Шындық | 20 жыл ішінде шетелдіктер Қазақстаннан тоғыз мың баланы асырап алған

Шет ел азаматтарының Қазақстаннан бала асырап алу процесі кейінгі уақытта көзден таса қалған тақырыптың бірі болды. 22 ақпанда stan.kz “Қазақстандағы жетім балаларды шетелдіктердің асырап алуына тыйым салуға үндейтін петиция басталды” тақырыбында материал жариялаған болатын. Тақырып ішіндегі фактілерді бірге тексеріп көрейік.

Соңғы 20 жыл ішінде шетелдіктер Қазақстаннан тоғыз мың баланы асырап алған

stan.kz сайты

Үкім: Шындық, бірақ ескеру керек…

Шет ел азаматтары асырап алған Қазақстан балалары туралы осыған дейін әріптесіміз жазған болатын. Балалардың құқығын қорғау комиетінің мәліметі бойынша 1999-2012 жылдар аралығында 8806 бала өзге мемлекетке берілген. Ал 2013-2019 жылдар аралығында ҚР Білім және Ғылым министрлігінің Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің мәліметінше, 157 бала шекара асқан. Жалпы алғанда 20 жыл ішінде 8963 бала шет ел отбасына берілген.

Ескеру керек! 2012 жылы ҚР «Неке және отбасы туралы» Кодексі күшіне енгеннен бастап Қазақстанда бала асырап алу тәртібі өзгеріп, тек аккредитациядан өткен агенттіктер арқылы жүзеге асатын болды. Өзге ел азаматтарының бала асырап алу процесі 2012 жылға дейін тек “Неке және отбасы” заңымен іске асқаны үшін талап жеңіл болған. Сол себепті 1999-2012 жылдар аралығында шет елге кеткен бала саны көп болды. Ал 2013-2020 жылдар да талап қатаңдап, арнайы шетелдік агенттіктерді аккредитациялау арқылы іске асты.

2019 жылы сегіз бала шетелге кетті

stan.kz сайты

Үкім: Шындық

ҚР Білім және Ғылым министрлігінің Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің мәліметінше, аккредиттелген агенттіктер арқылы 2019 жылы 8 бала шекара асқан. Соның ішінде Белгия отбасына – 4, Испанияға – 1, Канадаға – 1, Францияға – 2 қазақ баласы асырауға берілген. Ал 2020 жылы ешқандай бала шет елге берілмеген. Бұл туралы аталған комитеттің баспасөз қызметі хабарлады.

Дереккөз: ҚР Бала құқығын қорғау комитеті
Наргиза Ерес
Сулейман Демирел университетінің журналистика мамандығы бойынша оқиды. "Ұлан" газетінің штаттан тыс тілшісі. 2019 жылдан бастап factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.