Facebook пен eBay тауарларға жазылатын жалған пікірлермен күресетін болды

Facebook пен eBay өз сайттарында жалған және адамды адастыратын пікірлер саудасының жолын кесу бойынша шараларды қолға алмақ. Бұл туралы Ұлыбритания қадағалау органы жариялады. Бәсекелестік және нарық жөніндегі басқарма (CMA) хабарлағандай, екі онлайн-платформа осындай заңсыз контентті анықтау, тергеу және әрекет ету үшін келісімге қол қойды, деп хабарлайды The Guardian.

Сонымен қатар екі ұйым болашақта жалған (фейк) пікірлерді бұғаттап, ондайлардың пайда болмауына күш салады. Facebook фейкті анықтайтын және жоятын сенімді жүйелер ұсынуға келісті, ал eBay өзінің фильтрлерін одан ары жетілдірді.

CMA өткен жазда технология саласындағы осы екі алпауыттың платформаларында жалған және адамды адастыратын пікірлер таралып жатқанына алаңдаушылық танытқан еді. Осыдан кейін Facebook өзіндегі 188 топ пен 24 аккаунтты жауып тастаса, eBay 140 пайдаланушыны бұғаттаған.

Тұтынушылардың 75 пайыздан көбі интернетте сауда жасамас бұрын онлайн-пікірлерді оқиды. Қарқынды өсіп келе жатқан жалған пікірлер нарығы – соның салдары.

Жалған пікірді кәдімгі клиент жазады, алайда нақты клиентке қарағанда, оған өндіруші сол жазған пікірі үшін ақша төлейді. Осылай жағымды пікірлер жазылған сатушының сайтта рейтингі артып, саудасы жүреді. Компаниялар ондай адамдарға тауар сыйлауы мүкін немесе пікірді сатып алған затына алмастырады. Мұндай әрекет заңсыз.

CMA тексерісі келесіні көрсетті: түрлі компаниялар, агенттіктер мен жеке тұлғалар ақша үшін екі онлайн платформада жалған пікірлер сатып алуды немесе жазып беруді ұсынған. Бұл ретте орган Facebook пен eBay мұндай әрекеттерге әдейі рұқсат берді деген қорытындыға келмеген.

«Facebook немесе Instagram-да алаяқтық қызметке тыйым салынған, яғни жалған пікір ұсынуға немесе сатуға жол жоқ. Біз осы сынды әрекеттердің алдын алу үшін қомақты қаражат бөлдік, алайда алдымызда әлі талай жұмыс бар екенін білеміз. Сондықтан осы мәселені шешу үшін CMA-мен бірігіп жұмыс істеуді жалғастырамыз», – деді фейктермен күрес бойынша түсініктеме берген Facebook өкілі.

«Біз жалған немесе адамды адастыратын пікірлерге қарсымыз және біздің пайдаланушы саясатымызды бұзатын кез келген сатушыға қарсы әрекет жасауды жалғастырамыз», – деді eBay өкілі.

Контекст

2019 жылдың мамыр айында Facebook компаниясы Instagram-нан өзінің басшысы Марк Цукербергтің видеосын алып тастамайтынын мәлімдеген еді. Онда Facebook басшысы компания табысқа белгілі бір құпия ұйымның көмегімен жеткенін айтыпты-мыс. Бейнеролик дипфейк технологиясы арқылы жасалған.

Тура сол айда Facebook саясаткерлердің әлеуметтік желідегі жарияланымдары фактілерді тексеру кезеңінен өтпейтінін мәлімдеді. Кейін АҚШ Демократиялық партиясының сенаторы Элизабет Уоррен (партия атынан президенттікке үміткер) Facebook-те жалған ақпараты бар жарияланымға демеушілік жасаған. Ол мұндай әрекетке компанияның қарама-қайшы саясатына назар аудару үшін барған.

Қараша айынан Facebook пен Instagram-да үшінші тұлға жалған деп көрсеткен контент белгіленіп, жасырына бастады.

Бір апта бұрын Facebook дипфейктер мен манипулятивті бейнелерді жоя бастайтыны белгілі болды.

Factcheck.kz