Қазақстанда ана өлімі көрсеткіші 3 есе өскені рас па?

27 сәуірде өткен Мәжілістің жалпы отырысында Ғалымжан Елеуов Қазақстанда 2021 жылы ана өлімі 2020 жылмен салыстырғанда шамамен 3 есе өскенін айтты. Factcheck.kz депутат сөзі шындыққа жанаса ма, тексеріп көрді.

1:51:08

Өкінішке қарай, Қазақстанда 2020-2021 жылдары ана өлімі көрсеткіші шамамен 3 есе өсіп, 2020 жылы 100 мың туылғанға шаққанда 36,5-тен 2021 жылы 44,7 құрады, ал жоспарлы көрсеткіш 17,1 болатын.

Ғалымжан Елеуов

Үкім: Манипуляция

Денсаулық сақтау министрлігінің даму жоспарын орындау туралы есебіне сай, Қазақстандағы ана өлімі көрсеткіші 100 мың тірі туған балаға шаққанда 2020 жылы 36,5 құраса, 2021 жылдың алдын ала қорытындылары бойынша 44,71-ді құраған. Депутаттың “шамамен үш есе өсті” деген мәлімдемесі манипуляция, себебі ана өлімі көрсеткіші 2020 жылмен (36,5) салыстырғанда 2021 жылы (44,71) 1,2 есе өскен. Сонымен қатар, жоспарлы көрсеткіш — 35 болған.

Сонымен қатар, өткен жылдың соңындағы мұндай өте жоғары көрсеткіш — 44,7 — тек республика бойынша орташа көрсеткіш. Өңірлер бойынша көрсеткіштер одан да қорқынышты: Павлодар облысында — 63, Шығыс Қазақстанда — 71, Атырау облысында — 110. Яғни, бұл өңірлердегі әрбір мыңыншы сәби жетім қалуда (100 000 тірі туған балаға санағанда — авт.)!

Ғалымжан Елеуов

Үкім: Шындыққа жақын

Өңірлер бойынша 100 мың тірі туылғанға шаққанда ана өлімі көрсеткіші бойынша облыс бойынша: Атырау — 110,04, Шығыс Қазақстан — 71,2, Батыс Қазақстан — 63,3, Алматы — 51,9, Қостанай — 54,2, Ақтөбе — 53,9, Қарағанды — 50,5, Ақмола — 44,4 ж. Маңғыстау — 38,8, Солтүстік Қазақстан — 49,5, Жамбыл — 27,8, Павлодар — 26,1, Түркістан облысында — 23,06; Астана — 14,9, Алматы — 53,8, Шымкент қаласында — 44,9.

Ағымдағы жылы (COVID-19 жағдайы тұрақтанған кезде) өсу жалғасуда. Бұл көрсеткіш екі есеге өскенін Павлодар және Қызылорда облыстары көрсетіп отыр.

Ғалымжан Елеуов

Үкім: Дәлелденбеген

Биылғы жылдың статистикасы ашық деректерде әзір жариялағанбағандықтан, депутат мәлімдемесін үкімсіз қалдырдық. Дегенмен, төменде ана өлімі туралы толығырақ оқи аласыз.

Контекст

Дүние жүзінің 118 елін зерттеген UNICEF дерегіне сай, COVID-19 вирусын жұқтырған жүкті әйелдерде ана өлімі көрсеткіші 8,3%-тен 38,6%-ке (12 200 және 56 700 жағдай) арту ықтималдығы анықталған.

Экс-министр Алексей Цойдың депутаттық сауалға берген жауабына сәйкес, 2020 жылы республикадағы ана өлімінің көрсеткіші 100 мың тірі туғандарға шаққанда 36,5-ті құрады, бұл 2019 жылмен салыстырғанда 2,6 есе өскен. Ал коронавирус инфекциясынан болатын өлім-жітімді есептемегенде 100 000 тірі туғандарға шаққанда ана өлімі көрсеткіші 15,9 құраған.

2020 жылғы пандемия кезінде елімізде COVID-19 және пневмонияны жұқтырған 10 259 жүкті әйел тіркелген және бұл барлық тіркелген жағдайдың 5%-ін құраған. Оның ішінде әйелдердің 29%-інің жағдайы өте ауыр болған (2971), 99,2%-і сауыққан (9852), 0,8%-і қайтыс болған.

Цой пандемия жағдайында ана өлімі көрсеткішінің өсу себебі ретінде осы факторларды келтірген: карантиндік шаралар мен оның салдары; әйел денсаулығының төмен индексі; жүкті әйелдерде қатар жүретін ауыр патологиялардың болуы; “жауапкершіліктің болмауы”; аймақтарда білікті кадрлардың тапшылығы, білікті медицина қызметкерлерінің жыл сайын азаюы және олардың жеке медицинаны таңдауы.

Денсаулық сақтау министрлігінің даму жоспарын орындау туралы 2021 жылғы есебіне сай, пандемия кезінде жүкті және босанған әйелдер арасында COVID-19 кең тарауы (ана өлімінің 60%-і шілде-қазан айларында тіркелген), екпеден бас тарту, аурудың ауыр салдары, азаматтардың жауапкершілігінің жеткіліксіз деңгейі секілді факторлардан ана өлімі көрсеткішін төмендету қиынға соғып, салдарынан көрсеткіштің мақсатты мәні орындалмаған.

Factcheck Academy 2021 түлегі.

Factcheck.kz