Манипуляция | БЦЖ коронавирусты жұқтыру деңгейін төмендетті

ДДСҰ-ның айтуынша, коронавирусқа қарсы екпе 18 айдан кейін дайын болуы мүмкін. Бұл, әрине, ең жақсы жағдайда. Әзірге дүниежүзіндегі ғалымдар екпені клиникалық сынақтан өткізіп жатыр. Ал интернет желісінде жаңа инфекцияны 3 сағаттың ішінде жеңе алатын америкалық екпеге қатысты фейк тарап үлгерді. Соңғы кезде туберкулезге қарсы БЦЖ екпесі коронавирустан қорғайтын заттар арасында айтыла бастады. Жан-жаққа тарап жатқан ақпаратта «америкалық эпидемиологтар» COVID-19-дан қайтыс болғандардың саны мен түрлі елдерде қолданылатын туберкулезге қарсы екпенің арасында байланыс тапқан-мыс:

«…БЦЖ екпесі вирусты жұқтыру деңгейін төмендетті. Зерттеушілердің пікірінше, қайтыс болғандар мен ауырғандардың аз болуына байланысты бұл екпені коронавирусқа қарсы күресте басты құрал ретінде пайдалануға болады»

БАҚ пен әлеуметтік желіде тарап жатқан мақаланың мәтіні

Үкім: Манипуляция

Зерттеу жоқ емес, бар, алайда ол тек гипотеза (болжам) деңгейінде. Әзірге оны ғылыми қауымдастық растамады, ал кей елдер бойынша корреляция күмәнді.

2020 жылғы 28 наурызда желіде Нью-Йорк остеопатия медицина колледжі қызметкерлерінің эпидемиологиялық зерттеуі жарияланды. Олар көп елдің деректерін екі өлшем бойынша салыстырып көрген: біріншісі, COVID-19 вирусын жұқтыру және одан қайтыс болу; екіншісі, туберкулезге қарсы БЦЖ екпесі арқылы иммундау стратегиясы.

Зерттеу авторлары жаңа коронавирустың таралу деңгейі әр елде әртүрлі екенін байқаған. Бұл айырмашылықты олар БЦЖ екпесін әр мемлекет өзінше қолданады деп түсіндіреді. Осыған байланысты АҚШ ғалымдары келесі қорытындыға келеді:

«…БЦЖ екпесін халық арасында тегіс қолданбайтын елдер (Италия, Нидерланд, АҚШ) БЦЖ-ны баяғыдан пайдаланатын әрі барлық сәбиге бірден егетін елдерге қарағанда әлдеқайда көп зардап шекті. БЦЖ екпесін кейінгі кезде ғана қолдана бастаған елдерде (Иран, 1984) қайтыс болғандар әлдеқайда көп. Бұл БЦЖ екпесі бар қарт адамдар індеттен жақсы қорғалған деген идеямен үйлеседі. Сондай-ақ біз БЦЖ екпесінің арқасында COVID-19-ды жұқтырған адамдар аз екенін байқадық»

Осы орайда бұл зерттеу тек ғылыми гипотеза ғана және «БЦЖ екпесі жаңа инфекциядан немесе оның ауыр жағдайынан қорғайды» дегенге дәлел бола алмайды.

Бұған бірнеше себеп бар:

  • жарияланған мақала рецензиялау рәсімінен өткен жоқ, яғни ғылыми қауымдастық тарапынан тиісті бағасын алмады;
  • мақалада көрсетілген корреляция БЦЖ-ны жаппай қолданатын кей елде байқалмайды (мысалы, Қытайда);
  • зерттеу авторларының «БЦЖ екпесінің арқасында жасы үлкен адамдар аз қайтыс болады» деген болжамы қайдан шыққаны белгісіз: себебі екпеден кейін 10-20 жыл өткен соң оның қорғау деңгейі мүлдем төмендеп кетеді деп есептеледі;
  • «…БЦЖ екпесін жаппай халыққа егетін елдерде де, оны барлық тұрғындар арасында қолданбайтын мемлекеттер де жаңа коронавирус инфекциясы кезінде балалардың жағдайы бірдей. Ал теория негізінде айырмашылық дәл осы топта байқалуы тиіс еді» (Meduza).

АПДЕЙТ, 06.04.2020: Зерттеу авторлары (мына ғылыми мақалаға сілтеме жасай отырып) Қытайда COVID-19 вирусының кең таралуына 1966-1976 жылдардағы «Мәдени революция» әсер етті деп болжайды, себебі сол кезде елде БЦЖ-ны жаппай қолдану тоқтатылған еді. Бұдан бөлек, басқа ғалымдар келесі деректерге назар аударады: Қытайда COVID-19-бен ауырған және одан қайтыс болғандар саны тек бірнеше қалада ғана көп; жаңа инфекциядан Қытай жастары арасында қайтыс болғандар жоқ; Қытайда БЦЖ екпесінің қай штаммы қолданылғаны және қолданылып жатқаны белгісіз. Алайда зерттеушілердің қолында клиникалық зерттеулердің нәтижесі жоқ, сондықтан жоғарыда айтылғандарды тек дәлелсіз болжам ретінде қабылдау керек.

Қалай болғанда да әлемнің бірнеше елінің ғалымдары (Австралия, Нидерланд, Германия, Греция, Ұлыбритания, АҚШ) клиникалық сынақтарды бастап кетті. Ондағы мақсат – БЦЖ екпесі иммунитетті соншалықты жақсартып, жаңа коронавирусқа қарсы күресе алатынын немесе тіпті тоқтата алатынын тексеру. Зерттеу жұмыстары медицина қызметкерлерінің, сондай-ақ COVID-19-дан аса қатты зардап шегетін қарт адамдардың арасында жүргізілетін болады.

БЦЖ несімен жақсы

БЦЖ екпесінің (Кальметта-Герен бацилласы) құрамында бұқа туберкулезінің әлсіреген тірі микобактериялары бар. Бұл екпенің ерекшелігі – ол ағзаға түскеннен кейін антиденелер мен жад жасушаларын түзіп қана қоймай, сондай-ақ арнайы жасушалық иммундық «жауап» жасайды. Яғни иммундық жасушалардың тағы бір бөлімшесі қалыптасады. Олар инфекциямен «өздері» күреседі – туберкулез микобактерияларын «тасымалдайтын» ағза жасушаларын жояды.

Туберкулез қоздырғышымен күрес барысындағы ең маңызды нәрсе – дәл осы ерекше жасушалық иммунитет. Осыған қоса ол басқа да патогендер мен вирустарға қарсы тиімді. Мысалы ғалымдардың дәлелі бойынша, БЦЖ-ны нәрестеге егу арқылы оны алғашқы бір жыл ішінде қайтыс болудың барлық себептерінен қорғауға бола алады.

Обьективтілікті сақтау үшін Factcheck.kz редакциясы жарнамадан бас тартып, мемлекеттен, ірі компаниялар мен саяси топтардан алшақ болу принципін ұстанып, тәуелсіздігін сақтап келеді. Қазір Factcheck.kz сіздердің қолдауларыңызға мұқтаж. Оқырмандарымыздың біздің шотқа аударған қаржысы – фактчекер-журналистер, аудармашылар мен ұжымның басқа мүшелеріне еңбекақы, қаламақы төлеу үшін қажет. Олар ары қарай да тоқтамай еңбек етіп, шындықты, жалған мен манипуляциядан ажырата бермек. Біз сенімді дереккөзден тексерілген тәуелсіз ақпарат алуға әркімнің құқы бар екеніне сенеміз.


Өтінеміз, кез келген сомманы таңдаңыз…



немесе өзіңіздің біздің есепке аударғыңыз келген соманы жазыңыз

Маргарита Бочарова
Журналист-аналитик. Магистр социальных наук