Коронавирусқа қарсы вакцина өлімге әкелетіні рас па?

Коронавирусқа қарсы вакцинация қазірдің өзінде әлемнің 57 елінде қарқынды жасалып жатыр. Оксфорд университеті хабарлауынша, қазірдің өзінде 71 миллионнан астам адамға COVID-19-ға қарсы вакцина егілді. Сол статистика бойынша, АҚШ мемлекеттер арасында көшбасшы болып отыр, онда 23 миллионнан астам азамат вакцина алды. Қазақстанда жаппай вакцинациялау 1 ақпанда басталады.

Коронавирусқа қарсы вакцина өлімге әкелетіні рас па?

Жаппай вакцинация аясында бұқаралық ақпарат құралдарында препаратты қолданғаннан кейін қайтыс болғандар туралы хабарламалар көбейе бастады. Бірқатар сарапшы адамдардың өлімін COVID-19 вакцинасының теріс әсерімен байланыстырады, сондықтан қоғамда препаратқа сенімсіздік күшейе түседі.

Factcheck.kz редакторлары осы тақырыптағы кейбір БАҚ материалын тексеріп, адамдардың өліміне вакцинация себеп болды деп айтуға қаншалықты негіз барын анықтады.

Пікір: «21 қаңтарда Калифорнияда ер адам COVID-19-ға қарсы вакцина салдырғаннан кейін бірнеше сағат өткен соң қайтыс болды. Плесер округінің құқық қорғау органдары вакцинациядан көп ұзамай қайтыс болған адамға қатысты тергеу жүргізіп жатыр».

New York Post

Үкім: Манипуляция

Бұл хронологиялық себеп-салдар байланыстың орнын басуымен қатар, адамның өлімі коронавирусқа қарсы вакцина қолдануға қатысты болғаны туралы дәлел жоқ. Плейсер округінің қоғамдық денсаулық сақтау және әлеуметтік қызмет көрсету қызметі бұл ер адам олардан коронавирусқа қарсы вакцина алмағанын айтты. Оның инъекцияны қандай жағдайда қабылдағаны, оны кім салғаны және қандай препарат қолданғаны туралы ақпарат жоқ.

Сонымен қатар, желтоқсан айының соңында ер адамнан коронавирус анықталған. АҚШ-тың Ауруларды бақылау және алдын алу орталығы COVID-19-бен ауырған адамға вакцинаны сауыққаннан кейін 90 күн өткен соң ғана егуге болады деп мәлімдеді. Бұл организмдегі табиғи иммунитеттің және өндірілген антиденелердің болуына байланысты. Вакцинаны бұл уақыттан ертерек алса, соңы асқыну тудыруы мүмкін.

Плейсер округының шериф кеңсесі де ресми мәлімдемесінде өлімнің себебі туралы кез келген хабарлама ерте жасалып отырғанын, өйткені өлімге вакцинаның себеп болғандығы туралы ешқандай дәлел жоқ екенін айтты.

Калифорния университеті инфекция ғалымдары да өлімнің вакцинациямен байланысты болуы екіталай деп санайды. Сондай-ақ, олардың пікірінше, адамда аллергиялық реакция болуы мүмкін, бұл вакцина салынғаннан кейін 15-30 минуттан кейін көрінеді, сондықтан дәрігерлер қажет болған жағдайда көмектесу үшін пациенттерді осы уақытқа дейін бақылайды. Марқұмның белгісіз вакцинаны белгісіз жағдайда алғанын ескерсек, оның бақылауға алынғаны екіталай.

Пікір: «АҚШ-та дәрігер Pfizer салғызғаннан кейін 2 аптадан кейін қайтыс болды. Ер адам сау болған, бірақ вакцинадан кейін онда соңы инсультқа апарған аутоиммун ауруы пайда болды».

Lenta.ru

Үкім: Манипуляция

Pfizer компаниясы 56 жастағы дәрігер өлімі себебін анықтап жатқанын айтты. Дегенмен олардың ақпараты бойынша, өлімнің вакцинамен тікелей байланысы туралы ешқандай дәлел жоқ. Ірі клиникалық сынақтар да, инъекция алған миллиондаған адамдардың денсаулығын талдау да препараттың осындай жанама әсерлер тудыруы мүмкін екенін растамады.

Pfizer мамандары айтуынша, өлімнің себебі ауыр тромбоцитопенияның клиникалық жағдайы болған, бұл – организмнің қан ұю қабілетін төмендететін жағдай. Вакцинаға жағымсыз реакцияларды егжей-тегжейлі зерттеу кезінде мұндай асқынулар тіркелмеген. Мұндай өлім, өкінішке қарай, коронавирусқа қарсы вакцина алмаған адамдарда да болуы мүмкін.

АҚШ-тың Ауруларды бақылау және алдын алу орталығы да дәрігердің өлімін алынған вакцинамен байланыстыратын ешқандай дәлел жоқ екенін айтты. Бүгінгі күнге дейін вакцинаның ауыр аллергиялық реакцияларының 29 жағдайы ғана тіркелген, оның ішінде 1 миллион доза үшін анафилактикалық шоктың тек 11 жағдайы бар.

Бостон университеті медицина мектебінің зерттеуі бойынша, бұл жағдайды басқа факторлар да тудыруы мүмкін. Мысалы, қатерлі ісік, анемия, алкогольді шамадан тыс ішу, вирустар, кейбір генетикалық ауру, улы химикаттар және диуретиктер сияқты дәрілер және сирек қолданылатын антибиотик хлорамфеникол.

Пікір: «Швейцарияда бес адам COVID-19 вакцинасынан кейін қайтыс болды. 21 қаңтарға қарай Швейцария фармакологиялық институты коронавирус инфекциясына қарсы вакцинация басталғаннан кейін инъекциядан кейін бес өлім болғаны туралы хабарлама алды».

РБК

Үкім: Манипуляция

Швейцария фармакологиялық институтының сол мәлімдемесінде жалпы дәрі-дәрмектерге жағымсыз реакциялардың 42 жағдайы тіркелді, оның бесеуі қайтыс болды. Өлгендер 84 пен 92 жас аралығында болған және кейінгі мәліметтер бойынша осы жаста жиі кездесетін аурулардан қайтыс болған. Вакцинациямен уақытша байланыстырылғанымен, өлімге вакцинация себеп болды деген нақты күдік жоқ.

Сонымен қатар, мамандар 75 жастан асқан адамдар созылмалы аурулармен жиі ауыратынын және қарттар үйінде тұратынын айтады. Осы топтағы адамдарға вакцинация жасағаннан кейін, тек статистикалық себептер бойынша өлімнің белгілі бір санын күту керек, бұл уақытша (себеп-салдар емес) COVID-19-ға қарсы вакцинасына байланысты болады.

Олардың дерегінше, Швейцарияда 85 жастан асқан 2300-ге жуық адам вакцинаның әсерінен емес, табиғи себептерден вакцинаның бірінші және екінші дозалары арасындағы 4 апта ішінде қайтыс болады.

Сондай-ақ, әлемнің бір топ ғалымы журналистерге арнап дайындаған статистикалық мәліметтерге сүйенуге болады. Статистика бізге 10 миллион адамға вакцина егетін болсақ және вакцинаның температураның көтерілуінен басқа жанама әсері болмаса, алдағы 2 айда мына нәрселер болуы мүмкін екенін айтады.

– егілгендердің 4025-інде жүрек ұстамасы болады;
– 3975-і инсульт алады;
– 9500 адамға қатерлі ісік диагнозы қойылады;
– 14000 адам, өкінішке қарай, қайтыс болады.

Мұндай нәрсе бәрібір болады. Вакцинация жасалса да, жасалмаса да.

Пікір: «Үндістанда аурухана қызметкері коронавирусқа қарсы вакцина салдырған соң 24 сағаттан кейін қайтыс болды. Медицина қызметкерлері айтуынша, дәрігер өлімінің мән-жайын нақтылау үшін болашақта оның денесі ашылады».

Мәскеу 24

Үкім: Манипуляция

Бұқаралық ақпарат құралдары хабарлауынша, өлімнің ресми себебі – «жүрек-өкпе ауруынан туындаған кардиогендік шок». Дегенмен қайтыс болған дәрігер жұмыс істеген аурухананың бас дәрігері әріптесінің өлімі вакцинация әсерінен болмауы мүмкін дейді.

Оның айтуынша, дәрігер сенбі күні түске жуық вакцинацияланған, ал жексенбіде тыныс алуы қиындап, кеуде қуысының жайсыздығына шағымданған. Бас дәрігер бұл вакцинация реакциясына ұқсамайтынын айтты. АҚШ Денсаулық сақтау департаменті (FDA) және Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) кейінгі мәліметтері бойынша вакцина жүрек айну, бас айналу, температураның көтерілуі сияқты жанама әсерлер тудыруы мүмкін. Сирек жағдайда пациенттерде анафилактикалық шок болады, бірақ жанама әсер ететін тыныс алу проблемалары әлі тіркелген жоқ.

Оның үстіне, қайтыс болған медбикенің туыстары оның вакцинациядан бұрын да өзін нашар сезінгенін растады. Бұл факт вакцинаның өліммен байланысы туралы күмән тудырады.

Пікір: «Жаңа Pfizer құрбаны: Словакияда вакцинациядан кейін адам қайтыс болды. Вакцинация себебінен болатын температура көтерілуі мен әлсіздік денсаулықтың күрт нашарлауына ықпал етті».

EurAsia Daily

Үкім: Манипуляция

Ер адам коронавирусқа қарсы вакцинадан кейін қайтыс болды, бірақ бұл оның өлімінің негізгі себебі емес еді. Республиканың мемлекеттік дәрі-дәрмектерді бақылау институты өкілі Магдалена Юркемикова бұл жағдай жақында Норвегияда, Германияда және бірқатар басқа елде болған жағдайға ұқсас екенін айтты.

«Біз аутопсиядан кейін өлімнің негізгі себебі деп танылған көптеген созылмалы ауруы бар егде жастағы науқас туралы айтып отырмыз. Вакцинациядан кейінгі жағымсыз салдар – температура мен әлсіздік бұл науқас жағдайының нашарлауына  ықпал етті», – деді ол.

Институт өкілі вакцинация салдары созылмалы аурулары бар кез келген егде жастағы науқастың денсаулығында күрделі мәселелер туғызуы мүмкін екенін айтты және осындай жағдайлардың әрқайсын жеке қарастыруға шақырды.

Сонымен қатар, ДДСҰ-ның вакцина қауіпсіздігі жөніндегі кіші комитеті америкалық Pfizer компаниясы мен оның неміс серіктесі BioNTech вакцинасы егде жастағы науқастардың өліміне әкелуі мүмкін деген болжамды растамады. Ғылыми деректер қайтыс болғандардың саны «барлық себептер бойынша күтілетін өлім деңгейіне» сәйкес келетінін айтады. Сарапшылар пікірінше, «қолда бар ақпарат вакцинаның өліммен аяқталатын жағдайларға ықпал ететінін растай алмайды».

Қорытынды:

  • Келтірілген БАҚ материалдарында мәтіннің мағынасын бұрмалайтын және адамдар вакцинадан өліп жатыр дегендей әсер қалдыратын манипулятив тақырыптар бар.
  • Жоғарыда аталған мақалалардан болған барлық өлім-жітім COVID-19 вакцинасына қатысы жоқ себептерге байланысты болды. Мысалы, адамның созылмалы аурулары және ағзаның әлсіздігі.
  • Бүгінгі күнге дейін вакцинаның жанама әсерлері өлімге әкелетіні туралы ешқандай дәлел жоқ. Анафилактикалық шок сияқты вакцинаның кейбір ауыр салдары туралы хабарланды, бірақ бұл өте сирек кездеседі және өлімге жеткізбейді.
Factcheck.kz