Фактчек | «Ақ жол» депутаттары қос салық туралы


19 ақпандағы Мәжілістің жалпы отырысында «Ақ жол» партиясының депутаттары (Барлыбаев Ерлан Хайланұлы) ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Әлихан Смайыловқа және ҚР Бас Прокуроры Ғизат Нұрдәулетовке сауал жолдады.

«Ақ жол» фракциясы депутаттарының айтуынша, ұзақ жылдар бойы жақсы жұмыс істеп, жұмыспен қамтамасыз етіп, ел бюджетіне миллиондаған салық төлеп келе жатқан кәсіпорындар қос салық салдарынан қысымға ұшыраған.

Factcheck.kz соңғы бес жылда депутаттар атаған кәсіпорындар қанша салық төлегенін және депуттар айтқан ақша мөлшері, ашық дерекпен қаншалықты сәйкес келетінін тексерді. Одан бөлек, сарапшы маманнан да ашық деректегі сандар, депутаттар айтқан мысалмен неге сәйкес келмейтінін сұрады.

«Фрак Джет» ЖШС (Қызылорда) – 15 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан орта кәсіпорын. Жыл сайын 650 миллион теңгеге дейін салық төлейді.

«Ақ жол» фракциясының депутаттары

Үкім: Жартылай шындық

ҚР Қаржы министрлігі мемлекеттік кірістер комитетінің дерегінше, компания расымен де 15 жыл жұмыс істеп келеді (2020 жылы 27 сәуірде 15 жыл болады).

Компанияның ресми сайтында былай делінген: «Фрак Джет» ЖШС-і өз қызметін Қазақстан және Ресей Федерациясында ұсынатын мұнай сервистік компания. Компания қызметін 2002 жылы Құмкөл кен орнында бастады.

ҚР Қаржы министрлігі мемлекеттік кірістер комитетінің ресми мәліметтеріне сәйкес, соңғы бес жыл ішінде «Фрак Джет» компаниясының бір жылдағы салық төлеу көрсеткіші 650 миллион теңгеге жетпеген. Бірақ, 650 млн теңгеге өте жақын болды.

  • 2015 — 418 033 000
  • 2016 — 277 883 000
  • 2017 — 263 905 600
  • 2018 — 340 498 700
  • 2019 — 646 657 900

«Актау Center Story»(Маңғыстау) ЖШС-і – 11 жыл жұмыс істеп, жылына 60 миллион теңгеге дейін салық төлейтін шағын кәсіпорын.

«Ақ жол» фракциясының депутаттары

Үкім: Жартылай шындық

ҚР Қаржы министрлігі мемлекеттік кірістер комитетінің дерегінше, 2020 жылдың 21 қазанында «Актау Center Story» ЖШС-і кәсіпорнының жұмыс жасап жатқанына 12 жыл болады.

«Актау Center Story» компаниясының ресми сайтында компанияның тарихы туралы былай делінген: Компанияның құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізуге лицензиясы бар. Қазақстанда 2004 жылдан бастап құрылыс жұмыстарын жүргізіп келеді. Өзінің атымен де, жеке ірі жобаларды өндіруге арналған ірі бірлестіктердің қатарына еніп те жұмыс жасап келеді.

ҚР Қаржы министрлігі мемлекеттік кірістер комитетінің ресми мәліметтеріне сәйкес, соңғы бес жылда «Актау Center Story» ЖШС-і тек бір рет 60 млн теңгенден астам салық төлеген. Компанияны жыл сайын 60 млн-ға жуық салық төлейді деп айту өте қиын.

  • 2015 — 34 419 300
  • 2016 — 62 830 400
  • 2017 — 25 082 400
  • 2018 — 12 454 400
  • 2019 — 15 883 600

«Қарағанды ​​Терминал Мұнай» ЖШС-і – бұл шағын кәсіпорын, 23 жыл жұмыс істейді, жыл сайын бюджетке 18 миллион теңгеге дейін (салық – ред.) төлейді.

«Ақ жол» фракциясының депутаттары

Үкім: Жартылай шындық

Kompra.kz мәліметінше, ЖШС «Қарағанды ​​Терминал Мұнай» 1997 жылдың 13 наурызынан бастап жұмыс істейді. Депутаттар компанияның ұзақ жылдар жұмыс істейтіні жөнінде қателеспеді. Биыл кәсіпорынға – 23 жыл.

Соңғы екі жылда ЖШС «Қарағанды ​​Терминал Мұнай» 18 млн теңге (салық) төлеуге жақын болды. Салық төлеу бойынша соңғы бес жылдық көрсеткіш:

  • 2015 — 10 581 300
  • 2016 — 12 808 200
  • 2017 — 15 493 600
  • 2018 — 17 623 400
  • 2019 — 17 807 400

«AБЗ+» (Қостанай) ЖШС – 19 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан орта кәсіпорын. 900 миллион теңгеге дейін (салық-ред.) төлейді.

«Ақ жол» фракциясының депутаттары

Үкім: Шындық және манипуляция

Қаржы министрлігі мемлекеттік кірістер комитетінің дерегінше, «АБЗ+» ЖШС-не 2020 жылдың 10 наурызында ашылғанына 19 жыл болады.

Расымен, 2018 жылы «AБЗ+» ЖШС-і 900 миллион теңгеден астам салық төледі. Егер басқа жылдардағы салықтың сомасын қарасақ, компанияны жыл сайын 900 миллион теңгеге дейін (900 млн теңгеге жақын) салық төлейді деп айту өте қиын.

  • 2015 — 132 118 400
  • 2016 — 297 883 100
  • 2017 — 203 105 000
  • 2018 — 912 746 100
  • 2019 — 323 161 500

«Аспап» (Қарағанды) – 30 жылдан астам уақыт жұмыс істейді, жылына 100 миллион теңгеге жуық салық төлейді.

«Ақ жол» фракциясының депутаттары

Үкім: Шындық және жартылай шындық

Kompra.kz ақпаратынша, «Аспап» ЖШС-і 1992 жылдың 14 ақпанынан бастап жұмыс істейді. Биыл кәсіпорынның құрылғанына 28 жыл болады. Қаржы министрлігі мемлекеттік кірістер комитетінің дерегінше, кәсіпорын 2000 жылдың 8 тамызында тіркелген.

Соңғы үш жылда «Аспап» ЖШС-і расымен 100 млн теңгенден астам салық төлеген. Қаржы министрлігі мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, 2019 жылы кәсіпорын 145 миллион теңгеге жуық салық төледі. Соңғы бесжылдағы салық сомасының көрсеткіші:

  • 2015 — 46 265 700
  • 2016 — 65 265 200
  • 2017 — 117 788 600
  • 2018 — 102 513 400
  • 2019 — 144 907 400

«Grand Smithy works» (Қарағанды) ЖШС-і – нарықта (жұмыс жасағанына – ред.) 9 жыл, жыл сайын 160 миллион теңге салық төлейді.

«Ақ жол» фракциясының депутаттары

Үкім: Манипуляция

Kompra.kz және Қаржы министрлігінің мемлекеттік кірістер комитетінің дерегінше, «Grand Smithy works» ЖШС-і 2015 жылдан бастап тіркелген. Биыл кәсіпорынның тіркелгеніне 5 жыл болады.

Соңғы 5 жыл ішінде «Grand Smithy Works» ЖШС-і 160 миллион теңгеге жетерлік салық төлемеген. Қаржы министрлігі мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, ең көп сома 103 764 600 теңге болған. Толық ақпаратты төмендегі кестеден қараңыз:

  • 2015 — 1 140 400
  • 2016 — 31 344 700
  • 2017 — 83 747 400
  • 2018 — 97 433 400
  • 2019 — 103 764 600

Қарағанды қаласы әкімдігінің «демалыс және мәдениет саябақтары мен скверлер басқармасы» КМК-ы жылына 200 млн. теңге салық төлейді.

«Ақ жол» фракциясының депутаттары

Үкім: Жартылай шындық

Қаржы министрлігі мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, Қарағанды қаласы әкімдігінің «демалыс және мәдениет саябақтары мен скверлер басқармасы» КМК-ы соңғы бес жыл ішінде 200 млн теңге салық төлемеді. Ең көп сома – 191 553 400.

  • 2015 — 75 458 500
  • 2016 — 76 948 200
  • 2017 — 115 942 300
  • 2018 — 146 675 000
  • 2019 — 191 553 400

Неге депутаттар осы кәсіпорындарды мысалға келтірді?

Біз қаржы кеңесшісі мен салық саласы бойынша сарапшы Расул Рысмамбетовке, депутаттың сауалы бойынша бірнеше сұрақ қойдық. Сарапшы ашық деректегі және депутат келтірген сауалдағы сомалар неге сәйкес келмейтінін түсіндірді:

Мемлекеттік жүйеде салық қызметі жалған кәсіпкерлік белгілері бойынша қандай да бір мәмілелерді жарамсыз деп тануға құқығы бар деген тәжірибе бұрыннан қалыптасқан. Яғни, нақты салық қызметі ақшаны қолма-қол ақшаға айналдырумен, салықтардан жалтарумен күреседі. Салық қызметінің неге алаңдап отырғаны белгілі. Салықтан жиналған ақша мемлекеттің тұрақты жағдайын (оның ішінде: мұғалімдер, дәрігер, мемлекеттік қызметкерлер қамтиды ) сақтауға көмектеседі.

Алайда, теңгерілмеген бюджет саясатының әсерінен, әсіресе бюджет шығыны көбейген уақытта мемлекетке көп қаражат қажет. Сондықтан фискалдық органдар салықтардан жалтаратын кәсіпорындарға қарсы күресуге қатаң нұсқау алды. Білуімше, салықтық ақпарат жүйесінде компьютерлік алгоритм жұмыс істейді. Ол салық бұзушылық белгілері бар кәсіпорындарды көрсетеді. Бұл алгоритм 100% заңсыздықтарды анықтайды деп ойламаймын. Сонымен қатар, компьютер күдікті деп таныған барлық транзакциялар заңсыз болып табылмайды.

Мониторинг деректерін пайдалана отырып, салық қызметі айыппұл төлеуге мүмкіндігі бар мәміле тараптарының кез келгенінің салықтарын қосымша есептейді. Менің ойымша, алгоритм қателесуі мүмкін, бұл жағдайда соңғы шешім компьютерде емес, адамда (екенін ұмытпаған жөн-ред.).

Депутаттар үлкен соманың кесірінен банкротқа ұшырауы мүмкін кәсіпорындарды мысалға келтірді. Менің білуімше, республика бойынша материалды шығыны бар кәсіпорындар өте көп.

Деректердің сәйкес келмеуі жайында ештеңе айта алмаймын. Бәлкім базаларда барлық салық көрсетілмеген болуы мүмкін. Кейбір базаларда қайта есептеуді көрсетпейді. Мысалы салықтың бір түрі бойынша бір сома басқа салыққа аударылады. Бұл өте жиі болатын процесс.

Расул Рысмамбетов, сарапшы

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz