Людмила Бүйрабекова: Қазақстанда 211 дәрігер вирус жұқтырған

Қазақстанда 211 дәрігер вирус жұқтырған. Бұл жайлы Денсаулық сақтау министрлігінің Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің төрағасы Людмила Бүйрабекова хабарлады.

Оның айтуынша вирус жұқтырған дәрігерлердің жартысы індетке шалдыққандармен байланыспаған. Ал 74 медицина қызметкерге вирус COVID-19 дертіне шалдыққандарды емдеу кезінде жұққан.

Инфекцияны жұқтыру жағдайы тіркелген барлық ошақ бойынша аумақтық департаменттер медицина қызметкерлерінің вирус жұқтырудың себептері мен факторларын анықтау үшін тексеріс жүргізген. Мысалы, бірінші жағдай Алматы қаласының балалар жұқпалы аурулар ауруханасында тіркелді.

Аурудың дамуына медицина қызметкерлерінің тәулік бойы стационарда болуы ықпал етті. Ол кездері медицина қызметкерлерінің ауысымынан тыс қайда тұратыны белгісіз еді, сол себепті ауруханада, өздерінің ординаторлық бөлімінде қалуына тура келді.

Мысалы Қарағанды облысында медицина қызметкерлердің шаршауы, бір күнде 10 сағат немесе тәулік бойы жұмыс істеуі жағдайды ушықтырып жіберген. Жеке қорғану құралдарының жетіспеушілігі мен оларды дұрыс қолданбау фактілері анықталған.

Людмила Бүйрабекова COVID-19 диагнозы расталған пациенттерді емдеуге тартылмаған мекемелердің медицина қызметкерлері арасында вирус жұқтырудың жоғары деңгейін атап өтті.

Factcheck.kz