Қазақстандағы 1930 жылдардағы ашаршылық геноцид пе?.. | Фактчек

«Жаңа Қазақстан» қозғалысы 2018 жылдың 21 мамырында «Ашаршылықты» адамзатқа қарсы қылмыс, яғни геноцид деп тануға шақырған «Қазақтарға жасалған геноцидті мойындау туралы» меморандум жариялады. Атап айтқанда, Меморандумда «геноцид оқиғасын халықаралық деңгейде мойындау және оны құқықтық тұрғыда бағалау» туралы айтылған.

Қазақстандағы 1930 жылдардағы ашаршылық геноцид пе?.. | Фактчек

Бұл Қазақстанның тарихындағы аса маңызды оқиға болғандықтан, біз халықаралық құқық тұрғысынан 1930 жылдардағы зобалаңның халықаралық дәрежеде геноцид деп танылу мүмкіндігі қаншалық екенін тексеріп көрген едік.  

Үкім:

Ашық дереккөздерге, мұрағаттық дәлелдерге және халықаралық құқық нормаларына сүйенсек, қазіргі кезеңде «Ашаршылықты» түбегейлі геноцид деп атай алмаймыз.

Неліктен?..

Біріншіден, «геноцид» деген сөздің мағынасын анықтап, терминді түсіндіріп алайық.  

Сөздіктегі анықтама (OED):

«Геноцид – адамдардың үлкен тобын, соның ішінде әсіресе белгілі бір ұлт пен этникалық топтың адамдарын қасақана өлтіру».

Қазақстандағы 1930 жылдардағы ашаршылық геноцид пе?.. | Фактчек

Н.Г.Комлевтің шет тілі сөздерінің сөздігі бойынша:

Геноцид [<с. genos – шығу тегі, руы + лат. caedere – өлтіру] – халықтың жекелеген топтарын нәсілдік, ұлттық немесе діни ерекшелігі бойынша (соның ішінде фашизммен байланысты) жою саясаты.

Біріккен Ұлттар Ұйымы тұрғысынан…

Қазақстандағы 1930 жылдардағы ашаршылық геноцид пе?.. | Фактчек

БҰҰ Бас Ассамблеясының 1948 жылғы 9 желтоқсандағы 260 (III) қарарымен қабылданған «Геноцид қылмысының алдын алу және ол үшін жазалау туралы» конвенция бар. Конвенцияның II (екінші) бабында геноцид белгілері туралы былай делінеді:

Осы Конвенцияда геноцид ұлттық, этникалық, нәсілдік немесе діни топты толық немесе ішінара жоюға ниет білдірген келесі әрекеттерді білдіреді:

а) осындай топ мүшелерін өлтіру;
б) осындай топ мүшелерiне ауыр дене жарақатын салу немесе психикалық зиян келтiру;
в) қандай да бір топ мүшелері үшін толықтай немесе ішінара жойылуға алып келетін жағдайларды қолдан жасау;
d) мұндай топтардың ішінде бала туылуын болдырмауға бағытталған шаралар;
е) балаларды бір топтан екіншісіне күштеп көшіру.

Яғни, «Ашаршылықты» халықаралық деңгейде геноцид деп мойындау үшін КСРО басшылығының Конвенцияда сипатталған әрекеттерді пайдалана отырып қазақтарды жоюды ниет еткенін дәлелдеу қажет.

Осы Конвенцияға сүйенсек, Біріккен Ұлттар Ұйымы келесі оқиғаларды геноцид ретінде мойындаған:

  • Армян геноциді – 1915 жылдың көктемінен 1916 жылдың күзіне дейін созылған Осман империясындағы христиан дінін ұстанатын армян халқының көзін жою.
  • Руандадағы геноцид – 1994 жылғы 6 сәуірден бастап 18 шілдеге дейін хуту үкіметінің бұйрығымен жүзеге асырылған жергілікті хутудың Руанда тутсилерін жаппай өлтіруі.
  • 2014 жылдың тамыз айында басталған «Ислам мемлекеті» тобының Езидтерге қарсы геноциді.
  • Еуропалық еврейлердің геноциді (Холокост) – Германияда, одақтастар аумағында және Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде олар басып алған аумақтарда тұратын еврейлерді қудалау және жаппай көзін жою; 1933-1945 жылдары нацистік Германия мен оның жақтастарының жүйелі түрде еуропалық еврейлерді қудалауы мен көзін жоюы.
  • Сребреницадағы геноцид – 1991-1999 жылдары болған  (Хорватиядағы соғыс және Босния соғысы) Югославияны ыдыратудың ең танымал және қанды оқиғаларының бірі. Бұл Еуропадағы Холокостан кейінгі ең үлкен қасірет болды. // APDATE 20.07.18 // 2015 жылы Сребреница туралы қарар қабылдау Ресей тарапынан вето құқығын қолдану арқылы тыйым салынды.

Қазақстандағы 1930 жылдардағы ашаршылық геноцид пе?.. | Фактчек

Бұл ашық дереккөзде жарияланған, геноцид деп танылған жаппай өлтірудің бес мысалы ғана. Көптеген басқа оқиғаларға қатысты құқықтық қиындықтар бар. Мысалы, Кампучиядағы қызыл кхмерлер ұйымдастырған қанды қырғынды геноцид деуге бола ма? Ол жерде дәл сол ұлттың өкілдері дәл сол дінді ұстанатын жерлестерін өлтірген еді. Кампучия оқиғасына соңыра «өзіндік геноцид» деген анықтама берілді. Бұл дәл анықтама, дегенмен БҰҰ конвенциясының шеңберіне кірмейді.

Әртүрлі баға берілген оқиғалардың бірі ретінде Украинаны мысалға келтіруге болады. Виктор Ющенко президент болып тұрған уақытта Киевте Украина КСР аумағында болған 1932-1933 жылдардағы ашаршылықты геноцид деп тану науқаны басталған болатын. Украина заңнамаларында Мәскеу украиндар мен басқа да кеңестік республика халықтарының көзін жою үшін қолдан аштық ұйымдастырды деген анықтама берілді.

Киев бірқатар елдердің ашаршылықты геноцид деп мойындауына қол жеткізді, бірақ Еуропалық Одақ бас тартты. Бұл аргументтің ең негізгі кемшілігі – көрсетілген кезеңде жаппай аштыққа украиндар ғана емес, орыстар да, қазақтар да ұшырады. Украина Біріккен Ұлттар Ұйымында да көзқарасын қорғай алмады: БҰҰ әлі де 1930-жылдардағы ашаршылықты геноцид деп санамайды.

Контекст: Қазақ даласындағы аштық құрбандары

Қазақстанда ашаршылыққа қатысты толыққанды зерттелмеген мәселе аштық құрбандарының нақты санына қатысты. Ғалымдардың әрқайсысы аштықтан өлгендерге қатысты әртүрлі мәлімет келтіреді. КСРО аумағында болған басқа да жаппай ашаршылық оқиғалары секілді Қазақстандағы құрбандар санына қатысты да дау бар: көптеген батыс ғалымдары қазақ даласындағы аштық шамамен 1,5 миллион адамның өмірін қиды деп есептейді, құрбан болғандардың басым көпшілігі – қазақтар.

Ғалымдардың зерттеуіндегі құрбандар саны қанша?

С. Максудов «1932-1939 жылдардағы КСРО-дағы миграция» деген еңбегінде Қазақстанда 1,45 миллион қазақ пен 100,000 басқа да этникалық топтардың өкілі қаза тапқан деп жазады. Ал Р.В.Дэвис, Стивен Уайткрофт сынды ғалымдар «Аштық жылдары. КСРО-ның ауыл шаруашылығы, 1931-1933 жж.» кітабында Қазақстанда 1,3 миллионнан 1,5 миллион адамға дейін қайтыс болған деп жазған. 1990 жылы Қазақстанға келіп-кеткен америкалық зерттеуші Марта Брилл Олкотт «Қазақтар» деген кітабында 1,5 миллион қазақтың қайтыс болғаны туралы айтады.

Қазақстандағы 1930 жылдардағы ашаршылық геноцид пе?.. | Фактчек Қазақстандағы 1930 жылдардағы ашаршылық геноцид пе?.. | Фактчек Қазақстандағы 1930 жылдардағы ашаршылық геноцид пе?.. | Фактчек

 

Еске сала кететін бір жайт, адамдар ғана емес, мал да аштыққа ұшырады. Қазақ даласындағы ашаршылық кезінде елде бар малдың 90%-ы қырылған. Бұл көшпелі қоғамға қатты соққы болды. НКВД/ОГПУ/КГБ кейбір құпия ақпаратына сүйенсек, «Кеңестік ауылдар трагедиясы. Ұжымдастыру мен тәркілеу» атты жинақта елдегі мал басы 1929 жылмен салыстырғанда 70-75%-ға азайғаны келтірілген. Мал басының азаюы негізінен Батыс және Солтүстік Қазақстанда болған.

Қазақстандағы 1930 жылдардағы ашаршылық геноцид пе?.. | Фактчек
Дереккөз: asharshylyq.kz

Ғалымдар мен тарихшылардың аштықтан зардап шеккендер саны жөніндегі деректерінің әртүрлі болуы мәселенің бер жағы ғана, бұдан басқа да проблемалар бар: мысалы, аштықтан қашқан босқындар саны басқа кеңестік ұжымдастырудан гөрі қазақ даласындағы аштық кезінде айтарлықтай көп болды. Қазақстан Республикасының Президенті архивіндегі деректерге сәйкес, «Левон Мирзоян Қазақстанда: құжаттар мен материалдар» жинағында 1931-1933 жылдар аралығында, Қазақстандағы аштық шарықтау шегіне жеткен кезде 1,1 миллионнан астам адам елден кеткен, олардың дені – қазақтар деген дерек келтіріледі.

Контекст: Украина мен Қазақстан

2006 жылы Жоғарғы Рада 1932-33 жылдардағы ашаршылықты ресми түрде украин халқына жасалған геноцид деп мойындағанымен, тарихшылар мен саясаткерлер арасында бұл мәселеге қатысты бірізді пікір жоқ. Соның ішінде БҰҰ Конвенциясы шеңберінде геноцид қылмысының алдын алу және ол үшін жазалау тұрғысында бұл трагедияны заң жағынан геноцид деуге болатын-болмайтыны жөнінде талас бар.

Ашаршылықты 23 мемлекет украиндарға жасалған геноцид деп мойындады, бірақ БҰҰ, ЮНЕСКО және ЕКПА Украинадағы ашаршылыққа қатысты құжаттарында «геноцид» деген сөз жоқ.

Еуропа парламентінің 2008 жылғы қарарында Украинадағы ашаршылық «Украина халқына және адамзатқа жасалған ауыр қылмыс» деп аталды. Құжатта БҰҰ-ның геноцид туралы конвенциясына сілтемелер бар. Алайда, Украина Ұлттар ұйымынан Ашаршылықты геноцид актісі ретінде тануды талап еткенде, БҰҰ қарар жобасын қарастырмады.

Ал Қазақстандағы дәл осы 1932-1933 жылдардағы ашаршылық туралы ешқандай қорытынды жоқ: Қазақстан тарапынан ресми түрде 1931-1933 жылдардағы ашаршылыққа саяси баға әлі берілмеген.

Қорытынды

Қазақстандағы 1930-жылдардағы ашаршылық халықаралық деңгейде геноцид ретінде мойындалуы үшін Геноцид қылмысының алдын алу және ол үшін жазалау туралы БҰҰ Конвенциясы мен басқа да адам құқықтары және адамзатқа қатысты қылмысты зерттейтін халықаралық ұйымдар бекіткен «геноцид» сөзінің анықтамасын заң тұрғысынан басқаша дәлелдеу керек.     

Дәл қазіргі уақытта қолда бар мәліметтер мен ашық дерек көздеріне сүйене отырып, Қазақстандағы ашаршылықты түбегейлі геноцид актісі деп мойындай алмаймыз. Жаңа зерттеулер, дәлелдер мен фактілер белгілі болған кезде бұл тақырыпқа міндетті түрде қайтып айналып соғамыз.

Контекст: зерттеушілердің дәлелдері мен пікірлері

Батыс ғалымдарының қазақ даласындағы 1930-жылдардағы ашаршылық туралы алғашқы зерттеулері сол кезеңде болған оқиғаларға шолу түрінде ғана. Кеңестік архивтің қолжетімді болмауына байланысты шектеулер болды. Америкалық ғалым Марта Брилл Олкотт 1981 жылы жазған ұжымдастыру туралы еңбегінде қазақ жеріндегі ашаршылықты Сталиннің және басқа да басшылардың қазақтардың көшпелі экономикалық ерекшелігін түсінбеуі тарапынан болған жағдай деп бағалады. Бұдан кейін шамамен жиырма жылға дейін Батыста қазақ жеріндегі трагедия туралы зерттеу жүргізілген жоқ. Зерттеу жұмыстарын халықаралық ғалымдар тобы жандандырды, олардың арасында  Франциядан – Изабель Огайон, Италиядан – Никколо Пианчиола, АҚШ-тан – Мэттью Пэйн, Германиядан – Роберт Киндлер және жоғарыда сілтеме жасаған АҚШ-тағы Мэриленд университетінің ғалымы Сара Кэмерон бар.

Бес ғалымның ішінде Қазақстандағы ашаршылыққа қатысты кітабында бір тарауды «Кеңес даласы: модернизация және Қазақстандағы геноцид, 1916 жылдан 1941 жылға дейін» деп атаған Мэтью Пейн ғана қазақ даласындағы аштықты геноцид деп біледі, ал басқа төрт зерттеуші түрлі анықтамалар мен дәйектемелерді пайдалана отырып, қазақ жеріндегі ашаршылықты геноцид деп қарастыруға болмайтынын айтады.

Мәселен, Пианчиола геноцид мәселесін тіке қоймайды, ол қазақтарды өлтіру Мәскеудің жоспарында болмағанын айтады. Пианчиоланың «Даладағы аштық» еңбегінен үзінді келтірсек:

«Мен қазақ даласындағы ашаршылық БҰҰ Бас Ассамблеясы қабылдаған геноцидтің заңды тұжырымдамасына кірмейтінін растаймын. Бірақ ол 1944 жылы поляк-еврей заңгері Рафаэль Лемкин ұсынған геноцидтің кеңейтілген анықтамасына сәйкес келеді (1944, Камерон, «Аштық жайлаған дала», 21-бет).

Неміс тарихшысы Роберт Киндлер – Stalins Nomaden. Herrschaft und Hunger in Kasachstan («Сталин көшпенділері: Қазақстандағы үкімет пен аштық») кітабының авторы, ол «Азаттық радиосына» берген сұхбатында 1930-жылдардағы ашаршылықтың салдары ауыр болғанына қарамастан, геноцидке жатпайтынын айтады. Үзінді келтірсек:  Қазақстандағы 1930 жылдардағы ашаршылық геноцид пе?.. | Фактчек

«Ашаршылықтың нәтижесі геноцид секілді болғанына қарамастан, Қазақстандағы аштықты жоспарланған геноцид деп айта алмаймын. Сталиндік билік белгілі бір «кеңестік» ұлтты (мысалы, украин немесе қазақ) «жоюды» мақсат еткен жоқ. Алайда, ұжымдастыру мен тәркілеуді жүзеге асыру миллиондаған кеңес азаматының өліміне әкелуі мүмкін екенін білді. Сталин мен оның айналасы адамның өмірін маңызды деп білген жоқ. Олар үшін жоспарды жүзеге асыру, билігін нығайту және қоғамды толықтай өзіне бағынышты ету маңызды болды».

Журналист factcheck.kz

Factcheck.kz