Жаһандық жылынуға антропогендік әсердің еш қатысы жоқ па?

5 шілдеде желіде “Геолог, профессор Ян Плимер климаттық төтенше жағдай туралы ертегіні үш жарым минутта-ақ тас-талқан етті” деген хабарлама жарияланды. Постта Плимердің жаһандық жылынуға антропогендік әсердің еш қатысы жоқ екенін айтып жатқан видеосы бар. Agence France Press фактчекерлері аустриялық геологтың мәлімдемесі ғылыми тұрғыда қаншалық сенімді екенін тексеріп көрді.

“Сізді таңғалдыратынын білемін, бірақ біз мұз дәуірінен енді ғана шықтық. Температура қалай өзгереді деп ойлайсыз, түсе ме, әлде көтеріле ме?”, – дейді ол видеода. Кейін геолог атмосферадағы көмірқышқыл газының деңгейі қазір 0,04% екенін, кезінде 20%-тен астам болғанын, деңгейдің екі есе төмендеуі барлық өсімдік пен жануарлардың өлуіне себеп болғанын айтады.

Бұл роликті Аустралиядағы, Жаңа Зеландиядағы, Ұлыбританиядағы Facebook қолданушылары мыңнан астам рет бөлісті.

Климаттың өзгеруі жөніндегі үкіметаралық комиссияның 2021 жылға арналған ресми есебі бойынша, адамның ықпалы атмосфераның, мұхит пен құрлықтың жылынуына себеп болғаны анық.

Жаһандық жылыну мұз дәуірінен кейінгі жылынумен байланысты емес. Нағыз себебі адамның парниктік газдар шығарындылары болып отырғанын жақсы білеміз. Бұл “табиғи цикл” емес және кез келген табиғи өзгерістерге қарағанда әлдеқайда жылдам жүреді“, – деді Жаңа Зеландияның Уеллиңтон қаласындағы Виктория университетінің палеоклимат профессоры Джеймс Ренвик AFP агенттігіне.

NASA мәліметінше, көмірқышқыл газының деңгейі өнеркәсіп төңкерісінен кейін тез өсті. Қазіргі көрсеткіш индустрия кезеңіне дейінгі уақытпен салыстырғанда шамамен 50%-ке жоғары. Бұл туралы Аустралиядағы Жаңа Оңтүстік Уэльс университетінің палеоклимат зерттеушісі Дэвид Хатчинсон AFP агенттігіне хабарлады. Ғалымның айтуынша, Плимер «қазіргі CO2 деңгейін болмашы сан ретінде көрсетуге тырысқан».

Ал Аустралия Ұлттық университетінің палеоклимат профессоры Нерили Абрамның сөзінше, Плимердің климаттың өзгерісіне қатысты мәлімдемесі күлкілі және ғылым дәлелдерге сәйкес келмейді.

Мельбурн университетінің геоғылымдар мектебінің қызметкері Эшли Гудтың айтуынша, Плимер мәлімдегендей-ақ, бір кездері ғаламшардағы атмосферада көмірқышқыл газының 20% концентрациясы болғаны рас, бірақ одан бері миллиардтаған жыл өтті.

“Ол кезде жас жердің атмосферасы қазіргіден мүлдеме басқаша еді. Біз ол уақытта оттегі емес, негізінен СО2 және метан болды деп ойлаймыз. Плимер Жер тарихында СО2 айтарлықтай өзгергенімен, қазіргі жылыну процесіне қарағанда ұзақ өзгеріске ұшырағанын атап өтпеді.”, – деп түсіндірді Гуд.

Осылайша, ғалымдар Ян Плимердің видеодағы мәлімдемесін жоққа шығарады.

Журналист, медиакритик, фотограф. Работал на ТВ (телеканалы «Алматы», Astana, КТК, 7 канал), в печатных и мультимедийных интернет-изданиях, сотрудничал с проектом «Радиоточка» до его закрытия в 2017 году, занимался медиакритикой в издании «Новый репортёр».

Factcheck.kz