Парацетамол айналасындағы дау һәм фейктер

Соңғы кезде парацетамол төңірегінде фейк ақпарат жиілей бастады. Әсіресе дене қызуы жоғарылаған кезде (коронавирус белгілерінің бірі) осы дәріні пайдалануға кеңес берілген соң өрши түсті десе де болады. Олардың арасында зомби-фейк те бар.

Парацетамол айналасындағы дау һәм фейктер
Тарап жатқан ақпарат

Мысалы, әлеуметтік желілерде жүрген мына ақпаратты тексерейік.

Ғылыми тұрғыдан қараса парацетамол “әлемдегі улы дәрі” қатарына жатпайды. Ол тек тиісті мөлшерден көп ішкенде не алкогольмен қатар қолданғанда ғана адам өміріне қауіп төндіруі мүмкін. Бұл ретте бауыр жұмысына зиян келеді. Және ол Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ең маңызды дәрілер қатарына кіреді.

Кейінгі кезде бұл дәріні әр елдің денсаулық сақтау басқармалары мен ДДСҰ коронавирустың белгілері байқалған жағдайда ішуге кеңес беріп келеді. Мысалы Нұр-Сұлтан қаласының денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәуле Қисықова дене қызуы 38-ден асса 500 мл. көлемінде парацетамол ішу керектігін айтқан.

Еуропа елдерінде парацетамолға тыйым салынған ба?

Бұл ақпарат, әрине, шындыққа сай келмейді. Мысалы Францияның Денсаулық сақтау министрі Ольиве Веран 14 наурыз күні өзінің Туиттер парақшасына ибупрофен туралы жазба қалдырған кезде, коронавирус белгілері байқалған жағдайда парацетамол пайдалануға кеңес берген.

Бұл дәрі туралы жаңсақ пікір мен түсініспеушілік кей жеке зерттеушілердің еңбектерінен шығып жатады. Бірақ олар ДДСҰ тарапынан қолдау таппаған немесе басқа ғалымдардың қарсы пікірлеріне кезігіп, аяғы дебаттармен жалғасқан. Сондықтан оны нақты пікір қатарына жатқыза алмаймыз.

Бұдан бөлек WhatsApp мессенжері арқылы құрамында “Мачупо” вирусы мен Р/500 деген белгісі бар парацетамол туралы хабар тарады. Ол жерде “Мачупоның” әлемдегі ең қауіпті вирус екендігі және адамды өлтіру мүмкіндігі жоғары екені жазылған.

Парацетамол айналасындағы дау һәм фейктер
Тарап жатқан ақпарат

Үкім: Зомби-фейк

Дәл осы хабарлама 2017 жылы да тараған. Ақпарат шығысымен ДСМ тарапынан түсініктеме берілген.

Сол кезде Денсаулық сақтау министрлігі Фармация комитетінің бас сарапшысы Ғалымжан Мұрзахметов Tengrinews.kz сайтына былай деген еді:

Қазақстан Республикасына қатысты бұл ақпаратты жалған деп есептеймін. Медициналық және фармацевтикалық қызметті қадағалау комитетіне телефон арқылы да, хат арқылы да мұндай мәлімет түспеді… Қазақстандағы дәрілерде мұндай жазу (Р 500) жоқ. Мен бұл ақпаратқа қатысты ғаламтордан мағлұмат іздеп көрдім. Мұндай дәрілер туралы ақпаратты ТМД елдерінен де, шетелден де таппадым.

Ғалымжан Мұрзахметов

Контекст

Бұл парацетамол туралы ақпарат Қазақстаннан бөлек басқа елдерде де тараған.

Малайзия

Малайзия Денсаулық сақтау министрлігінің бас директоры дәрігер Датук Нур Хишам Абдулла The Star оқырмандарына хабарламада айтылған дәрі Малайзия нарығында тіркелген дәріден мүлдем бөлек екенін айтты. Сонымен қатар, дәрігер Нур Хишамның айтуы бойынша «Мачупо» вирусы парацетамол дәрісі секілді құрғақ ортада өмір сүре алмайды.

Ресей

Ресейде Жастар Қауіпсіздік Қызметі осы іске қатысты тергеу жүргізді.

«Бұл фейк әуелде Африка елдерінің дәрі нарығына қатысты істер аясында пайда болуы мүмкін. Бірақ Мозамбикте бұл парацетамол мүлдем пайдаланылмайды, осы жерде ақпарат сәйкес келмейді. Логика қайда? Мүлдем түсініксіз», – деп қорытындылады фейкті теріске шығарушылар.

Үндістан

Үндістанда спам-ақпаратты зерттеумен Бангалорлық ИТ-мамандардан құралған топ айналысты.

«Бұл – мистификация. Парацетамолдың құрамында «Мачупо» вирусы болуы мүмкін емес. Ауру, негізінен, жәндіктер мен кеміргіштер және олардан шыққан артық заттар арқылы беріледі.

Босния және Герцеговина

Бір жыл өткен соң… «Мачупо» вирусы бар парацетамол туралы 2018 жылдың қаңтар айында Oslobodenje газеті (Босния және Герцеговина) жазды. «Ескертпе Ненада Милойкович есімді желі қолданушысының жеке парақшасында ешқандай дәлелсіз ақпарат жарық көрді. Онда жаңа «әппақ және жылтыр» парацетамол өте қауіпті, тіпті өлімге әкеп соқтыруы мүмкін вируспен бүлінген» деп жазылған Facebook парақшадағы «Парацетамол туралы «ескертпе» – жалған» атты мақалада. Онда ақпараттың 9 қаңтар күні жарық көргені және бір күннің ішінде 23 498 адамға тарағаны айтылады.

Австрия

Фейктерді анықтайтын танымал Mimikama сайты (Австрия/Швейцария/Германия) да өз зерттеуін жүргізген. Сайт журналистері былай деген:

Бұл жалған, адамдардың қорқынышымен ойнау ғана.

«Парацетамолға қатысты Әлемдік денсаулық сақтау ұйымы жасаған ешқандай мәлімдемені таба алмадық. Алдыңғы баяндамалар Оңтүстік Америкаға ғана қатысты, әлемнің басқа елдерінде, әсіресе Азияда ешқандай төтенше жағдай тіркелмеген. Бұл «ескертпе» қорқыныш ойыны ғана». 

 

Фактчекер-журналист. Factcheck.kz сайтының шығарушы редакторы.

Factcheck.kz