Фактчек | Аймағамбетов магистратура мен докторантураға түсушілер туралы

31 қаңтарда ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің алқа отырысы өтті. Отырыс барысында ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов магистратура мен докторантураға түсушілерге байланысты мәлімдеме жасаған болатын. Бұл туралы baq.kz сайты жазды. Factcheck.kz деректердің рас-өтірігін тексеріп көрді.

Биыл магистрлерге арналған бірнеше мың орын игерілмей қалып, оның ақшасын бюджетке кері қайтардық. Айта кетейін, бұған дейінгі жылдары бірде-бір орын бос қалмай, барлығы игерілетін еді.

Асхат Аймағамбетов, ҚР Білім және ғылым вице-министрі

Үкім: Шындық

ҚР Білім және ғылым министрлігінің 2019-2020 жылға арналған Мемлекеттік білім беру тапсырысы жайлы бұйрығына сәйкес магистранттарға 12 984 грант, докторанттарға 2312 грант бөлінген. ҚР Білім және ғылым министрлігінің мәліметінше, магистратураға 9980, докторантураға 1564 талапкер грантқа қабылданған.

Яғни, министр айтқандай, бөлінген грант игерілмей қалған. Ал төмендегі кестеде ақылы және тегін оқып жатқан жалпы магистрант саны көрсетілген.

Фактчек | Аймағамбетов магистратура мен докторантураға түсушілер туралы
ҚР Ұлттық экономика министрлігі, Статистика комитеті

… Бізде де докторантураға түсу үшін ағылшын тілін Ұлттық тест орталығында тапсырған еді. Осыдан кейін біз тек халықаралық сертификат (IELTS, TOEFL және т.б.) талап ететін болдық. Біз талап еткен Intermediate деңгейі де аса жоғары емес еді. Алайда көп адамның оқуға түсе алмағанын көрдік. Сондықтан бұл саясатты біз ары қарай да жалғастыратын боламыз

Асхат Аймағамбетов, ҚР Білім және ғылым вице-министрі

Үкім: Шындық

Статистика комитетінің дерегінше, 2018 жылы оқуға қабылданған докторанттар саны – 2 766. Ал 2019 жылы – 1775. Алдыңғы жылға қарағанда кемігенін көре аламыз. Биылғы оқу жылына түсуші докторанттарға бөлінген 537 грант игерілмей қалған.

Фактчек | Аймағамбетов магистратура мен докторантураға түсушілер туралы
ҚР Ұлттық экономика министрлігі, Статистика комитеті

Контекст:

Магистратура мен докторантураға оқуға түсу ережесі өзгертілуіне қатысты ақпаратты ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов алғаш рет Facebook парақшасында хабарлады.

Сулейман Демирел университетінің журналистика мамандығы бойынша оқиды. "Ұлан" газетінің штаттан тыс тілшісі. 2019 жылдан бастап factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz