберінде құрылуы мүмкін дейді, алайда бұл штабтардың өздері шектейтін актілерді шығаруға құқы бар ма дегенге күмән келтіреді.

Төтенше жағдай режимі кезіндегі заңда комендант сағаты, халық пен көлік құралдарын жұмылдыру, уақытша көшіру көрсетілген.

Төтенше жағдай режимі мен карантин қанша уақытқа созылуы мүмкін?

ТЖ режимі

ҚР-ның барлық аумағында енгізілетін ТЖ мерзімі 30 тәуліктен аспауы тиіс. ТЖ енгізуге негіз болған мән-жайлар жойылмаған жағдайда президент ТЖ-ны 30 тәулікке немесе одан аз мерзімге ұзартуға құқылы. Ұзартулар саны шексіз.

ТЖ енгізуге негіз болған мән-жайлар толықтай немесе жартылай жойылған жағдайда президент режимді мерзімінен бұрын алып тастауға құқылы.

Карантин

Президент карантинге байланысты нақты іс-шараларды атамағандықтан, оған байланысты шектеулердің мерзімі туралы мәселені бөлек қарастырған жөн.

Карантиндегі кейбір шектеулер ТЖ бойы қолданылуы мүмкін, ал кейбірі мерзімінен бұрын алынып тастауы мүмкін. Бұл шектеу шараларын енгізетін мемлекеттік комиссия мен бас санитар дәрігерлерге байланысты. Эпидемиологиялық жағдайды есепке ала отырып, бас санитар дәрігер кейбір шектеуді алып тастап, басқаларын қалдыра алады.

Қазіргі шектеулерге қатысты заңнамада олардың мерзіміне байланысты нақты нұсқау жоқ. Заң актілерінде аурудың соңғы жағдайы тіркелген күннен бастап инкубациялық кезең мерзімі жайлы айтылады, бірақ ол басқа жағдайларға қатысты. Сондықтан жалпы ережеге сәйкес, аумақтың бас санитар дәрігері елді мекеніндегі эпидемиологиялық жағдай тұрақтанған жағдайда шектеу іс-шараларын алып тастай алады.

Сонымен қатар, құқықтық актілер туралы жалпы ережелерге сәйкес, актіні қабылдаған орган оны мерзімінен бұрын жарамсыз деп тануы мүмкін.

ТЖ режимі алынған жағдайда карантин сақталуы мүмкін. Төтенше жағдайға байланысты енгізілген карантин алынуы тиіс (жедел штабтар мен санитар дәрігерлердің барлық шешімі күшін жояды).

Алайда, карантин төтенше жағдай режимінен тыс болуы мүмкін. Бір жағынан, науқастарды оқшаулау мен емдеу, медициналық бақылау, міндетті вакцинация және тағы басқа шектеу шаралары болса, екінші жағынан бұл шараларға көп назар аудармайды. Себебі денсаулық сақтау туралы заңнамаға сәйкес санэпидеморгандар шектеу шараларын, оның ішінде карантин еңгізуге құқылы.

Редакция Роман Анатольевичке ағартушылық жұмысы үшін алғыс білдіреді.