Тәліп үкіметі әйел рөлі бар фильм мен сериалдарды көрсетуге тыйым салды

Тәліптер басқаратын Ауғанстан әкімшілігі ауған телеарналарына әйел актрисалар рөл ойнайтын көркем фильмдер көрсетуге тыйым салып, журналист әйелдер мен қыздарды хиджаб киюге міндеттеді. Бұл туралы Азаттық радиосы хабарлады.

21 қарашада жарияланған 8 бөлімнен тұратын “діни ережелер жиынтығы” – тәліптер енгізген соңғы өзгеріс.

Тәліптер телеарналар ислам құқығы мен ауған мәдениетіне нұқсан келтіретін фильмдерді, комедиялар мен ойын-сауық бағдарламаларын көрсетуіне болмайды деген шешім шығарды.

“Бұл ой-пікір еркіндігін шектеу емес, қарапайым ұстанымдар ғана” деді тәліптер үкіметінің баспасөз хатшысы Азаттыққа берген сұқбатында.

Биыл тамызда халықаралық қауымдастық мойындаған ауған үкіметін құлатып, билікке келген тәліптер елде енді бұрын өздері басқарған кездегідей қатаң ереже болмайды деп сендірген. 1996-2001 жылдары ел басқарған тәліптер қыздардың мектепте оқуына, әйелдердің жұмыс істеп, спортпен шұғылдануына тыйым салған.

Алайда БҰҰ мен халықаралық құқық қорғау ұйымдары тәліптер уәдесінде тұрмады және Ауғанстанның жаңа үкіметі БАҚ пен сөз еркіндігін шектеді деп мәлімдеді.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz