Желіде BBC атынан «ядролық соғыс» туралы фейк тарады

“Ядролық соғыс жақындап келеді” деген фейк жаңалық үзіндісі Нигерияның Facebook қолданушылары арасында тарады. Видеода BBC репортёрі Украина-Ресей дағдарысы туралы хабарлап, алдағы уақытта ядролық соғыс болатыны жайлы ескертеді. AFP фактчекерлері видеоның интернет желісінде 2016 жылдан бері тарағанын анықтады.

Facebook желісінде жарияланған видео «BBC Breaking News» тақырыбымен басталады. Репортёр “ядролық соғыстың алдын алу мүмкін емес” екенін ескертіп, Ресей әскері НАТО күштеріне оқ атқаны туралы кадр көрсетеді.

Желіде BBC атынан «ядролық соғыс» туралы фейк тарады
AFP материалынан скриншот

Кейін репортёр «Брюссельдегі НАТО-ның аймақтық әскери штабында, Висбадендегі (Германия) АҚШ-тың ірі әскери және радиолокация базасында қуаты белгісіз термоядролық бомбалар жарылғанын» хабарлайды.

Сонымен қатар, видео астында мынадай мәтін жазылған: “Соңғы жаңалықтар… Британияның ұлттық төтенше жағдай қызметі. 20.01.22 Ядролық шабуыл болары сөзсіз”.

Алайда, видео ВВС-дің репортажы емес. Бұл 2016 жылы түсірілген 55 минуттық түпнұсқадан алынған үзінді және видеодағы жаңалық ойдан шығарылған.

ВВС жаңалықтың жалған екенін 2 жылдан соң хабарлады. “Видео YouTube-тен алынған секілді және ойдан шығарылған жаңалық екендігі туралы ескерту бар”, — деді BBC өкілі.

Ал жаңалықтағы репортёр Марк Райс атты актёр. Ол ВВС-ге “жай рөл сомдағанын” мәлімдеді.

“Видео Benchmarking Assessment Group компаниясы дүлей апатқа клиенттерінің қалай реакция танытанын көру үшін психометрикалық тест ретінде жасаған”, — деді Райс.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz