Тоқаевтың бір жылы | Factcheck.kz нені тексерді?

2019 жылдың 19 наурызы сағат 19.00-де Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасының президенті ретіндегі өкілеттілігін тапсыратынын мәлімдеді. Конституцияға сәйкес, жаңа президент болып сенат спикері Қасым-Жомарт Тоқаев тағайындалды. Бір жыл ішінде Назарбаевтан кейінгі президент Қ.Тоқаев біраз мәлімдеме жасады. Factcheck.kz осы уақыт ішінде Токаев мырзаның өзекті мәлімдемелерін тексерді. Біз сіздер үшін бір жыл ішінде тексерілген кейбір материалдарға қайта шолу дайындауды жөн көрдік.

Ең алғашқы фейк-ньюс

2019 жылдың 23 наурызында Ресейлік “Звезда” арнасы “Қазақстанның жаңа президенті Қасым-Жомарт Тоқаев алғашқы жұмыс сапарымен Түркіменстанға келді” деген жаңалық жариялады.

Тоқаевтың бір жылы | Factcheck.kz нені тексерді?
tvzvezda.ru сайтынан скриншот

Үкім: Жалған

Шын мәнінде, Тоқаев мырза алғашқы жұмыс сапарын Түркіменстаннан емес, Түркістаннан бастаған.  Бұл туралы “Звезда” арнасы сілтеме жасаған Президенттің баспасөз хатшысы Берік Құрманғалидың (Берік Уәли) фейсбуктегі парақшасынан, ҚР Президентінің ресми сайтынан және Түркістан облысы әкімдігінің ресми парақшаларынан табуға болады.

Фэйсбуктағы президент атынан ашылған фейк парақшалар

Әлеуметтік желілерде Қазақстанның уақытша президенті (сол кезде уақытша президент қызметін атқарды – ред.) Қасым-Жомарт Тоқаевтың фэйсбукта парақша ашқаны таралды. Расында, Qasym-Jomart Toqayev атын иеленген аккаунт Facebook желісіне 17 сәуір күні тіркелген. Бірақ президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли бұл аккаунтарға байланысты өзінің парақшасында мәлімдеме жасаған болатын:

Соңғы кездері әртүрлі әлеуметтік желілерде Мемлекет басшының атынан ашылған фейк аккаунттар көбейіп кетті. Сол арқылы жалған ақпарат таратып жатқандар да бар, кейбірі оны коммерциялық мақсатта қолданып жатыр.

Б.Уәли, президенттің баспасөз хатшысы

Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына ресми тіркелген тек екі аккаунт қана бар. Олар: Twitter желісі – @TokayevKZ және 2019 жылдың сәуір айында Instagram желісінде ашылған @tokayev_online парақшасы президенттің ресми аккаунты.

Алғашқы манипуляция

2019 жылдың 26 сәуірінде ШҚО-ның жұртшылықпен кездесу барысында Қазақстанның уақытша президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бойынша әлемдегі жетекші орындардың бірінде екенін мәлімдеді.

Үкім: Манипуляция

Transparency International-дің деректері бойынша Қазақстан рейтингте Джибути, Габон және Непал сияқты елдермен қатарласып, 180 елдің арасында 124-позицияда тұр.

Тізімдегі 120-дан астам елдің көрсеткіші 50-ден төмен. Бүкіл әлем бойынша орташа балл — 43 (және 31 ұпайы бар Қазақстан бұл тізімге кірмейді). Тек 20 ел ғана соңғы 7 жылда айтарлықтай жақсы көрсеткіштерге қол жеткізді. 16 елдің көрсеткіші нашарлады (Қазақстан өз позициясын сақтап қалды).

Президент Тоқаев ІІМ-нің кеңейтілген алқа отырысында жыл сайын елімізде көлік апатынан 10 мыңнан астам адам қайтыс болатынын айтты. Расымен солай ма?

Ұлттық экономика министрлігі статистика комитетінің деректеріне сүйенсек, жыл сайын жол-көлік апатынан шамамен екі мыңнан астам адам қаза табады. Мәселен, 2017 жылы 17019 жол-көлік апаты тіркеліп, 22 256 адам жарақат алып, 2086 адам қайтыс болған.

Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің деректеріне сәйкес, 2018 жылы Қазақстанда 15 821 жол-көлік апаты тіркелген. 20 445 адам жарақат алса, 2096 адам қаза тапқан.

16 тамызда Тоқаев мырза тамыз конференциясындағы сөзінде: «Әлем елдерінің 60% -ында мектепке 6 жастан барады», деп айтқан еді.

Үкім: Жалған

Дүниежүзілік банктің 2018 жылғы дерегінше, 103 елде 6 жастан мектепке қабылдайды. Бұл президент Тоқаев айтқандай 60 пайызды емес, 49,5% — ды құрайды.

Ал егер, 6 жасқа дейін және 6 жастан мектепке қабылдайтын елдерді есептегенде 71,6%-ды құрайды (149 ел). Бұл дерек те президент айтқан мәлімдемемен сәйкес келмейді.

Тоқаевтың алғашқы жолдауы

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жолдау жасады. Бұл қазіргі президенттің алғашқы жолдауы болғандықтан барлық БАҚ өкілдерінің назарына ілікті. Көпшілік күткен тікелей эфирде көрсетілмесе де, твиттерде мәтіндік трансляция жүргізілді. Ал жолдаудың толық нұсқасы Ақорда сайтына жарияланды.

«2018 жылы мемлекеттік сатып алу мөлшері 4,4 трлн теңгені құрады, оның 3,3 трлн-ны (75%) бір көзден бәсекесіз жолмен жүзеге асырылған.

Қ.Тоқаев

Үкім: Жартылай шындық

Мемлекеттік сатып алу порталының жылдық есебінде, 2018 жылы мемлекеттік сатып алудың жалпы мөлшері 3,9 трлн теңге болған. Президент мәлімдеген сомма порталда көрсетілген 500 млрд.-тан асып түседі. Datanomika телеграм-арнасының мәліметінше, 2018 жылғы мемлекеттік сатып алудың 74 % -ы бәсекесіз жолмен жүзеге асқан.

«Ресми статистикаға сәйкес, 80 мыңнан аса бала мүгедектік бойынша есепте тұр».

Қ. Тоқаев.

Үкім: Шындық

Статистика комитетінің мәліметіне сенсек, 2018 жылы республикада 18 жасқа дейінгі 87 мың бала мүгедек ретінде тіркелген. Осы ресми деректерге сәйкес 2018 жылы Қазақстанда дамуында шектеулері бар 153,2 мың бала есепке алынған.

5 жыл ішінде атаулы әлеуметтік көмекті алатындар саны 77 мыңнан 1,4 млн-ға дейін өсті

Қ.Тоқаев

Шындық және манипуляция

Атаулы әлеуметтік көмекті алатындар саны 2014 жылдан бері расында өсті. Алайда, бұл мемлекетке “аузын ашқандар” саны артқанынан емес, 2018 жылы АӘК берудің жаңа форматының енгізілуіне байланысты.

Статистика комитетінің деректерінше АӘК алатындар саны 2014 жылдан 2017 жылға дейін 2,4 есеге, яғни 56,1 мыңнан 23,3 мыңға дейін азайған. Ал 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап АӘК берудің жаңа форматы енгізілді. Көмектің бұл түріне бұған дейін көпбалалы және аз қамтылған отбасы мүлшелеріне берілетін және жекелей төлемдер біріктірілді. Демек, төлемдер біріктірілгеннен кейін көмек алушылар саны 24,6 пайызға өсіп, 571,6 мыңға жетті. Ал 2019 жылдың 1 шілдесінде АӘК алатындар саны 1.6 азаматқа жетті. Бұлар негізінен табыстары күңкөрістің ең төменгі деңгейіне жетпейтіндер.

2020 жылдың 24 қаңтарында ҚР Үкіметінің кеңейтілген отырысында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев соңғы жылдардағы республиканың экономикалық көрсеткіштеріне қатысты бірнеше мәлімдеме жасады.

Өткен жылдың 9 айы ішінде Қазақстанға келетін шетелдік тікелей инвестициялардың жалпы көлемі 4,8%-ға артып, 18 млрд доллардан асты. Бұл жақсы көрсеткіш.

Қ.Тоқаев

Үкім: Шындық

Байқауымызша, Қасым-Жомарт Кемелұлы 2018 жылдың 3 тоқсанын 2019 жылдың 3 тоқсанымен салыстырып тұр. ҚР Ұлттық банкінің мәліметі бойынша, 2019 жылдың салыстырып отырған кезеңдегі шетелдік инвестицияның жалпы көлемі  расымен 18 млрд доллардан асты.

2019 жылы әлеуметтік қолдауға арналған шығын (зейнетақы мен жәрдемақы) 3,5 трлн теңгеге жетіп, жалпы бюджеттің 30%-ын құрады.

Қ.Тоқаев

Үкім: Шындық

ҚР Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің ресми сайтында 2019 жылы осы мақсатта бюджеттен 2 952 567 234 мың теңге бөлінгені көрсетілген. Дегенмен, сол министрліктің мәліметінде ҚР жалпы бюджетінде пайызбен есептегенде расымен 30,1% делінген.

Экономикалық өсім 4,5%-ға артты.

Қасым-Жомарт Тоқаев

Үкім: Жартылай шындық

Айта кететін жайт бар. ҚР Ұлттық экономика министрлігінің ресми мәліметтеріне сәйкес, 2018 жылмен салыстырған есеп беру кезеңінде ЖІӨ  4,4 %-ға өскен, Тоқаев мырза көрсеткен 4,5% емес. Жалпы экономикалық өсім туралы айтқанда, шын мәнінде әр санның үлкен маңызы болуы мүмкін екенін ескерген жөн.

Соңғы төрт жылдағы ЖІӨ өсуінің пайыздық көрсеткіштері:

  • 2019 – 4,4 (ҰЭМ соңғы есебі бойынша)
  • 2018 – 4,1
  • 2017 – 4,0
  • 2016 – 1,1

Бізде жеке тұлғаларға берілетін несие саны 1,4 трлн-ге өсіп, 6,7 трлн-ге жетті. Ал, керісінше заңды тұлғаларға берілетін несие 590 млрд-ға кеміді.

Қасым-Жомарт Тоқаев.

Үкім: Жартылай шындық

ҚР Ұлттық Банкінің мәліметінше, 2019 жылдың желтоқсан айында экономикаға берілген несие саны – 13 трлн 863 млрд 847 млн теңгеге жетті. Оның ішінде жеке тұлғаларға берілетін несие саны – 6 трлн 661 млрд 328 млн теңге. Былтырғымен салыстырғанда 1,358 трлн теңгеге артқан. Ал, заңды тұлғаларға берілетін несие саны былтырғымен салыстырғанда 586,6 млрд-ға кеміп, 7 трлн 202 млрд 519 млн-ға түсті.


“Бір жыл” жөнінде Президенттің өзі не деді?

Бір жыл бұрын аса көрнекті мемлекет қайраткері, жаһандық деңгейдегі саясаткер Н.Назарбаевтан ел тізгінін қолға алу мәртебесі бұйырды. Мемлекетіміздің негізін қалаушы-Елбасы стратегиясы сабақтастығын жүзеге асыру үшін көп жұмыс атқарылды. Елімізді жаңғырту реформалары жалғасын табады.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz