HRW: Қазақстан қарақалпақ белсенділерін Өзбекстанға қайтармауы керек

HRW халықаралық құқық қорғау ұйымы Қазақстан билігін қарақалпақ диаспорасының төрт белсендісін Өзбекстанға экстрадицияламауға шақырды.

Жарияланған мәлімдеме авторларының сөзінше, белсенділер Өзбекстанға қайтса, қылмыстық қудалауға, азаптауға ұшырайды.

Өзбекстан билігі шілдеде Қарақалпақстандағы наразылық шеруін басып-жаншу аясында қарақалпақ диаспорасының белсенділерін нысанаға алған көрінеді. Өзбекстанға күштеп қайтарылса, бұл белсенділерге азаптау және саяси астарлы қылмыстық қудалау қаупі төнетіні сөзсіз, ал мұндай жағдайда оларды экстрадициялау Қазақстанның халықаралық-құқықтық тыйымды бұзуын білдіреді, сондықтан Қазақстан билігі экстрадациялаудан бас тартуы және белсенділерді босатуы қажет.

Мира Ритман, Human Rights Watch ұйымының Орталық Азия бойынша бас ғылыми қызметкері

2022 жылғы 13 қыркүйек пен 5 қазан аралығында Қазақстан полициясы Алматыда Өзбекстан билігі халықаралық іздеу жариялаған қарақалпақ диаспорасының төрт өкілін ұстады. 13 қыркүйекте диссидент-блогер Қошқарбай Төремұратов пен оппозиционер Жангелді Жақсымбетов үйінде, 16 қыркүйек кардиолог Раиса Худайбергенова Алматы маңындағы бір аудандағы жұмыс орнында ұсталды. Ал белсенді Зиуар Мирманбетованы 4 қазанда үйінен алып кеткен.

Оның әрқайсына қатысты нақты қылмыстық баптар әлі жарияланбады, бірақ бірнеше процессуал құжаттарын көрген алматылық қарақалпақ диаспорасының белсендісі Ақылбек Мұратовтың айтуынша, Өзбекстан ұсталғандарды «мемлекетке қарсы қылмыс жасады» деген айыппен іздеп жатыр.

Бұл айыптаулар 1-2 шілдеде Қарақалпақстанда болған наразылықтарға қатысты болуы мүмкін. Нүкіс пен Қарақалпақстанның басқа қалаларында республиканың Өзбекстаннан бөлініп шығу құқығын жоюға қатысты конституция түзетулеріне қарсы наразылық протестінде полицияның күштеп тарату әрекеті салдарынан 21 адам қаза тапты, 240-тан астамы жарақаттанды.

Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеев наразылық акцияларының артында «шетел күштері» тұрғанын айтты. Сонымен бірге ол конституция түзетулері пакетінен наразылыққа әкелген өзгерістерді алып тастауға уәде берді.

Ал Алматыда қарақалпақ белсенділері қамауға алынғаннан кейін екі күн ішінде сот оларды 40 тәулікке қамауға алу туралы шешім шығарды. Алматыдағы адам құқықтары мен заңдылықты сақтау жөніндегі Қазақстан халықаралық бюросының босқындар мен баспана мәселелерімен айналысатын заңгер Денис Живагоның айтуынша, қазір Өзбекстан ресми түрде оларды экстрадициялауды сұрайды деп күтіледі. Қазақстан белсенділерді бір жылға дейін қамауда ұстай алады. Живагоның айтуынша, 13 қазанда Алматы соты Төремұратовтың мерзімін ұзартып қойған.

Төрт белсенді де Қазақстаннан пана сұраған. Живагоның сөзінше, қарақалпақстан белсенділеріне заңды түрде «пана іздеуші» мәртебесі мен куәлігі берілгеннен кейін, оларды Өзбекстанға мәжбүрлеп қайтаруға болмайды.

Human Rights Watch ұйымы Қазақстан билігін Төремұратов, Жақсымбетов, Худайбергенова және Мирманбетованы тез арада “пана іздеуші” ретінде ресми түрде тіркеуге шақырды.

Қазақстан белсенділердің баспана сұрауы мен Өзбекстанның бұл адамдарды экстрадициялау туралы өтініштерін қараған кезде Өзбекстандағы азаптаулар мен қатыгездікке қатысты сенімді мәліметтерді ескеруі керек. Қазақстан бұл ерлер мен әйелдерді Өзбекстанға мәжбүрлеп қайтарылған жағдайда туындауы мүмкін қудалау мен азаптау қаупінен қорғау бойынша халықаралық құқықтық міндеттемелерге жауапты.

Мира Ритман, Human Rights Watch ұйымының Орталық Азия бойынша бас ғылыми қызметкері
Factcheck.kz