БҰҰ: COVID-19 туралы жазбаның 40%-нің авторы – бот

Ең ірі әлеуметтік желілердің бірінде COVID-19 туралы ақпараттың едәуір үлесі боттарға тиесілі. Бұл туралы БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш Дүниежүзілік баспасөз бостандығы күніне арналған онлайн-кездесу барысында хабарлады.

Ұйымның ресми сайтында Гутерриш дағдарыс басталғалы бері әлеуметтік желілердің рөлінің бірнеше есе артқанын атап өтті. Бас хатшының айтуынша желіде пайдалы ақпараттан басқа фейк жаңалықтар, қастандық теориялары, алаяқтардың кеңестері тарап жатыр.

«Интернетте өтірік ақпарат тез тарап жатыр. Әлеуметтік желілер арасындағы ең ірі платформаларының біріне жасалған мониторинг COVID-19-ға қатысты жазбаралдың 40 пайызын боттар жасағанын көрсетті» — деді Гутерриш.

БҰҰ басшысы әлеуметтік желі платформаларының басшыларының көбі жауапкершілікті мойнына алып, нақты ақпаратқа негізделген контент таратуға және дезинформацияға қарсы тұруға, оның ішінде қауіпті жазбаларды өшіруге кіріскенін атап өтті.

Гутерриштің айтуынша, дезинформация пандемиясына қарсы дәрі фактілерге сүйенетін жаңалықтар мен аналитикалық материалдар. Ал бұл тек еркін және тәуелсіз баспасөздің көмегімен іске асады.

Factcheck.kz