Трэш-фейк | Виагра және Калачи ауылындағы секс-құмарлық

17 қараша күні Караван порталы The Sun басылымына сілтеме жасап, «Ауыз судағы виагра: ғалымдар Қазақстанның ұйқыдағы Калачи ауылының құпиясын ашты – The Sun» деген тақырыппен материал жариялады. Хабарлама мәтіні мынадай:

Қазақстандағы шағын ғана Калачи ауылының оқиғасы барлық БАҚ беттерінде жарияланды. Ауыл тұрғындары бірнеше күн бойы ұйықтай берген. Одан бөлек басқа да жанама әсерлері байқалған: кей ер адамдар таңертең «жыныстық құмарлығы артып» оянатын болған. Сондай-ақ тұрғындар галлюцинацияға бейім болды, әсіресе балалар көбірек зардап шекті.

Расында 9 қарашада The Sun «Суда бірнәрсе бар: виаграға ұқсас химиялық зат суқұбырына түскеннен кейін бүкіл ауыл тұрғындары нәпсіқұмар әрі жиі сандырақтайтын болып кетті» деген тақырыппен материал жариялаған. Талдаймыз.

Үкім: Треш-фейк

Калачи ауылындағы ұйқышылдық дертіне қатысты жаңа деректер бар. Дегенмен автор тым қатты қиялға ерік бергені бізді таңқалдырды.

Британдық басылым авторы әуелі Калачи ауылындағы сұмдық оқиғалармен бөліскен: «Күйеуі осындай жағдайдың «құрбаны» болған ауыл тұрғыны дәрігерлер күйеуінің біртүрлі дертін көргенде «күлгенін және қызарғанын» айтты. Сондай-ақ тұрғындар қатты сандырақтаған, әсіресе балалар көбірек зардап шекті. Бір қыз анасының бетіне жабысқан пілдің мүйізін көргенін айтса, қатты қорқып қалған бала айналасында жылқы мен электр шамдарының ұшып жүргенін айтқан». 

Ары қарай автор шындық, дәлелсіз ақпарат пен ойдан құрастырылған әңгімені қосып, қоғамды дүрліктірген оқиғаны ойлап табады. Фотосуреттер қоса берілген, олардың жартысы Siberian Times материалынан алынып, авторы Zamzagul Adrakhmanova, K31 TV (кей суреттер телерепортаждан алынған стоп-кадрлар) деп көрсетілген.

Дәлелденбеген және ойдан шығарылған ақпарат: The Sun жақын жерде  Красногорский деген ауыл бар және кеңес кезінде ол жерде уран өндірілгенін  айтып, зерттеу тобының жетекшісі Байрон Крейппен әңгімелеседі-міс. Айтпақшы, «жыныстық құмарлық» туралы бірінші болып Daily Mail 2015 жылы хабарлаған. Бірақ бір ерекшелігі сол кездегі Daily Mail мен қазіргі The Sun материалының авторы бір адам – Уилл  Стюарт.

Бірақ ең негізгісі басылым Назарбаев Университетінің баспасөз-хабарламасына сілтеме жасаған. Онда ұзақ уақыттан бері Калачидегі «ұйқышылдық дертінің» себебін зерттеген Байрон Крейп (Университеттің Медицина мектебінде сабақ береді) бастаған ЖОО ғалымдарынан құралған топ ауыл тұрғындары неліктен 2012 жылдың соңы мен 2015 жылдың қазан айы аралығында кенет ұйқышылдыққа тап болғаны туралы өз болжамын ұсынғаны айтылған.

Баспасөз-релизі расымен бар, бірақ онда виагра туралы, виаграға ұқсас зат немесе ауыл тұрғындарының жыныстық құмарлығы туралы ештеңе айтылмаған.

Біз профессор Крейпке хабарластық, ол былай деп жауап берді:

«Жоқ, біз Калачи ауылында «сексуалдық дисфункция» белгілерін немесе «виаграға ұқсас» химиялық затты анықтаған жоқпыз, тіпті мұндай нұсқаны қарастырған да емеспіз. Бұл – сандырақ. «Сарапшылардың» (газет жазып отырған) біздің топ пен біздің зерттеушілерге еш қатысы жоқ. Бұл ойдан шығарылған немесе олар қызықты материал жасау үшін әлдебір сандырақ «сарапшылардың» пікірін негізге алған. Біз мұндай ақпарат берген жоқпыз және The Sun бізбен байланысқа шыққан емес».

Шын мәнінде не болды?

Ақпарат назарға алуға тұрарлық болғандықтан, Назарбаев университетінің  баспасөз-релизін келтіреміз:

«Біздің «калачев» синдромын зерттеуімізде заңдылықты іздеу мақсатында модельдеудің ғылыми тәсілі қолданылды. Біз «ұйқышылдық дертіне» кімнің шалдыққанын, кімнің ауырмағанын зерттедік. Ұзақ талдау барысында ауру тамақтанумен, созылмалы аурулармен немесе тұрғындардың зиянды әдеттерімен байланысты деген ондаған болжамды жоққа шығардық. Бірақ кейінірек біз тұрғындардың барлығы бір қайнардан су ішетінін білдік – жергілікті тұрғын оны  сорғымен тартып, ауылдастарына сатады. Әрине суды сатып алғандықтан үй жануарларына ол судан бермеген. Жануарлар өзен суын ішкендіктен (адамдармен салыстырғанда – авт.) ұйқышылдыққа ұрынбаған», – деді профессор Крейп.

Ғалымдар су химиялық заттармен уланған деген қорытындыға келді. Ағзаның химиялық улануы Калачи тұрғындары айтқан белгілермен қатар жүреді. Мәселен, бас айналу, әлсіздік, «мастық» сезімі, тіпті галлюцинация да бар.

«Химиялық заттар ауыз суға 1980 жылдардың соңынан бастап тасталған уран шахталары арқылы түсуі мүмкін. Әскер шахталарды апаттық қоқыс тастайтын орын ретінде пайдаланып, химиялық қалдықтарды тастап отырған болуы мүмкін. Ол жерде химиялық қару жасалып, ал пайдаланылған химикаттар жерге  көмілген деген болжам бар», – дейді профессор Крейп.

Ғалымның айтуынша, кеңес кезінде химиялық қалдықтарды бөшкелерге салып отырған. Темірді уақыт өте келе тот басып, бөшкеден химиялық заттар ағып, у жер асты суларына түскен. Калачи ауылындағы 2012 жылдың соңы  мен 2015 жыл (құпия белгілер анықталған уақыт) аралығындағы оқиғаға осындай жайт себеп болуы мүмкін.

Қазір тұрғындарда «ұйқышылдық дертінің» белгілері жоқ болғандықтан ғалымдардың болжамын растау немесе жоққа  шығару үшін уран шахталарына кіріп көру керек. Бірақ ол жерге түсу өте қауіпті – ескі кен орны кез келген уақытта опырылып түсуі мүмкін.

Сол себепті ғалымдар Инженерлік және цифрлық ғылымдар мектебімен бірлесе отырып арнайы ұшқышсыз ұшатын аппарат құрастырып, оны шахталардан талдау үлгісін алу үшін пайдалануды жоспарлап отыр.

Калачи ауылы туралы басқа да мәлімет

Қорытынды

  • The Sun 1990 жылдардағы конспирологиялық газеттердің үлгісіндегі треш-материал жариялады. Жалпы The Sun-ның беделі онда жазылғанның бәріне сене беруге болмайтынын дәлелдейді.
  • Материал жарияланған «Караванның» айдары осындай ойға  қонымсыз ақпараттарға да сілтеме берген. «Караван» The Sun ақпаратын тексеріп, оған баға бермегені былай тұрсын, тіпті әсірелеп жіберген:  британдықтар виаграға ұқсас химиялық зат деп берсе, қазақстандық әріптестер Калачи ауылы тұрғындарының ауыз суында виагра мөлшері көп екенін жазған.
Factcheck.kz