Қазақстан көмірді көп өндіретін 10 елдің қатарында ма?

24 қарашада мәжілістің жалпы отырысында депутат Ерлан Саиров Қазақстанда көмір жетіспеушілігі жайлы сөз қозғады. Сонымен қатар, ол Қазақстанның көмір өндіру бойынша әлемнің үздік 10 ел қатарына енетінін айтты. Factcheck.kz депутат мәлімдемесі қаншалықты рас екенін тексеріп көрді.

… Осындай жағдай [көмір тапшылығы – ред.] көмір өндіру бойынша әлемнің 10 елінің қатарына кіретін мемлекетте болып отыр.

Ерлан Саиров

Үкім: Шындық

Расымен Enerdata.net (Enerdata — энергетика саласы бойынша зерттеу жасайтын және консалтинг компаниясы) дерегінше, Қазақстан 2020 жылы көмір өндіру бойынша 9-орында тұр. Ал алғашқы үштікте Қытай, Үндістан және Индонезия бар.

Қазақстан көмірді көп өндіретін 10 елдің қатарында ма?
Инфографика: enerdata.net

Бұған қоса, Theglobaleconomy.com (АҚШ-тың энергетикалық ақпарат басқармасының дерегіне сүйеніп) дерегінше, 2019 жылы Қазақстан көп көмір өндіретін елдердің арасында 10-орында болған. Бұл жылы 115 миллионнан астам көмір өндірілген.

Қазақстан көмірді көп өндіретін 10 елдің қатарында ма?
Инфографика: Theglobaleconomy.com

Сонымен қатар, Statista сайтының былтыр жариялаған (2018 жылғы дерекке негізделген) мәліметінше, Қазақстан әлемдегі ең көп көмір өндіретін 10 елдің қатарына кіреді. 2018 жылғы дерекке негізделген рейтиңде Қазақстанның 111,9 млн көмір өндіргені жазылған. Мұнда Қазақстан Оңтүстік Африкадан соң 8-орында. Алғашқы үштікте Қытай, Үндістан және АҚШ орналасқан.

Қазақстан көмірді көп өндіретін 10 елдің қатарында ма?
Инфографика: Statista.com

Депутат неге бұл тақырыпты көтерді?

Депутат Ерлан Саиров өзінің сауалында өңірлерде көмір жетістпеушілігі шиелескені жайлы өтініш түскенін айтты. Расымен елде бұқаралық ақпарат құралдары көмір сатып ала алмай жатқан халық жайлы жиі хабарлап жатыр.

23 қарашада Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұловтың айтуынша, Қазақстанла көмір жетіспеушілігі жоқ, тапшылық қолдан жасалып отыр. Бұған қоса, министрлік, көмір бағасының өсуіне “алыпсатарлар” әсер еткенін хабарлады.

Контекст

  • Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәліметінше, Қазақстанның көмір өндіруші компаниялары былтыр 109,2 млн. тонна көмір өндірді.
  • Оның арасында энергия өндіруші кәсіпорындарға 58,8 млн тонна, өнеркәсіп кәсіпорындарына 5,6 млн тонна, коммуналдық-тұрмыстық қажеттіліктерге және халыққа 10,6 млн тонна көмір тиелді. Ал экспортқа шамамен 29,3 млн тонна көмір жіберілді.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz