Клуни қоры Нұр-Сұлтанды белсенді Ильяшевті қудалауын доғарып, үкімді қайта қарауға үндеді

Әділдік үшін күресетін Клуни қоры (Clooney Foundation for justice, CFJ) Қазақстан бас прокуратурасын белсенді Әлнұр Илияшевтің үкімді қайта қарау туралы шағымын кері қайтарған жоғарғы соттың шешіміне қарсылық түсіруге шақырды. Бұл туралы Азаттық радиосы хабарлады.

43 жастағы Әлнұр Ильяшевті сот былтыр маусым айында “төтенше жағдай кезінде жалған ақпаратты таратты” деп танып, бостандығын үш жылға шектеген. 100 сағат қоғамдық жұмыс істеуге міндеттеген. Бұған қоса, бес жыл бойы қоғамдық-саяси қызметпен айналысуына тыйым салған.

Голливуд актері Джордж Клуни мен әйелі заңгер Амаль Клуни негізін қалаған құқық қорғау ұйымының 12 наурыз күнгі мәлімдемесінде ұйым Қазақстанды билікке сын айтқандарды қудаламауды доғаруға шақырған.

TrialWatch бастамасы аясында ұйым белсендінің ісін сараптаған мамандар қорытындысын жариялап, мәлімдеме таратқан. Баяндамада белсенді сотының халықаралық нормаға сәйкес өтпегені және іске ықпал еткен заңбұзушылықтар болғаны жазылған.

Өткен айдың басында Қазақстан жоғарғы соты белсенді адвокатының өтінішін “қайта қарастыруға негіз жоқ” деп кассациялық алқаға беруден бас тартқан. Судья Кенжеғариннің қаулысында апелляциялық отырыс кезінде “қылмыстық-процесуалдық және қылмыстық заңды бұзу жайттары анықталмағаны” көрсетілген.

Америкалық заңгерлер қауымдастығының адам құқығы жөніндегі орталық мамандарының қатысуымен әзірленген “Қазақстан Республикасы Әлнұр Илияшевке қарсы” атты баяндамаға сәйкес, белсендіні қорғау тарабы бас прокуратурадан үкімді қайта қарау туралы өтінішті қанағаттандырмаған жоғарғы соттың шешіміне протест түсіруді өтінген.

“Қазақстанның Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пакті аясында алған міндеттемелеріне сәйкес, жоғарғы сот апелляциялық инстанцияда шыққан шешімнің күшін жоюы тиіс”, – делінген баяндамада.

Қылмыстық іске түрткі болған былтырғы Facebook жазбаларында Әлнұр Илияшев “Нұр Отан” партиясын, сонымен бірге биліктің коронавирус пандемиясына қарсы шараларын сынаған. Қыркүйек айында апелляциялық сот үкімді өзгеріссіз қалдырған.

Бұған дейін халықаралық ұйымдар Қазақстан билігін белсендінің азаматтық құқығын бұзбауға шақырып, үкімнің күшін жоюға үндеген еді. АҚШ мемлекеттік департаменті де үкімді сынаған.

Осы аптада Әлнұр Илияшев Facebook-тегі парақшасында өзінің өтініші бойынша 16 наурызда үкімдегі “бұлыңғыр тұстарды анықтауға” бағытталған сот отырысы өтетінін хабарлады. “Алдағы бес жылда қоғамдық қызметпен айналысу құқығынан қаншалықты дәрежеде айрылғанымды білгім келеді” деп жазды ол.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz