Назарбаев университеті Азияда жетекші университет пе?

30 мамырда саясаткер Данияр Әшімбаев экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевпен сұхбаттасып, телеграм каналына жариялады. Экс-президент сұхбат барысында Назарбаев университеті туралы сөз қозғап, жетістіктерін атап өтті. Дәлірек айтсақ, университет қазіргі таңда елімізде ғана емес, Азияда жетекші орындарға ие және түлектерінің 92%-тен астамы Қазақстанда жұмыс істеп жатыр деген мәлемдемелер жасады. Factcheck.kz сайты аталған деректерді тексеріп көрді.

Назарбаев университеті Қазақстанда ғана емес, Азияның да жетекші университетіне айналды. Мұны мақтан тұту керек.

Нұрсұлтан Назарбаев, экс-президент

Үкім: Манипуляция

Назарбаев Университеті Азия елдері университеттерінің арасында қандай да бір жетекші орында екені байқалмады, тіпті кейбір халықаралық рейтиңдерге енбеген. Бұл тұрғыда экс-президент қандай рейтиң не дереккөз бойынша “жетекші” екенін нақтыламады, дегенмен негізгі индикатор бойынша жоғарғы орында тұрған жоқ. Енді әр рейтиңді жеке-жеке қарастырып көрсек.

QS World University Rankings: Назарбаев университеті бұл рейтиңнің тізімінде табылмады, еліміз бойынша Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ 150-орынмен ең жоғарғы нәтиже көрсеткен. Тіпті Еуропа мен Орталық Азияның дамушы елдері өңірлік рейтиңіне де Назарбаев университеті енбеген. Ал Азия өңірі бойынша, Сингапур ұлттық университеті көш бастап тұр.

Times Higher Education: Ұлыбританиялық басылымның рейтиңінде де Назарбаев университеті байқалмады. Қазақстаннан тек 4 университет бұл тізімге кірген. Ең жоғарғы 1201+ көрсеткішпен Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ және Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті жайғасқан.

Center for World University Rankings (CWUR): Әлем университеттерінің академиялық рейтиңіне Назарбаев университеті 1765-орынмен енген. Қазақстандық ЖОО арасында тек бір ғана университет бар. Ал Азия өңірі бойынша Токио университеті көш бастап тұр.

uniRank: Top-200 Universities in Asia рейтиңінде Қазақстандық ешбір университет енбеген, көш басында Токио университеті тұр.

Ranking web of universities: Әлем елдері университеттерінің web-сайттары арқылы рейтиң жүргізетін бұл тізімде Азия бойынша Назарбаев унивеситеті 233-орынға жайғасқан. Көш басында Қытайлық Синхуа университеті орналасқан.

US News & World Report: Бұл рейтиңге Назарбаев университеті әлем бойынша 1344-орынмен, Азия бойынша 402-орынмен енген. Азияда орналасқан университеттердің көш басында Синхуа университеті орналасқан.

Университет көшбасшылар мен жоғары білікті мамандарды дайындайды. Бүгінде университет түлектерінің 92%-тен астамы Қазақстанда жұмыс істейді әрі еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосуда.

Нұрсұлтан Назарбаев, экс-президент

Үкім: Жалған

Бұл ақпаратты Назарбаев университетінің сайтынан әрі ашық дереккөздерден таппаған соң, ресми түрде сауал жолдадық. Жауаптағы мәліметке сәйкес, 2015-2021 жылдар аралығында оқу бітірген 5895 түлектің 3372-і, яғни 57,2%-і қазіргі таңда Қазақстанда қызмет атқаруда.

Сонымен қатар, 1251 адам магистратура, резидентура, медицина докторы және докторантура бағдарламалары бойынша оқуды елімізде және шет елде жалғастыруда. Ал түлектердің 8%-і декреттік демалысты немесе мансаптық үзіліс алған. Төменнен жауаптың толық мәтінін көре аласыздар.

Factcheckkz-сайтына-жауап-хат

Осы жылдар ішінде университет түлектері 7 мыңнан астам адамға жетті.

Нұрсұлтан Назарбаев, экс-президент

Үкім: Шындыққа жақын

Назарбаев университетінің бізге берген мәліметінше, 2015-2021 жылдар аралығында 5895 адам осы университетті тәмамдаған. Университет 2010 жылы ашылғанымен алғашында Foundation бағдарламасына студенттерді қабылдап, 1 жыл бакалавриатқа дайындаған. Сол үшін де алғашқы түлектері 2015 жылы оқу бітірген. Университет бағдарламаларының әртүрлі болуына байланысты 2022 жылы түлектер туралы көрсеткіш жыл соңында жарияланады.

Журналист-фактчекер, медиа-тренер, 2017 жылдан бері Factcheck Kazakhstan жобасында қызмет атқарады, "Qazaq Travel" компаниясында SMM маманы қызметін атқарған, MediaNet халықаралық журналистика орталығында және Irex Europe жобаларында медиа-сарапшы

Factcheck.kz