Фейк | Арыстан ҰҚК: барлық құрылғы тыңдау жүйесіне қосылған

Мессенджерлер мен әлеуметтік желілерде «Арыстан ҰҚК» ескертті деген хабарлама тарап жатыр. Онда «жаңа коммуникация ережелері» пайда болғаны туралы және соған сәйкес телефон қоңыраулары, WhatsApp-тағы хабарлама мен қоңыраулар жазылатыны, ал барлық құрылғы «CDMX пен тыңдау қызметі мекемелерінің жүйелеріне» қосылғаны айтылған.

Фейк | Арыстан ҰҚК: барлық құрылғы тыңдау жүйесіне қосылған
WhatsApp-тағы хабарлама үлгісі

Оқырмандардың өтініш бойынша ақпаратты тексереміз

Үкім: Фейк

Жәй ғана фейк емес, зомби-фейк. Бұл хабарлама араға біршама уақыт салып желіге оралып, тұрғындардың үрейін тудырып тұрады. Осыған ұқсас мәтіні бар хабар Ресейдің ақпарат алаңында 2017 жылы пайда болған еді. Сол кезде қазнетке де көшіп кеп, «Ішкі істер министрлігінің жарлығы» деп тараған болатын, оны ҚР ІІМ жоққа шығарды. Редакциямыз оны 2019 жылы тексеріп қойды. Хабарламаның қазіргі нұсқасы ҰҚК «Арыстан» қызметінен деп тарап жатқандықтан, ҰҚК баспасөз қызметі Stopfake.kz арқылы ақпараттың жалған екенін мәлімдеді.

Қазақстандағы төтенше жағдай мен террорлық қауіптің қызыл дәрежесі бұл фейктің қайта таралуына себеп болды. Сенімді болу үшін кейінгі күндердегі тәжірибеге сүйеніп, интернет-байланыстың қай уақытта қосылатыны туралы ақпарат қосылған. Шын мәнінде, осы материал жазылып жатқан кезде интернеттің нақты қай уақытта жұмыс істейтініне қатысты ресми дерек жоқ.

Фейктің белгілері

Хабарлама асығыс жасалғаны көрініп тұр. Оған мәтіндегі көптеген қате, оның ішінде сөйлемдері дәлел. Мәтін басқа тілден онлайн-аудармашы арқылы аударылған болуы мүмкін. Ciudad de México дегенді, яғни Мехико қаласын білдіретін CDMX аббревиатурасы да осыны дәлелдеп тұр. Интернеттің орыстілді алаңында бұл фейктің тарағанына біршама уақыт болса да бұл аббревиатура мәтінде әлі сол күйінде тұр. Сондай-ақ, хабарламадағы «бүгін таратыңыз» деген үндеулер де деректің күмәнді екенін аңғартады.

Сонымен қатар, қазір ресми түрде «Арыстан» қызметінің жоқ екенін айта кеткен жөн. Оның құқық мұрагері – 2016 жылдың қарашасында құрылған «А» арнаулы мақсаттағы қызмет.

Фактчекер, главный редактор русскоязычной версии Factcheck.kz

Factcheck.kz