Несие төлеуді 3 айға шегеру: 15 маусымнан кейін не істейміз? | Көзқарас

Елімізде төтенше жағдай режимі енгізілгеннен кейін билік халық пен бизнесті экономикалық тұрғыдан қолдау мақсатында бірқатар шараны қолға алды. Карантин мен жұмыстың тоқтап қалу салдарынан көптеген адам мен кәсіпкер ақшасыз қалды. Ал несие бойынша міндеттемелер бұрынғы қалпында қала берді. Себебі коронавирусқа байланысты енгізілген ТЖ режимі форс-мажорға жатпайды (егер жататын болса, онда несие төлемеуге болатын еді). Осы орайда мемлекет атынан ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (әрі қарай – ҚРА), яғни банктер мен қаржы ұйымдарын қадағалайтын орган 2020 жылғы 22 наурызда халық пен шағын және орта бизнес кредиттерінің төлем мерзімін 2020 жылғы 15 маусымға дейін шегере тұруға қаулы қабылдады.

Бұл туралы қаржыгер Дана Жарлығапова арнайы factcheck.kz үшін зерттеу жүргізіп, биылғы жағдайды саралап, болашақтан не күтуге болатынын болжап көрді.

Несие мерзімін кім шегере алады?

Келесі адамдардың төлемдері 2020 жылғы 15 маусымға дейін автоматты түрде шегеріледі:

  • әлеуметтік жағдайы нашар адамдар (оның ішінде отбасының табыс деңгейіне қарамастан көп балалы және толық емес отбасылар, мүгедек балалары бар отбасылар)
  • атаулы әлеуметтік көмек алушылар (аз қамтылған отбасылар)
  • ресми түрде тіркелген жұмыссыздар.

Сондай-ақ карантин мен ТЖ режимінің салдарынан қаржы жағдайы нашарлаған адамдардың банктерге, микрокредиттік және т. б. ұйымдарға өтініш беруге құқығы бар. Егер жеке кәсіпкердің, сондай-ақ шағын және орта бизнестің қызметіне шектеу қойылса (бөлшек сауда, сұлулық салоны, ойын-сауықты ұйымдастыру және т.б.) және/немесе қаржы жағдайы нашарлап кетсе, онда олар да төлемдерін 2020 жылғы 15 маусымға дейін шегеруге құқылы.

Несие проценті өсе ме?

Кредитті қайтару мерзімі ұзарғандықтан пайыз да қосыла береді, сондықтан соңында қайтаратын ақша да көбейеді. Бұл жерде ең бастысы, төлем сомасын 15 маусымнан кейін бірден қайтару қажет емес. Сізде не ай сайынғы төлем болмашы сомаға артады (көбіне ипотекалық қарыздар бойынша), не кредиттің ай сайынғы төлем сомасы бұрынғыдай қалып, тек мерзімі ұзарады.

Мысалы адамда жылдық пайызы 13-ке тең 6,5 миллион теңгеге жуық ипотекасы бар делік. Ол үшін ол 9 жыл бойы ай сайын 105 мыңға жуық теңге төлейді. Ал осы ипотекасын 3 айға шегеретін болса, онда 3 айға 210 мың теңгеге жуық пайыз қосылады. Алайда бұл сома 102 айға бөлініп кетеді де, төлеушіге қатты білінбей қалады.

Қанша адам несие мерзімін шегеріп үлгерді?

ҚРА мәліметі бойынша, 2020 жылғы 28 сәуірдегі жағдай бойынша 1 661 232 жеке тұлғаның 237,4 млрд теңге (орта есеппен бір қарыз алушыға 142 905 теңге тиесілі, яғни орташа ай сайынғы төлем – 47 635 теңге) төлемдері тоқтатылған, оның ішінде тек 299 363 адам әлеуметтік жағдайы нашар топқа жатады. Сонда қалған 1 361 569 адам – жеңілдік алатын санатқа жатпайтын қарыз алушылар, бұл деген ТЖ режиміне байланысты адамдардың 82%-ы табысын жоғалтқан!

Сондай-ақ 11 561 шағын және орта кәсіп субъектісінің 138,8 млрд теңге сомасына кредиті (бір қарыз алушыға орта есеппен, шамамен, 12 млн теңге, яғни орташа ай сайынғы төлем, шамамен, 4 млн теңге) кейінге шегерілді.

Негізі кредитті 2020 жылғы 15 маусымға дейін осылайша шегеру – бір демалып алуға ыңғайлы. Ал осы 3 айға қосылатын пайыз кредитті қайтаруды айтарлықтай қиындатпайды.

2020 жылдың 15 маусымынан соң не болады?

Барлық қызмет саласы 2020 жылғы мамыр айында ашылса да, карантинге дейінгі қарқынмен жұмыс істеп кетпейді, сондықтан бұл салада жұмыс істейтін адамдардың табысы бұрынғы қалпына бірден оралмайды. Экономикаға індеттен келген залалдың әсері кем дегенде жыл соңына дейін жалғасады және шығындарды реттеп отырғанның өзінде, отбасылық бюджетке қанша кіріс кіретінін жоспарлау қиын. Егер карантин адамдарға бір айдың ішінде әсер етіп, табысының төмендеуіне немесе жоғалуына әкеліп, кредитін кейінге шегертуге мәжбүрлесе, онда ондай адамдардың қосымша жинаған ақшасы, былай айтқанда, «қауіпсіздік жастығы» болмаған.

Мемлекет қарыздарды 2020 жылғы 15 маусымға дейін шегеріп берді, ал одан кейін не болары белгісіз. Себебі банк пен қарыз алушы арасындағы өзара іс-қимыл әрекеттері нақты айтылмады. Екінші деңгейдегі банктер болса несие мерзімін ұзартуға және төлемдерді азайтуға құлықсыз, себебі инспекторлық тексеріс кезінде мұндай әрекеттер қарыз алушыға артықшылық ұсынады және банк жағдайын нашарлатады.

Кез келген банк реттеу ережесіне бағынады (және бұл дұрыс, өйткені банкте салымшылардың депозиттері бар!). Сондықтан банктер қарыз алушыға қандай да болсын артықшылық бере бермейді, әйтпесе қарыз алған адамның жағдайы нашарлай беріп, несиені, тіпті, жаба алмай қалады. Қазіргі жағдайда кепілдегі заттарды сату («ломбард» қағидаты бойынша) қарыздың барлық сомасын өтемеуі мүмкін. Сондықтан банктер заттарды жеңілдікпен сатады да, қалған қарызды жай ғана алып тастауға мәжбүр (мұндай жағдайды пәтер нарығынан анық байқауға болады, себебі тұрғын үйге қатысты алыпсатарлар қосқан өсім төмендеп кетті). Осылайша егер банк қарыз алушыға еш пайыз қоспай, несие демалысын беретін болса, онда ол көп шығынға батады.

Демек коммерциялық банк тәртіпті орындау үшін көп шығынға батады, ал мұндай шығынның салдарынан басқа келісімдер бұзылады. Нәтижесінде бір банкті басқа ірі банк «жұтып қояды». Біз мұндайды соңғы кезде бірнеше рет көрген едік.

Осы орайда мемлекеттің «Бәйтерек» холдингі өзінің қарыз алушылары үшін несиені қайтару мерзімін ұзартып, төлем кестесін өзгертіп және басқа да жеңілдіктер ұсына отырып, дағдарысқа қарсы арнайы жоспар бекіткенін жариялады. Бұл жоспар холдингтің келесі еншілес компанияларына қатысты: «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ. Оған қоса мемлекетке «Проблемалық кредиттер қоры» АҚ да тиесілі. Онда «Цеснабанк» АҚ, «БТА Банк» АҚ және т. б. қалған қарыз алушылармен қатар, кредитін осы уақытқа дейін төлеп келген жұмыс істеп тұрған бизнес те бар. Алайда әзірге БАҚ-та «Проблемалық кредиттер қоры»АҚ-ның дағдарысқа қарсы жоспары туралы ақпарат жоқ.

Менің ойымша, бұл жағдайда кешенді әрі жүйелі жұмыс пен дағдарысқа қарсы жоспар қажет. Кез келген қарыз алушыға, ол жеке тұлға болсын, бизнес субъектісі болсын өз бюджетін жоспарлау маңызды. Ал ол үшін анық жоспар мен кредитті қайтарудың нақты кестесі қажет. Мемлекет барлық тараптың мүддесін ескере отырып, несие кестесін өзгерту бойынша бағдарлама әзірлей алады.

Мемлекеттің мұндай істе тәжірибесі бар. Мысалы ол 2011 жылы тепе-теңдік принципі бойынша банктерде несиесі бар бизнес үшін Дағдарыстан кейінгі қалпына келтіру бағдарламасын іске асырған еді. Ол кезде мемлекет пайыздардың бір бөлігін субсидиялады, салықтар бойынша мерзімдерді ұзартты, белгілі бір сомаға мемлекеттік тапсырыс берді, дәл сондай сома кредиттің бір бөлігінен алынып тасталды, қарыз алушы дәл осы соманы бизнеске ақшамен, активпен, тіпті, болашақ дивидендтерден бас тарту есебінен салды.

Ипотека қарыздарын да қайта қаржыландыру бойынша тәжірибе бар (2010 жылы 120 млрд теңге, 2015 жылы 130 млрд теңге). Өкінішке қарай, мемлекеттің көптеген бағдарламасына сол баяғы банктер мен қарыз алушылар қатысады. Сондықтан мұндай жағдайда осы уақытқа дейін мемлекеттен көмек сұрамай, барлығын өзі істеп келгендерді қолдауға да болар еді. Ең болмағанда, оларға өзінің зейнетақы жинағының бір бөлігін тұрғын үй мен білім алуға жұмсауға рұқсат етуге болатын сияқты (ҚР Президентінің 2019 жылғы қыркүйектегі Жолдауын қараңыз.)

Мемлекеттің кез келген бағдарламасына ақша қажет екені түсінікті, алайда бизнесті, жұмыс орындарын және адамдардың тұрғын үйін сақтап қалуға мүмкіндік беретін шаралар да керек. Сайып келгенде экономикадағы мұндай «мінсіз дауылды» еңсеріп, одан әрі даму үшін бар күш-жігер мен ресурсты бір арнаға тоғыстыру қажет. Мемлекет дәл осындай кезде «біздің бірге» екенімізді нақты көрсете алады.

Factcheck.kz