ДДСҰ COVID-19-ға байланысты жаһандық төтенше жағдай тоқтағанын мәлімдеді

2023 жылдың 4 мамырында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Төтенше жағдайлар комитетінің СOVID-19 пандемиясына байланысты 15-кездесуі өтті. 5 мамырда ДДСҰ бас директоры Тедрос Гебреисус Комитеттің ұсынысын қабылдап, COVID-19 енді қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы (PHEIC) халықаралық дәрежедегі төтенше жағдай емес деп жариялады.

Маңыздысы: көптеген БАҚ пандемия аяқталды деп жазып жатқанымен, Гебреисустың да, ДДСҰ мәлімдемесінде де ол туралы айтылмайды. Қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы халықаралық дәрежедегі төтенше жағдай мен пандемия екі бөлек ұғым.

Бұл туралы жақында ДДСҰ сарапшысы Мария Ван Керкхове айтқанын ескерген жөн:

Оның сөзін өзгеріссіз келтіреміз:

Қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы (PHEIC) халықаралық дәрежедегі төтенше жағдай – аурудың халықаралық дәрежеде тарауына байланысты басқа мемлекеттердегі қоғам денсаулығына қауіп төндіруі мүмкін және үйлескен халықаралық әрекеттерді қажет ететін төтенше жағдай деп сипатталады. Бұл ұғым мәселенің маңызды, кенеттен болған, ерекше, күтпеген екенін және зардап шеккен мемлекеттердің ұлттық шекараларынан асып, қоғам денсаулығына қауіп төндіруі мүмкін екенін білдіреді және тез арада халықаралық әрекеттерді ұйымдастыруды талап етуі мүмкін. Пандемия деген сәл басқа. Пандемия әлем тұрғындарына зияны тиетін жаңа вирус пайда болғанда айтылады. Жаңа вирус қашан пандемияға айналатынын анықтау қиын. Халықаралық медицина-санитария ережелеріне сәйкес ДДСҰ-ның ең жоғарғы дабыл деңгейі саналатын PHEIC-дің хабарландыру идеясы оқиға одан да ауқымды және пандемияға айналғанға дейін жедел әрекеттерді үйлестіру болатын. COVID-19 жағдайында біз PHEIC-ге де, пандемияға да қатар тап болдық. Бас директор әлем бірігіп, 2023 жылы PHEIC-ді тоқтатуға қабілетті екенін айтқанымен, біз әлі де көп уақыт пандемия жағдайында өмір сүруіміз мүмкін, себебі вирус қалады, ал біз саралап шешім қабылдауымыз керек. COVID-19 әсерін азайту мүмкіндігіне ие болу үшін жүйемізді жақсартуымыз керек. Біз алда бұл вируспен өмір сүреміз, яғни қолда бар құралдарды пайдаланып мүмкіндігінше көп адамның өмірін сақтап қалып, көп адамды қорғауымыз керек.

Мария Ван Керкхове

ДДСҰ басшысы COVID-19 денсаулық сақтау саласындағы жаһандық қауіп болып қала беретінін атап өтті. Төтенше жағдайды тоқтату, SARS-CoV-2 әлі де айналымда жүріп, түрленіп жатқанымен, ол енді ерекше әрі кенеттен болған құбылыс емес екенін білдіреді.

Біз осы тақырыпта сөз қозғап отырғанда әлемде мыңдаған адам қарқынды терапия бөлімшелерінде өмір үшін күресіп жатыр. Ал миллиондаған адам ковидтің салдарымен өмір сүріп жатыр… Мемлекеттер осы жаңалықты (ТЖ тоқтату туралы – ред.) бақылауды азайту, құрған жүйені жою үшін пайдаланса я халқына COVID-19 енді алаңдайтын дерт емес деп мәлімдесе – ең үлкен қатесі болады.

Тедрос Гебреисус

Дәрігер Гебреисус апта сайын ковидтен қайтыс болғандар мен ауруханаға түскендер саны азайғанымен, ауруды бақылау мен ұйымдардың есеп ұсынуы қысқарғанына алаңдап отырғанын жеткізді. Себебі өмірін аман алып қалу мүмкіндігі бұрынғыдай бәрінде жоқ, ал пандемиядан шаршау өсіп жатыр.

Осыған байланысты ДДСҰ басшысы 2023-2025 жылдарға арналған COVID-19-ға дайындықты қамтамасыз ету және әрекет ету стратегиялық жоспары дайындалғанын мәлімдеді. Ол мемлекеттерге COVID-19-ды ұзақмерзімді бақылауға көмектеседі.

Тедрос Гебреисустың барлық мүше елге уақытша ұсынысы:

  1. COVID-19-бен күрес кезінде қол жеткізген әлеуетті сақтап, алда болатын оқиғаларға дайындалу;
  2. екпе күнтізбесіне СOVID-19-ға қарсы вакцинацияны қосу (тұрғындардың әлсіз топтары үшін);
  3. жан-жақты ақпараттан хабардар болып отыру үшін, түрлі дереккөздерден алынған респираторлық ауруларды эпидемиологиялық бақылау деректерін біріктіру;
  4. препараттардың ұзақмерзімді қолжетімдігі мен жеткізілуін қамтамасыз ету үшін ұлттық нормативтік-құқықтық база шеңберінде медициналық бақылау шараларына рұқсат беруге дайындалу;
  5. қауіп туралы ақпарат тарату, қауымдастықтарды тарту және инфодемияны басқарудың сенімді, тұрақты, инклюзив бағдарламаларына қол жеткізу үшін қауымдастықтармен және олардың көшбасшыларымен жұмыс істеуді жалғастыру;
  6. COVID-19-ға байланысты халықаралық шектеулерді алуды жалғастыру;
  7. зерттеу жүргізуді қолдауды жалғастыру (SARS-CoV-2 пен СOVID-19-ды түсіндіретін және вакциналарды жетілдіретін).

Салдары

Жаңа коронавирусқа байланысты алғашқы жағдай 2019 жылдың желтоқсанында Қытайдың Ухань қаласында тіркелді. Содан кейінгі айларда коронавирус инфекциясы бүкіл әлемге тарап, 2020 жылдың 11 наурызында ДДСҰ COVID-19 пандемиясын жариялады. Ресми деректер бойынша, әлемде коронавирус жұқтырған 765,2 млн адам тіркелді, сырқаттан 6,9 млн адам қайтыс болды. Дегенмен ДДСҰ бас директоры шынайы өлім жағдайы одан да жоғары екенін атап өтті: ДДСҰ бағалауынша, өлім жағдайы 20 млн адамнан кем емес.

ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметі бойынша, пандемия басталған уақыттан 6 мамырға дейінгі аралықта 1 млн 502 мың адам инфекция жұқтырған. 19 мың адам СOVID-19-дан қаза тапты.

«COVID-19-дың ең үлкен трагедияларының бірі – бұлай болмауы керек еді», – деді ДДСҰ басшысы. Ол бұл арқылы халықаралық қауымдастықтың жаңа инфекциямен күресуге дайындығы айтарлықтай нашар екенін білдірді.

Бұған дейін Тедрос Гебреисус адамзат пандемиядан мынадай үш сабақ алуы керек екенін айтқан:

  1. қоғамдық денсаулық сақтаудың маңызы. Медицинасы дамыған кейбір елдер ресурсы мен табыс көлемі аз елдерге қарағанда пандемиямен нашар күресті. Себебі кейінгілері түрлі инфекциялармен күресіп үйреніп қалғандықтан дайындығы жақсырақ болып шықты. «Алдыңғы қатарлы медициналық қызмет көрсету дегеніміз қоғамдық денсаулық сақтау жүйесінің мықтылығын білдірмейді», – деді ДДСҰ басшысы;  
  2. ғылымның маңызы. Соның арқасында осы жолы тарихтағы кез келген патогенге қарағанда емдеу тәсілі мен вакцина жасау жылдамырақ болды;
  3. серіктестіктің маңызы. «Жүйелі және үйлесімді жаһандық іс-шаралардың орнына пандемия бейберекетсіз әрекеттермен есте қалды», – деді Гебреисус.

СOVID-19 пандемиясы денсаулық сақтау жүйесінің дағдарысын ғана тудырған жоқ, экономикалық, әлеуметтік сілкініс жасады. Біз фактчекерлер ретінде инфодемияны айтпай кете алмаймыз. Пандемия кезінде ақпарат алаңы бұрмаланған және ашық түрдегі жалған ақпаратқа толып кетті. Мұндай жағдай сенімді деректерге қол жеткізуді қиындатып, СOVID-19-бен күресуге кері әсерін тигізді.

2020 жылдан бастап құрамында Factcheck.kz редакциясы бар Халықаралық фактчекиң желісінің (IFCN) 100-ден астам фактчекері 40-тан астам тілде жалпы 17 мыңнан аса фактчек жасады.

Factcheck.kz