Ресей университеттерінің дипломы әлемде мойындалмай ма?

13 наурызда Украинаның Жоғарғы Радасының телеграм арнасында және бірнеше танымал медиада “Ресей университеттерінің дипломы әлемде мойындалмайды” деген ақпарат тарады. Бұл хабарлама әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде жиі тараған соң және оқырмандардың өтінішімен біз ақпараттың рас-өтірігін тексердік.

Әлемде ресейлік университеттердің дипломын мойындамайды

Медиада тараған ақпарат

Үкім: Манипуляция және жалған

Неге манипуляция? Расымен, AACSB (Бизнес мектептерді дамыту қауымдастығы), Business Graduates Association (Бизнес мектеп түлектерінің қауымдастығы), AMBA (MBA бағдарламасының қауымдастығы), EFMD (бизнес мектептердің ғаламдық желісі) бірлескен мәлімдемесінде ресейлік мекемелермен жұмысты тоқтатып, аккредитациясын қайтаратынын айтқан. Сонымен қатар, бұған дейін берілген дипломға және студенттерге еш қатысы жоқ екені де жазылған.

Неліктен жалған? осы ақпаратқа сүйеніп, “барлық ресейлік университеттің дипломы әлемде мойындалмайды” деп айта алмаймыз.

Толығырақ…

AACSB, AMBA & BGA және EFMD бизнес мектептер бойынша білім беру саласындағы әлемдегі жетекші ұйымдар. Аккредитациядан өткен университеттердің арасында РФ Президенті жанындағы Ресей халық шаруашылығы және мемлекеттік басқару академиясы, Санкт-Петербург мемлекеттік университеті және Мәскеудегі мемлекеттік халықаралық қатынастар институты болған. Университеттердің толық тізімін MBA.su сайтынан оқуға болады.

11 наурызда AACSB сайтында Ресейдің Украинаға басып кіруіне қатысты AACSB, AMBA & BAA және EFMD бірлескен мәлімдемесі жарияланды. Ұйымдар ресейлік бизнес мектептердің аккредитациясы мен қызметін тоқтатуға шешім қабылдаған. Алайда, бұл бұған дейін берілген дипломға және студенттерге еш қатысы жоқ. Яғни, студенттерге берілген диплом әлем елдерінде әлі де мойындалады.

Тағы ескеретін жайт, бұл жағдай білім беру стандарттарына сәйкес берілген басқа мамандық иелерінің дипломына қатысы жоқ. Ресей әскері Украинаға шабуыл бастағалы еуропалық және америкалық университеттер тек Украинаның ғалымдары мен студенттеріне емес, сонымен бірге, Ресей саясатына және соғысқа наразы ресейлік студенттер мен ғалымдарға көмек ұсынып жатыр.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz