Президент Тоқаев биылғы жылы 16 маусымда өткен Ұлттық Құрылтайда Республика күнін қайтару туралы сөз қозғап, 29 қыркүйекте мерекені ресми қайтарып, заң жобасына қол қойды. Іле шала әлеуметтік желілерде және ресми сайттарда Республика күнінің логотипі жариялана бастады. Бір қарағанда туымызбен астасатын лого жат көрінбегенімен, интернетте осыған ұқсас логоның бар екендігі және оның да ұрланған болу ықтималдығы туралы жазыла бастады. Factcheck.kz оқырмандардың өтініші бойынша желіде тараған ақпаратты тексеріп көрді.
Республика күнінің логотипі интернеттен алынған
Әлеуметтік желідегі пікір
Үкім: Шындық
Ресми логоны және желідегі суреттерді іздей келе Shutterstock.com сайтынан бірақ шықтық. Сток суреттер базасына “eagle logos” деп жазсаңыз Республика күніне арнайы жасалған логодан аумайтын нұсқаны табасыз. Сурет Adobe Stock-та да бар, бағасы – $79,99. Сурет стоктан алынбаған десек, логодағы қанат саны, жаюы, тұмсығы, бәрі – бірдей. Айырмашылығы, түпнұсқада оң жақ қанаты үшкірлеу келсе, Республика күні логосында сүйірленген. Бар болғаны осы.

Сток суреттер базасында логотип авторы ретінде TopStudio ұйымы көрсетілген. Бұл ұйым жануарлардан бөлек әртүрлі стильде логотиптер жасаумен айналысады және оны сток суреттер базасы арқылы сатады.
Бір қызығы, әлемде дәл осы бүркітті пайдаланған маркалар мен компаниялар өте көп. Бәрі бір-біріне ұқсайды. Оны Yandex суреттерді іздеу жүйесінен көруге болады.
Лототипке мелекет қанша қаржы жұмсады?
Логотипке жұмсалған қаржы туралы ашық дереккөздерден ақпарат таппадық және оны анықтау үшін ҚР Мәдениет және спорт министрлігі мен Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне ресми сауал жолдадық. Ресми органдар сток суреттер базасынан алынған логоға жұмсаған қаржы туралы нақты ақпарат береді деген сенімдеміз.
Бұған дейін де…
Ресми Астана бұған дейін де логолар мен суреттерді көшірумен көзге түскен.
- 2017 жылы шыққан 500 теңгеліктегі шағала Уикипедиядан алынғаны туралы ақпарат тараған. Бұл туралы сол кезде factcheck.kz кеңінен талдаған еді.
- 2018 жылы “Рухани жаңғырудың” логосы да плагиат дауына іліккен. Ол кезде де талқылап, жік-жігін жазғанбыз.
Пікір қалдыру үшін өз аккауныңызға кіріңіз.