ШЫНДЫҚ | Алаяқтар ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің жалған сайтын жасады

Ғаламторда Қазақстан аумағында тіркелмеген белгісіз дәрілер мен дәрілік өнімдердің жарнамасынан көз сүрінеді. Олар ұлттық сараптау орталығы мемлекеттік реестрінде болмақ түгілі, Қазақстан аумағында тіркелмеген.

Негізінен «адамды арықтататын», «ер адамдардың қуатын арттыратын», «ішек қырындысын тазалайтын» «қасиетке» ие дәрілер мен дәрілік өнімдерді жарнамалайтын белгісіз компаниялар олардың жарнамасын мейлінше сенімді етуге тырысады. Әрі ол үшін еліміздегі белгілі тұлғалардан алынған жалған сұхбаттарды, ақпараттық порталдардың, телеарналардың эфирлері мен сайт макеттерін қолданып, сенімсіз дүниені «сенімді» етеді.

Facebook-тегі аккаунттардың бірінен скрин
Facebook-тегі аккаунттардың бірінен скрин

Үкім: Шындық. Ғаламтордағы алаяқтар белгісіз дәрілер мен дәрілік өнімдердің саудасын жүргізу үшін фейк сайттарды, соның ішінде ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің жалған сайтын пайдаланады.

Алаяқтар ғаламтор беттері мен әлеуметтік желілерде ҚР Денсаулық сақтау министрлігі сайты дизайнын пайдалынып, жүйелі түрде сайттар мен парақшалар жасауда. Бұл сайттарда Intoxic секілді күмәнді дәрілерді жарнамалаған жалған сұхбаттар да шығып тұрады.

Осы мәселе бойынша нақтырақ мәлімет алу үшін Денсаулық сақтау министрлігіне хат жолдағанбыз. Қоғамдық денсаулық сақтау комитеті төрағасының міндетін атқарушы – ҚР Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин Қазақстан аумағында бұл дәрілердің тіркелмегенін және елімізде паразитология институтының құрылмағанын, министрліктің және министрдің дәрілік өнімдерді жарнамалаумен айналыспайтынын мәлімдеді. Алайда, осы уақытқа дейін дәл осындай жалған жарнамадан қанша адам зардап шеккені туралы мәлімет ведомство өкілдерінің қолында жоқ болып шықты.

Жалған парақшаның скрині. Мекен-жай жолағына назар аударыңыз.

Абай Байгенжин дәрілік өнімдерге жарнама жасамайды

«Ұлттық ғылыми медициналық орталықтың» (ҰҒМО) басшысы Абай Байгенжиннің атынан бірнеше сайтқа жалған сұхбат жарияланып, оны елімізде әлі құрылмаған Паразитология институтының және өзге де медициналық мекемелердің басшысы, өзіне қатысы жоқ саланың дәрігері деп таныстырған. Жарияланған фейк сұхбаттардың ешқайсысы шындыққа сәйкес келмейді. ҰҒМО АҚ басқарма төрағасы, медицина ғылымдарының докторы, профессор Абай Қабатайұлы әр түрлі биологиялық белсенді қоспа жарнамалау сұхбаты көбінесе оның атынан ғаламторда жарияланып жүргенін және белгісіз дереккөздерімен жиі түрленетінін, дегенмен ол кісі ешқайда сұхбат бермегендігін және ол жұмыс істейді деп жүрген құрылымдарға еш қатысы жоқтығын мәлімдеді. Абай Байгенжин соңғы 15 жыл бойы «ҰҒМО» АҚ-ға басшылық жасап келеді.

Абай Қабатайұлы өзі шағымданған бірнеше мекеме мен орган арасындағы қатынас хаттарды да жіберді. Онда ҚР Бас прокуратурасы, РФ құқық қорғау мекемелеріне IntoxicPlusGroup және  «Геометрия Розы» компанияларының үстінен түсірілген шағымдар мен оларға тиісті органдардың берген жауаптары бар.

Салтанат Байқошқарова паразитолог емес

Абай Байгенжиннің атынан жарияланған фейк-сұхбат сарындас материалдар «Экомед» адам ұрпағын өрбіту емханасының ғылыми директоры Салтанат Байқошқарованың да атынан жарияланып жүр. Салтанат Берденқызына мүлдем қатысы жоқ болса да, одан паразитология мен тропикалық медицина маманы ретінде де «сұхбат алған».

«Экомед»  емханасының ресми сайты мен министрлік сайтында да жалған жарнаманы теріске шығару туралы ақпараттар жиі жарияланып тұрады. Әйтсе де, бұл шаралар күн сайын таралу аумағын кеңейтіп жатқан алаяқтардың алдын алар емес.

Әбден әккі болып алғандардың құрбандары қатарында «Казақпарат» ХАА, «Қазақстан» РТРК, «Хабар» РТРК, «Бірінші арна Еуразия» арналары бар. Айтар кетерлігі, бұл жайт Қазақстан аумағында ғана емес, алыс және жақын шетелдердің атақты адамдары мен ақпарат құралдарына да осындай «шабуыл» жасалған.

Алаяқтардың қақпанынан қалай сақтанамыз?

  • Міндетті түрде мекен-жай жолағындағы сілтемені қараңыз. Мәселен, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ресми сайты – http://www.mz.gov.kz. Фейк сайттар көбіне қазақстандық емес домендерге тіркеледі және ұзақ сілтемелерден тұрады.
  • Дәрігерлер қандайда бір дәрілер мен дәрілік өнімдерге сирек жағдайда жарнама жасайды, себебі бұл медицина қызметкерінің әдеп кодексіне сай емес. Егер де препаратты дәрігер жарнамаласа, онда дәрігер мен дәрі туралы ақпаратты  міндетті түрде іздеу жүйесі арқылы бір қарап шығыңыз. Медициналық қызметкерлер дәрілер мен дәрілік өнімдерді тарататын/даярлайтын компаниялардан сыйлық алуға,  олар ұсынған дәрілерді қабылдауға немесе таратуға міндетті емес.
  • Барлық дәрілердің қарсы көрсеткіштері бар. Егер де ол мүлдем жоқ десе – бұл оның қауіптілігінен хабар беруі ықтимал. Бұл жерде міндетті түрде ақпараттың растығын тексеру керек.
  • Жарнамаларда ұзақ мерзімді және тұқым қуалайтын ауру түрлерінен тез айықтыратындығы айтылса, онда оған күмәнмен қараған дұрыс. Егер ондай дәрілер болғанда біз мәңгі өмір сүрер ме едік?!
  •  «Алматыда 87 пайыз жеміс-жидектер ауру жұқтырған», «қалада эпидемия басталды» деген сияқты адамдарды үрейлентіретін ақпарлар жиі шығып жатады. Мұндайда, таралған ақпаратты тиісті ведмоства сайттарынан, ірі ақпарат құралдарынан іздестіру керек. Жалған ақпараттың жетегінде кетпеңіз.
  • Қазақстанда сертификатталған, тіркелген дәрілер мен медициналық құралдардың тізімін dari.kz сайтынан қараңыз.

 

 

Думан Смақов
Журналист, редактор, менеджер, журналистика саласындағы бірнеше кітаптың авторласы. Factcheck Kazakhstan жобасының бас редакторы