Майк Тайсон исламнан бас тартты ма?

Біз жақында өз заманында кәсіпқой бокстан әлем чемпионы болған Майк Тайсонға қатысты фейк ақпаратты жоққа шығарған едік. Сол кезде тараған жаңалық бойынша әйгілі боксшы мен оның екі жолдасы кафеге кіріп намаз оқыған, ал кафе иесі кіреберіске «иттер мен мұсылмандар кірмесін» деп жазып қойған. Шын мәнінде екі ер адам Тайсонға тиесілі жерде дұға етіп жатыр. Бұл фейкке қатысты материалды мына жерден оқи аласыздар.

Осы оқиға аясында біз Тайсонға қатысты кейінгі екі жылда айтылып жүрген тағы бір ақпаратты таптық. Ол бойынша боксшы исламнан бас тартқан-мыс. Оған дәлел ретінде оның SiriusXM радиосына берген сұхбатының орыс тіліне аударылған үзіндісі келтірілген. Болжам бойынша бұл ақпарат алғаш рет 2018 жылдың қараша айында «Яндекс.Дзен» сайтында жарияланды. Бір жылдан кейін орыс субтитрлері бар видео «Пикабу» порталында пайда болды.

Мынау жүргізуші Суэй Каллоуэй мен Майк Тайсон арасындағы сұхбаттың «Пикабуда» жарияланған нұсқасы (автордың емлесі мен пунктуациясы сақталған):

Кэллоуэй: Майк, Ислам саған түрмедегі қиындықтарды өткеруге қалай көмектесті?

Тайсон: Білмеймін, дінді жас келе түсіне бастадым. Бұл тек сол уақыттағы, яғни дәл сол кездегі және сол жердегі сәт. Мен дінге көбірек көңіл бөле бастадым, бірақ қазір сол кезде не істегенім еске түссе, өзімнің *** екенімді түсінемін. Түсіну қиын, бірақ мен Құдайды іздеп, шіркеу мен мешіттерге барған сайын шайтанды көбірек көремін.

Кэллоуэй: Мұны қалай түсінсек болады?

Тайсон: Құдай деген – тек сіздің түсінігіңіздегі дүние, сіз бен Құдайдың арасында ешкім болмауы тиіс. Құдайдың атынан сөз сөйлеуге ешкімнің де, діни қызметкердің де, имамның да құқығы жоқ. Құдайға сеніп, оны іздеу үшін біреумен сөйлесудің немесе бірдеңе оқудың қажеті жоқ. Өз басым ондайға қазір сенбеймін, қазіргі сенімім осы…

Сонымен Тайсон расымен осылай айтып, исламнан бас тартты ма?

Үкім: Манипуляция және жалған

Бар мәселе қате аудармада, сол үшін Майк Тайсонның сұхбаттағы сөздері өзгеріп кеткен. Ол шынымен де көп мұсылман айта бермейтін әдеттен тыс (немесе тіпті қолайсыз) нәрселер айтқанымен, Исламнан бас тартпаған және бұл туралы айтпаған. Бұған оның жақында Tyson Ranch-та намаз оқып тұрған сәті дәлел. «Исламнан бас тартты» деген мәлімдеменің өзі жалған.

ЕСКЕРТУ: Біз Тайсонның болашақта исламды ұстанып-ұстанбайтынын, сенімін өзгертетінін немесе мүлде сенбей кететінін білмейміз. Нақты осы фактчектің мақсаты – әңгіме болып жатқан мәліметті жоққа шығару және қазіргі жағдайды көрсету.

Біз талқылап отырған SiriusXM радиосындағы сұхбат 2013 жылы шыққан. Оның түпнұсқасын мына жерден тыңдауға болады. Әңгіме негізі былай өрбіген еді:

Кэллоуэй: Майк, Ислам саған түрмедегі қиындықтарды өткеруге қалай көмектесті?

Тайсон: Білмеймін. Дін мен Құдайды шын мәнінде жас келе түсіне бастадым. Бұл сол уақыттағы бір сәт еді… Мен қазір дінге әлдеқайда жақынмын, Құдайды көбірек бағалаймын. Ол кезде қайдағы жоқты сөйлей беретінмін. Құдай біздің ішімізде, түсінесің бе? Мұны түсіну қиын әрине, бірақ Құдайды шіркеу мен мешіттерден іздеген сайын шайтанды көбірек көре бастаймын.

Кэллоуэй: Мұны қалай түсінсек болады?

Тайсон: Құдай деген – тек сіздің түсінігіңіздегі дүние. Сіз Құдаймен өз жүрегіңіз арқылы тілдесуіңіз керек. Себебі Құдайдың атынан сөз сөйлеуге діни қызметкердің де, имамның да, басқаның да құқығы жоқ. Құдайға сеніп, оны іздеу үшін біреумен сөйлесудің немесе бірдеңе оқудың қажеті жоқ. Құдайға баратын болсақ, ақтық сапарға шығаратын адам керек емес. Құдай бізді не қабылдайды, не қабылдамайды. Артық ешкім де, ештеңе де қажет емес. Егер сіз Құдайға сенгіңіз келсе, оны шынымен іздейсіз. Қасиетті кітаптар оқыңыз, адамдармен сөйлесіңіз. Басқа ештеңеге сенбеймін, менің ойым осы…

Көріп отырғаныңыздай, аудармадағы негізгі қате басында жіберілген, соның кесірінен Тайсон айтқан сөздердің мағынасын бұрмаланып кеткен. Сондай қателер сұхбаттың соңында да кездеседі. Дегенмен боксшы дін туралы біраз даулы мәлімдеме жасады, бұл діндар адамдардың ашуына тигені анық. Мысалы ол «адамдар Құдайға ұқсатылып жаралған» дегенге сенбейді, себебі адамдар ақымақ. Ал егер адамдар Құдайға ұқсап жаралған болса, онда Құдай да ақымақ.

Түпнұсқадағы жағымсыз пікірлер мен дизлайктардың саны қолданушылардың наразылығын тудырғанын көрсетеді. Бір қызығы ашуланып жатқандардың көп бөлігі орыс тілді аудиторияның өкілдері, олар ол жерге қате аударылған видеоны көріп келген сияқты. Алайда ағылшын тілінде де «боксшы исламды дұрыс түсінбейді» деген пікірлер жеткілікті.

Тайсонның исламнан бас тартпағаны туралы тағы бірнеше дәлел бар. Ол 2017 жылы Алматыда өткен Synergy Global Forum-да сөз сөйлеп, онда ислам оған не берді және оны неге қабылдады деген сұраққа былай деп жауап берген еді:

Ислам маған көмектесті, себебі мен өзімді таптым. Мен жүрегіммен мұсылманмын, мұсылман болып өлемін. Бұл маған көмек және менің арым. Әрине мен де қателесемін, бірақ мені дұрыс жолға салатын да осы сенімім.

Ең соңында Майк Тайсон, Амер Абдалла және Баду Джектің намаз оқып тұрған видеосын қайта салып қояйық. Себебі тамыз айында түсірілген дәл осы видео біз бұған дейін талдап шыққан фейк ақпаратқа негіз болған еді.

Фактчекер, главный редактор русскоязычной версии Factcheck.kz

Factcheck.kz