Жартылай шындық және манипуляция | Нашар көретін балалардың саны 20 есеге артқан

23 қаңтар күні «Хабар» телеарнасынан берілген сюжетте балалардың көзінің көруіне кері әсер ететін негізгі себептер ретінде заманауи гаджеттер мен тұқым қуалаушылық айтылды. Сонымен бірге, соңғы жылдары көзі алыстан нашар көретін балалардың үлесі 20 есеге артқаны туралы сөз болды.

Бірден назар аударатын жайт: “Хабар” журналистері қазақстандық балалардың көру қабілеті күрт түсіп кеткені нақты қай мерзімде болғанын айтпады. Сондай-ақ материалда мұндай мәлімдемені қандай офтальмолог жасағаны да белгісіз.

Соған қарамастан, бұл ақпаратты бірқатар БАҚ және агрегаторлар көшіріп басты: news.mail.ru, forbes.kz, news.ivest.kz, new.inform.kz, regnum.ru, kazakhstan today.

Біз пікірдің рас-өтірігін тексерген едік.

Үкім: Жартылай шындық және манипуляция

Көрсетілген мерзімде көру қабілеті төмен балалардың саны артқан, бірақ 20 есеге емес.

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық көмекті ұйымдастыру департаментінің деректері бойынша: «Саламатты Қазақстан» және «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламалары шеңберінде миопиясы бар балаларды дер кезінде анықтау үшін 0 жастан 17 жасқа дейінгі балаларға профилактикалық тексеру жүргізілген. Жалпы ауыру құрылымында көз ауруларының үлесі 2011 жылы 9,1% болса, 2017 жылы 12,6% болған.

20 есеге артты деген ақпарат біршама әсірелеп көрсетілген және тексеруге қолжетімді мәліметтерге негізделмеген (төмендегі зерттеуді қараңыз). Бейнероликте нақты сандар келтірілмейді, онда комментарий берген балалар офтальмологы Раушан Боранбаева да мұндай ақпаратты айтпайды, маман статистика келтірмейді, денсаулықпен байланысты нақты проблемалар туралы ғана айтады. Ал Раушан Боранбаеваның мұндай ақпаратты кадрдан тыс айтқаны немесе мүлдем айтпағаны белгісіз.

Сандарға назар аударсақ…

Статистика комитетінің ресми сайтындағы «Қазақстанның балалары» атты статистикалық жинақта 14 жасқа дейінгі балаларды профилактикалық тексеру жөніндегі ашық деректер бар.


Ұсынылған инфографикада 0 жастан 14 жасқа дейінгі балалардың статистикалық мәліметтері көрсетілген, бұл топқа мектепке дейінгі және мектеп жасындағы балалар кіреді. “Орташа есеппен” жағдайды қарастырсақ, соңғы жылдары жағдайдың болар-болмас қана өзгергенін байқаймыз.  

Ал мектеп жасындағы балалардың жағдайын қарастырсақ, көрсеткіштер бірден өзгереді. Алматы қаласындағы Көз аурулары ҒЗИ бізге мектептердегі медициналық тексеру қорытындысы берілген мәліметті ұсынды. Дәрігерлердің қорытындысы бойынша, көп жағдайда миопияның басталуы және оның үдеуі көзге көп жүктеме түсетін мерзімге (мектепте оқитын кезге) сәйкес келеді, жалпы ағзаның өсуі де осы кезеңмен тұспа-тұс.

Екінші инфографикада оқу жүктемесінің жоғары болуы көздің саулығына кері әсерін тигізетіні көрсетілген. 0 жастан 14 жасқа дейінгі балалар арасында көз ауруларының үлесі 1,6% болса, мектеп оқушылары арасында бұл көрсеткіш 21,4% болған.

Яғни, көру қабілеті бұзылған балалардың үлесі мектепке дейінгі және бастауыш сыныптағы кезеңмен салыстырғанда, мектеп оқушылары арасында 13,5 есеге жоғары. Дегенмен бұл көрсеткіштің өзі де көзі көрмейтін балалардың саны 20 есеге артты деп айтуға келмейді.

Жалпы білім беретін мектептер мен мектеп-гимназия оқушыларын салыстырған уақытта қарапайым мектептерге қарағанда гимназия оқушыларының миопиямен жиірек ауыратыны анықталған.

Мектеппен байланысты жағымсыз факторлар:

  • оқу жүктемесінің жоғары болуы;
  • оқу бағдарламасының күрделі болуы;
  • мектеп кестесінің бұзылуы;
  • жарықтың жеткіліксіз болуы, т.б.

Анықтама үшін

2017 жылы балалардың көз аурулары тыныс жолы мен қан түзу жүйесінің ауруларының кейінгі 3-орында болған.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, оның негізгі себептерінің бірі – заманауи мектептердегі оқу жүктемесі.