Facebook саяси жарнамаға рұқсат берді

Facebook блогерлерге, атақты адамдарға саяси науқан кезінде ақылы контентті таратуға рұқсат берді. Бұл жайлы Media Post хабарлайды.

Facebook және Instagram-да жарнаманы орналастыру ережелеріне сәйкес енді мұндай контентке тыйым салынбайды. Себебі әлеуметтік желі өкілдерінің айтуынша “брендті контент жарнамадан ерекшеленеді”. Дегенмен, инфлюенсерлер мұндай жазбаларды “демеушінің қолдауымен” деп таңбалауға міндетті.

Сонымен қатар компания ақылы саяси жазба жариялағысы келетін адамдарға тағы бір талап қойды. Олар ақылы контент орналастыру кезінде әлеуметтік желінің арнайы құралдарын пайдалануы шарт.

Осылайша, мұндай контент саяси жарнамаға арналған стандартты ережелерге бағынбайды. Ал ақылы жазба платформаның жарнама мұрағатында сақталмайды.

2018 жылдан бастап Facebook жарнама берушілерден леуметтік мәселелер, сайлау немесе саясат туралы хабарландыруларды жарияламастан бұрын желіден рұқсат сұрауды талап еткен.

АҚШ президенттігіне үміткер Майкл Блумберг бұл өзгерістерді бірден пайдаланды. Ол блогерлерге жарнама посттары үшін $150 төлеуге дайын. Сондай-ақ инфлюенсерлер желісімен жұмыс істейтін және мемдерді сараптайтын Meme 2020 компаниясын жалдады. Meme 2020 құрамындағы аккаунттардың шамамен 60 млн жазылушысы бар.

Factcheck.kz