Жапония соты бір жынысты некені тіркемеуді «конституцияға қайшы» деп таныды

Жапонияның Саппоро қаласындағы аудандық соты мемлекеттің бір жынысты некені мойындаудан бас тартуы «елдің конституциясына қайшы» деп таныды. Бұл туралы DW сайты хабарлады.

Бұл сот Жапонияда «бір жыныстылардың некесін мойындамау ел Конституциясында бекітілген бостандығын бұзуға жата ма?» деген мәселе бойынша шешім шығарылған алғашқы жағдай.

Саппоро соты, сонымен бірге, бір жынысты үш жұптың некесін тіркеуден бас тартуы салдарынан моральді тұрғыда азап шеккені үшін миллион иен (шамамен 3 млн 790 мың теңге) өтемақы төлеу туралы шағымды қабылдамады.

Осыған байланысты адвокаттар өз клиенттеріне ақша емес, мемлекет ұстанымының конституцияға сай емес екені туралы сот шешімі маңызды екенін айтты.

Жапония — ең ірі жеті индустриалды елдің бірі. Мұнда әлі күнге дейін бір жынысты некені мойындамайды. 2019 жылы Тайвань Азия елдерінің арасынан бірінші болып бір жынысты некені мойындады. Ал Германияда бір жыныстылардың некесі туралы заң 2017 жылдың 1 қазанында күшіне енді.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz