Мекенжай анықтамасы қалай өзгереді?

2019 жылдың 28 қаңтар күні ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев мекенжай анықтамасын алып тастау туралы Facebook парақшасына жазып, бастама көтерген еді.

2 қазанда “Азаматтарға арналған үкімет” мемлекеттік корпарациясының басқарма төрайымы Әсемгүл Балташева электронды үкімет цифрлық жаңашылдықтарының тұсаукесері барысында, мекенжай анықтамасының 1 қарашадан бастап жойылатынын мәлімдеген болатын.

Ал, 30 қазанда ҚР Үкіметі баспасөз орталығында осыған байланысты арнайы баспасөз конфренциясын өткізді. Конференцияға ҚР цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Абылайхан Оспанов қатысты.

Бүгіннен бастап мемлекеттік органдар азаматтардан мекенжай анықтамасын талап ете алмайды. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрінің ресми ақпараттық сайты және ҚР цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің ресми интернет-ресурсы мәлімдеді.

Не өзгерді?

Енді ХҚКО-да бұрынғыдай сабылған кезектер азаяды. “Азаматтарға арналған үкімет” мемлекеттік корпарациясының басқарма төрайымы Әсемгүл Балташеваның мәліметінше 2019 жылдың алғашқы 8 айында 4,5 млн-нан астам адам мекенжай анықтамасын алуға сұраныс тастаған.

Мекенжай анықтамасы қалай өзгереді?

Мекенжай анықтамасын енді қалай аламыз?

Қажет болған жағдайда қазақстандықтар тіркеуге тұрған мекенжайын egov.kz электрондық  үкімет порталы мен «eGov mobile»  қосымшасындағы жеке кабинетінен тексере алады.

Мемлекеттік органдарға келер болсақ, олар бұл мәліметті ҚР Ішкі істер министрлігінің деректер базасымен интеграцияланған ақпараттық жүйелер арқылы алады.

Егер де мекенжай анықтамасын талап етсе не істейміз?

30 қазанда өткен брифинг барысында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Еңбек және әлеуметтік әріптестік департаментінің директоры Бағылан Жалпошов былай деді:

“Тұрғылықты мекенжай бойынша дискриминацияға жол берілмейді. Бұл – еңбек заңнамасының бір талабы. Егер қандай да бір азамат мекенжай бойынша дискриминацияға ұшырайтын болса, яғни жұмыс беруші еңбек заңнамасында жоқ құжаттарды жұмыс іздеп келген азаматтан талап етсе, ол адам біріншіден, өз құқығын қорғау үшін сотқа жүгіне алады. Екіншіден, бұрыннан жұмыс жасап жүрген жұмысшыдан мекенжай анықтамасы қайта сұралса, ол жергілікті еңбек инспекциясына арыз түсіре алады. Осы арызға байланысты жұмысшысының құқығы қорғалатын болады”.

Журналист-фактчекер, медиа-тренер, 2017 жылдан бері Factcheck Kazakhstan жобасында қызмет атқарады, "Qazaq Travel" компаниясында SMM маманы қызметін атқарған, MediaNet халықаралық журналистика орталығында және Irex Europe жобаларында медиа-сарапшы

Factcheck.kz