Жамбылдағы жарылысқа байланысты “жалған ақпарат” бойынша қозғалған іс тоқтатылады

Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы жарылыс кезінде тараған ақпаратқа байланысты қозғалған қылмыстық іс “қылмыс құрамы болмағандықтан” тоқтатылады. Бұл туралы облыстық полицияның баспасөз хатшысы міндетін атқарушы Бегман Құтмырзаевқа сілтеме жасап, Азаттық радиосы хабарлады.

“Қылмыстық құрамы жоқ болғандықтан тоқтатылады. Бірақ әзірге базаға енгізілген жоқ. Енген кезде істің тоқтағаны жөнінде ресми түрде хабарлаймыз” деді ол Азаттық тілшісіне.

Бұған дейін Жамбыл полициясы тамыздың соңында әскери қоймада болған жарылыс кезінде тараған ақпаратқа байланысты “Көрінеу жалған ақпарат тарату” бабы бойынша іс қозғалғанын хабарлаған. Куә ретінде Turaninfo.kz ақпарат агенттігінің тілшісі Исламбек Дастан, ал қорғануға құқығы бар куә ретінде 7 арнаның тілшісі Данияр Әлімқұл шақырылған.

Әлеуметтік желіде жарылыстан ақпарат таратып, кәсіби міндетін атқарған журналистердің тергелуіне қолданушылар ашулы реакция білдірген. Кейбір ақпаратқа қарағанда, журналист “бір кәсіпкердің үйінде үйіліп жатқан снарядтар маңынан” ақпарат таратқан. Іске осы жайт түрткі болуы мүмкін.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz