Тоқаевтың БҰҰ-да айтқан сөзіне фактчек

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблеясы 76-сессиясының жалпы дебатта сөз алып, әлем және Қазақстан туралы бірнеше дерек келтірген. Factcheck.kz президент сөзін тексерді.

Мәлімдеме: Қазіргі таңда 130 миллионнан астам адам кедейлікке ұшырады.

Қасым-Жомарт Тоқаев

Үкім: Техникалық қате

Дүниежүзілік банк пандемия әсерінен 120 миллионға жуық адам кедейлікке тап болғанын жазды және 2021 жылдың соңына қарай 150 миллионнаға дейін өсетіні күтіліп отыр. Президент осыны меңзесе керек.

Қазір әлемде өте кедей деңгейде өмір сүріп жатқан адам санын нақты айту қиын. БҰҰ 2010 жылдан 2019 жылға дейін кедейлік деңгейі 14,3%-тен 7,1%-ке дейін төмендегенін айтқан. Демек, 2019 жылы әлемде 7 млрд 713 млн адам болса, оның 547,6 миллионы өте кедей (өте кедей деп күніне 1,90 доллардан аз ақшаға өмір сүретіндерді меңзейді) өмір сүрген.

Мәлімдеме: Теңізге шығатын жолы жоқ, ірі мемлекет болып саналатын біздің еліміздегі климат тез өзгеруде және халқымыз бен экономикамызға қауіп төндіруде.

Соңғы 75 жылдың ішінде жылдық орташа температура 2 градусқа жылынып, қазіргі уақытта әр бес жыл сайын қуаңшылық қайталануда [ Ағылшын тіліндегі мәтінде әр бес жыл сайын қуаңшылық екі рет қайталанатыны айтылған, қазақша аудармада бұл сөз түсіп қалған секілді – авт.].

Қасым-Жомарт Тоқаев

Үкім: Үкім жоқ

Ескерту: Тоқаевтың ағылшын (қуаңшылық бес жылда екі рет) және қазақ (қуаңшылық бес жыл сайын қайталанады) тіліндегі мәтіндерінің екеуіне де шындық деген үкім қоюға болады. Бірақ материал аудару барысындағы бірізділік жоқтығына байланысты үкімсіз қалдырамыз.

Қазақстанда, одан бөлек әлемде ауа температурасы жоғарылап келе жатқаны шындық. Алайда елімізде нақты соңғы 75 жыл ішінде ауа температурасы туралы дерек табылмаса да, соңғы 100 жыл ішінде ауаның орташа жылдық температурасы 1,37°C-қа жылығанын экс-экология министрі Мағзұм Мырзағалиев айтқан. Біз бұл жайында бөлек материал дайындағанбыз.

Дүниежүзілік банк дерегіне сай, Қазақстанда қуаңшылық әр бес жыл сайын қайталанады, ал солтүстіктегі суғарылмайтын жердегі қуаңшылық әр 5 жылда 2 рет болып отырады. 2017 жылы Ауыл шаруашылық минитрлігінің бірінші вице-министрі Қайрат Айтуғанов жазғы қуаңшылық әр 10 жылда 3 ретке жуық екенін айтқан.

«Жаһандық климаттың өзгеруі: планетаның өмірлік белгілері» сайтының жазуынша, соңғы 75 жылда, яғни 1945 жылдан бері Жер 1,2°С-қа жылынған. Бұл көрсеткіш 1945 жылы 0.09 °С болған.

Мәлімдеме: Еліміздегі электр қуаты өндірісінің 70 пайызға жуығы көмірге тәуелді болғандықтан, энергетикалық ауысу күрделі мәселе болып отыр.

Қасым-Жомарт Тоқаев

Үкім: Шындық

Еуропа қайта құру және даму банкінің дерегінше, Қазақстанда шынымен-ақ 70% энергия ескі көмір электр станцияларында өндіріледі. «Демек, энергетикаға, атап айтқанда, электр энергиясы мен жылу өндірісіне көміртегі шығарындыларының 80%-і келеді» деп жазылған банк құжатында.

1062-E2C2-kazak-casestudy_JULY19_RU

Мәлімдеме: Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасының мәліметі бойынша, биыл 270 миллион адам азық-түлік тапшылығын сезінеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев

Үкім: Шындық

Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасының хабарлауынша, биыл шынымен-ақ 270 миллионға жуық адам азық-түлік жетіспеушілігін қатты сезінген не соған тап болу қатері жоғары. Бұл былтырғы көрсеткішке қарағанда 70%-ке жуық көп.

Азық-түлік бағасының қымбаттауы — ашығып жүргендердің жаңа досы. Бізде одан да көп адамды ашығу мен азаптануға біріге итермелейтін конфликт, климат және COVID-19 бар еді. Енді азық-түлік бағасы атышулы үштікке қосылды.

Ариф Хусейн, БҰҰ агенттігінің бас экономисі

Фактчекер-журналист. Factcheck.kz сайтының шығарушы редакторы.

Factcheck.kz